Медицина • 13 Шілде, 2018

Туризм: Айдынды Алакөлге ағылған адам көп

1436 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Бурабайға сапары барысында еліміздегі ең тартымды туристік аймақтардың ондығына Алакөлді де қосты. «Біз енді-енді іске кірістік. Алакөлге автокөлік жолы, темір жол барады және адамдар келуі үшін Үшаралда әуежайды дамыту керек. Алакөл теңізі, мен оны осылай атаймын, жағажайдағы шомылу режімі жылына 95 күн жұмыс істейді. Қандай курорт шомылу маусымында сонша жұмыс істейтінін атаңыздаршы, тіпті Түркияда сонша жұмыс істемейді», деді Елбасы. Сондай-ақ ел Президенті биыл Алматы облысына сапары барысында да Алакөл жағалауында болып, ішкі туризмді ілгерілету керектігін атап өткен еді.

Туризм: Айдынды Алакөлге ағылған адам көп

Міне, Елбасы ерекше ек­пін бе­ріп отырған Алакөлге соң­ғы жыл­дары келушілер қата­ры кө­­бейді. Өйткені осыдан бірнеше жыл бұрынғы жаға­жай мен инфра­құрылым қазір­гімен салыстыруға келмейді. Бұл алыс та болса ауасы да, суы да дәру Алакөлдің турис­тік тар­тымдылығын арттыра түсті. Әсіресе Шығыс Қазақ­стан облысы жағалауына келуші­лер үшін кешенді жұмыс атқары­луда.

Барша демалыс үйлері мен туристік нысандарға көрік­тен­діру мен абаттандыруға, қызмет көрсетуге, қауіпсіздік сақтауға байланысты талап күшей­тілді. Жағалауда жанға жайлы аура қалыптастыру мақ­сатын­да көріктендіру, абаттандыру жұ­мыстары жүргізілді. Аудан­­ішілік Алакөлге жеткі­зетін жол­дар жарқырай түсті. Расында Ала­көл демалыс ай­мағының жайлы­лығы жыл санап жақсарып келеді. Туристерге арналған жаңа орын­дар пайда болып, ескілері қай­та жөн­деу­ден өтуде. Мұның бар­лығы жа­ға­жайдың халықаралық талап­тарға сай жұмыс істеуі үшін жа­салып жатыр.

Кеше ғана өңір басшысы Даниал Ахметов Үржар ауданына барған жұмыс сапары аясында Алакөл жағалауындағы демалыс аймағының көріктендірілу бары­сымен танысып, тынығу­шылармен әңгімелесті.

– Алакөл жағалауын абат­тан­дыруға барлығы 4,5 миллиард тең­ге бөлінді. Бұл қаражаттың ақта­лып жатқаны қуантады. Өйт­кені Ресейден, Финляндиядан келіп жатқан туристерді көрдік, – дейді Д.Ахметов. – Биыл жолау­шылар Өскемен мен Семей қа­лаларынан Алакөлге дейін темір жол бағытымен келуге мүм­кіндік алды. Сондай-ақ Алматы, Астана, Семей мен Өскеменнен әуе бағыты да жұмыс істеп тұр. Әрине мұның бәрі әлі де жеткі­лік­сіз. Келер жылы біз түйісе­тін рейстердің проблемасын шешеміз. Яғни олар жолаушыларды көбірек жеткізетін болады. Биылғы тәжірибеміз қатынас жолдарын қаншалықты ұлғайту қажеттігін көрсетеді. Бүгін тұрғындар мен туристер қосымша купелі вагондарды ашуды сұрады. Бұл өтініш орындалатын болады.

Өңір басшысы сонымен бірге ағымдағы жылы Алакөл жағалауының абат­­тандырылуы жалғаса­ты­нын, бай­қалған бірқатар кемшіліктер рет-ретімен қал­­пына келтірілетінін жет­­кізді. Ал авто­көлік жол­­­­­дарына қатысты мәсе­ле алдағы үш жылда ше­ші­мін таппақ. Қазіргі кезде көл жағасындағы Қабан­бай ауы­лы мен Жалаңашкөл темір жол стан­сасы аралығындағы жол жөнделуде.

Абаттана түскен Ала­көлді көргендегі әсер­лерімен туристер де бө­лісті. Семейлік Айбек Бал­ташбеков 1985 жылдан бері тұрақты түрде әр шомылу маусымында Ала­көлге келетінін, алғаш келіп жүрген жылдарында жағалауда тек шатырлар ғана болғанын, жайлы демалыс туралы армандаумен ғана шектелетінін, ал биыл келгенінде Алакөлді танымай қалғанын, бір жылда біршама жұмыс жасалғанына таңғалғанын жеткізді.

Жағалауда демалушылар барлық жағдайдың жақ­сы екенін, алайда қа­зіргі саны күрт көбей­ген демалушы­лар үшін жаға­жайдың тарлық етіп жат­қанын, алдағы уақытта оны соза түсу­дің қажеттігін айтуда. Бұл ретте былтыр көл жағалауында батпақты, қамысты жерлерді құрғату арқылы біршама жаңа ны­сандар, соның ішінде саябақ құрылысы салынған болатын. Демалушыларға әсіресе кешкі арбаттың аура­сы ұнайды. Арбат де­мек­ші, Алакөлдің орта­лығы осы кезде ығы-жы­ғы стихиялы сауда орын­дарынан арылып, кеңей­тіліп, қыш тақталар тө­се­ліп, туристердің кеш­құрым серуендеп, естелікке фотосуретке тү­се­тін кө­рікті орнына айналды. Мұн­да кешкі көл келбетін тамашалауға болады. Әдемі орындықтар да қойылған.

«Алакөл өте тез дамып келеді. Со­нымен бірге ба­ғасы да қалта көте­рер­ліктей, көңілден шығады. Бұрын­ғыдай емес, қызмет көрсету саласы да жолға қо­йылған. Қанша деген­мен кәсіпкерлер көп дү­ниені үйренді. Сон­дық­тан Алакөлдің жұлдызы оңынан туып келеді деуге бо­лады» дейді демалушылар.

Алакөлге бұрын Ресей Феде­рация­сынан турис­тер­ көп келетін болса,­ соң­­­ғы кездері басқа да мем­­ле­­кеттерден келуші­лер бар. Солардың бірі Фин­­лян­диядан келген­ Роза Смал­ханқызы демалу­шы­лармен кездескен об­лыс әкіміне Ас­тана мен­ Алматыдан аудан орта­лы­ғы Үржарға дейін ұшып келетін ұшақ­тарға қо­сым­ша рейстер ашу­ды ұсын­ды. Оның ай­туын­ша, фин­дер шомылу маусымы қызған кезде Астана мен Алматыға тез әрі оңай келе алады. Ал әрі қа­­рай соңғы нүктеге жету олар­ға қиындық тудырады, өйткені билет жоқ.

«Финдер Алакөлді көр­гісі, суында шомылғысы келеді. Сондықтан екі ел арасындағы туризмді дамыту мақ­сатында қосымша әуе тасымалын ашқан абзал болар еді. Бірінші кезекте финдерді мұнда ден­саулықтарын түзетуге болатыны қызықтырса, екінші кезекте олар елі­міздің жер­гілікті флора мен фаунасынан да жан рахатын табады. Өйткені онда ертегідей ерекше әдемі таулар мен көлдер жоқ», дейді Роза Смалханқызы.

Естеріңізге сала ке­тейік, Алакөл жағала­уын бет­ке алған жолаушылар үшін Жалаңашкөл стансасына дейінгі жолаушылар пойызы кестесіне Семей стансасынан қала маңына жаңадан қатынайтын пойыз қосылды.

Думан АНАШ,

«Егемен Қазақстан»