Футбол • 13 Шілде, 2018

«Астана» Еурокубокты жеңіспен бастады

287 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Футболдан Еурокубок ойындары араға жыл салып Қазақстанға қайта оралды. Биыл әдеттегідей «Астана» командасы Чемпиондар лигасында бақ сынаса, Алматының «Қайрат», Қостанайдың «Тобыл» және Павлодардың «Ертіс» клубы Еуропа лигасында доп тебеді. Әзірше Еуромаусым қазақстандық командалар үшін сәтті басталды. «Тобыл» алғаш сырт алаңда Грузияның «Самтредиа» командасын 1:0 есебімен жеңсе, «Астана» дәл осындай есеппен өз алаңында Черногорияның «Сутьеска» командасынан басым түсті.

«Астана» Еурокубокты жеңіспен бастады

Еурокубок ойындарының 2017/2018 жылғы маусымында Еуропаны дүр сілкіндіріп, Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне жолдама алған «Астана» командасында биыл бірқатар өзгерістер болды. Команданы төрт жыл басқарып, бір рет Чемпиондар лигасының, екі рет Еуропа лигасының топтық кезеңіне шығарған болгариялық маман Станимир Стоилов жыл басында «Астанамен» ара­дағы келісімшартын бір жыл­ға созғанымен, наурыз айы­ның басында Қазақстан ұлт­тық құрамасының бас жаттық­тырушысы атанды.

Оның орнына көмекшісі Григорий Бабаян команданың бас бапкерлігіне тағайындалып, маусымды сәтті бастаған еді. Тіпті Қазақстан су­перкубогінде Алматының «Қай­рат» командасын 3:0 есебімен жеңген-ді. Алайда бірінші мау­сым күні «Астана» клубының президенті Саян Хамитжанов украиналық Роман Григорчукті клубтың жаңа бапкері ретінде таныстырды. 53 жастағы маман бұған дейін Латвия, Украина және Әзербайжан командаларында жұмыс істеп, Еурокубок ойындарында мол тәжірибе жинаған жаттықтырушылардың бірі. Мәселен, Украинаның «Черноморец» командасын клуб тарихында алғаш рет Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне, әзербайжандық «Габала» клубын төрт жылдың ішінде екі рет Еуропа лигасының топтық ке­зеңіне шығарған.

Сондай-ақ «Астана» командасы Еуромаусым алдында құрамын әзірше екі легионермен күшейтті. Әзірше деуіміздің себебі, Қазақстанда трансфер маусымы енді ғана ашылғанын ескерсек, әлі бірнеше ойыншыны сатып алуға мүмкіндіктері бар. «Астананың» алғашқы транс­фері Ресейде өтіп жатқан әлем чемпионатына қатысқан Сербия құрамасы мен испаниялық «Ви­льяр­реал» командасының қорғаушысы Антонио Рукавина болды. Сербиялық футболшы «Астанаға» еркін агент ретінде тегін келді. Сондай-ақ шыққан тегі бразилиялық, азаматтығы әзер­байжандық футболшы Ри­чард Алмейдаға да қаржы шы­ғын­далған жоқ. Ал «Астана» сапын­да бірнеше жыл доп тепкен бе­лоруссиялық қорғаушы Игор Шитовтың командамен келісім­шарты аяқталып, өз еліне қайта оралды.

Чемпиондар лигасының бірін­­ші іріктеу кезеңі аясын­дағы «Астана Арена» стадио­нында өткен «Астана» – «Су­тьес­ка» матчына тоқтал­сақ. Ойын алдындағы бас­пасөз мәслихатына қатыс­қан коман­даның бас жаттық­ты­рушысы Роман Григорчук те, жартылай қорғаушы Иван Маевский де «Сутьескаға» қарсы өтетін матч қиынға соғатынын, Балтық жағалауының командалары ешкім күтпеген ойын өткізетінін айтқан болатын. Екеуінің де күдігі бекер емес екен. Кешегі ойында соған көз жеткіздік. Бүкіл команда болып қорғанған «Сутьеска» «Астана» ойыншыларын тырп кеткізбей, өз айып алаңдарына еш жолатпады. «Астана» сапында қарсыластың қорғанысын бұзып-жаратын, шабуылды соңына дейін жеткізіп, нәтижелі аяқтай алатын шабуылшының орны ойсырап тұрды. Негізгі құрамда шыққан Джордже Деспотович те, екінші таймда ойынға тыңнан қосылған Алексей Щеткин де ештеңе істей алған жоқ. Тек ойынның 29-минутында Роман Муртазаевтың пенальтиден соққан жалғыз голы «Астанаға» жеңіс сыйлады. Матч барысында гол соғатын бірнеше мүмкіндік болғанымен, оны футболшылар дұрыс пайдалана алмады. Сырт алаңда өтетін қарымта ойын алдында 1:0 есебі өте қауіпті болғанымен, Роман Григорчук келесі апта жинақы ойын көрсетіп, жеңіске жетеміз деп отыр. «Матч барысында гол соғатын бірнеше мүмкіндік болғанымен, бәрі нәтижесіз аяқталып жатты. Бүгінгі кездесуде бізге 1-2 гол жетіспеді. Егер тағы екі гол соғылған жағдайда, журналис­термен басқаша әңгімелескен болар едік. Дегенмен сіздер алаңдамасаңыздар да болады. Себебі барлығы жақсы деп сеніммен айта аламын. Біз өз ойынымызды жақсарту үшін қолдан келгеннің барлығын жасаймыз», деді ойын соңындағы баспасөз мәслихатында.

Ал «Сутьеска» бас жаттық­ты­рушысы Никола Ракоевич бұл жұптың фавориті «Астана» бол­ғанымен, келесі кезеңге өтуге мүмкіндіктері бар екенін атап өтті. «Біз «Астана» коман­да­сының бірінші нөмірмен ойнап, қыспаққа алатынын алдын ала білген едік. Себебі олар маусым басынан бастап 19 ойын өткізіп үлгергендіктен, нағыз спорттық бабында. Ал біз ойынға енді ғана кірісіп жатырмыз. Біз тек қорғану туралы ойлаған жоқпыз. Алайда, қарсылас команданың өте жақсы ойын көрсетуі, бізді соған мәжбүрледі. «Астана» әлі де бұл жұптың фавориті. Деген­мен бізге үміттенуге ешкім кедергі бола алмайды», деді ол. Екі команда арасындағы қа­рымта кездесу 18 шілде күні Чер­ногорияда өтеді.

Қазақстандық командалар арасында Еуропа лигасының іріктеу кезеңдерін бастап берген Қостанайдың «Тобыл» командасы сырт алаңда Грузия чемпионатында үшінші орын алған «Самтредиа» клубын жең­генін жоғарыда айтып өт­тік. Ойындағы жалғыз голды матчтың 95-минутында Мак­сим Федин соқты. Еуропа лига­сының жеребе тарту рәсімінен соң футбол сарапшылары бұл жұпта «Самтредиа» анық фаво­рит деп айтқан болатын. Екі ойын қорытындысы бойын­ша, Грузия командасы еш қиын­дық­сыз келесі кезеңге өтеті­нін болжаған. Дегенмен «То­был» өткен матчта жинақы ойын көрсетіп, соңғы сәтте жі­герлі команданың жеңіске жете­ті­нін футбол сарапшыларына дә­лел­деп берді. Қарымта кездесу 19 шілде күні Қостанайда өтеді.

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше