Саясат • 13 Шілде, 2018

Түрікменстанда жоғары деңгейдегі үнқатысудың бесінші отырысы өтті

193 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түрікменстан астанасында Еуропалық одақ және Орталық Азия елдері арасындағы саясат пен қауіпсіздік мәселелері бойынша Жоғары деңгейдегі диалогтің бесінші отырысы өтті. 

Түрікменстанда жоғары деңгейдегі үнқатысудың бесінші отырысы өтті

Іс-шараға Сыртқы істер министрлігі, Ұлт­тық қауіпсіздік комитеті және Ішкі істер министрлігі өкілдерінен құралған еліміз­дің делегациясын Сыртқы істер минис­трінің орынбасары Роман Василенко бас­тап барды. Сондай-ақ бұл жиынға Түрік­менстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбек­стан және Ауғанстаннан келген сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары мен сарапшылары қатысты.

Ал еуропалық тараптан Еуропалық сырт­қы іс-қимылдар қызметінің Бас хатшы­сының орынбасары Жан-Кристоф Бейяр, Еуропалық одақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Питер Буриан болды.

Диалог аясында Еуропалық одақтың Орталық Азия бойынша жаңа стратегиясын және Азия елдерімен экономикалық жұптасуы жөніндегі жаңа стратегиясын әзірлеу, қоршаған ортаны қорғау, су ресурстарын үнемді пайдалану, сондай-ақ Ауғанстанның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін қайта қалпына келтіру бойынша бірлескен тәсілдер іздеу секілді өңіраралық ынтымақтастық мәселелері қаралды.

Р. Василенко кездесу кезінде сөйлеген сөзінде білім беру, терроризм мен ради­кализмге қарсы күрес, шекараны нығай­ту, есірткінің заңсыз айналымына қар­сы тұру, сондай-ақ Ауғанстандағы жағ­дайды тұрақтандыру салаларындағы түрлі бағдарламаларды іске асыру ар­қы­лы аймақтың жан-жақты дамуына бағыт­талған Орталық Азия мен Еуропалық одақ арасындағы қалыптасқан сындарлы өңіраралық ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өтті.

Р.Василенко өз сөзінде «Қазақстан ке­ле­шек стратегияның аймақ елдерінің Еуро­палық одақпен стратегиялық әрекет­тестігінің жаңа бастауына айналатынына сенімді», деп мәлімдеді. Осы орайда Еуропалық одақпен болашақ ынтымақ­тастық бағдарламаларын тиімді жүзеге асы­руға бағытталған қазақстандық бірқатар бас­тамалар атап өтілді. Соның ішінде бизнес және әлеуметтік жобаларды ілгерілетуге арналған ынтымақтастықтың түрлі плат­формаларын «виртуалдық институттан­дыруға» мүмкіндік беретін бірыңғай көп­функционалды онлайн порталын іске қосу ұсынылды.

Басқосу аясында бірқатар делегациялар Астанада 15 наурызда өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кон­суль­тативтік бірін­ші жұмыс кездесуін ерек­ше атап өтті. Қатысушылар Өзбекстан пре­зи­денті Шавкат Мирзиёев ұсынған жә­не Қа­зақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев­тың бастамасымен ұйымдастырылған Ас­танада өткен кездесу өңірлік ынтымақтастық үдерісінің дамуына маңызды ықпал жасады деген ортақ пікірге келді.

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»