Аймақтар • 13 Шілде, 2018

Қостанайда облыстық тарихи-өлкетану музейінің биологтары ежелгі қолтырауынның қаңқасын тапты

454 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Turgay Discovery ғылыми-зерттеу жобасы бойынша ұйымдстырылған экспедиция мүшелері Таран ауданындағы Әйет өзенінің жағасынан қызық олжаға тап болды. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкерлері жыл сайын бұл өңірден палеонтологиялық қалдықтарды іздестіреді, зерттеу жұмыстарын жүргізеді.

Қостанайда облыстық тарихи-өлкетану музейінің биологтары ежелгі қолтырауынның қаңқасын тапты

ng.kz

Биыл зерттеушілер тасқа айналған теңіз моллюскалары мен динозаврларының тағы бір түрін – ежелгі телеозаврлар қаңқасын тапты. Телозаврлардың ұзындығы 3 метрден аспайды, ал олардың замандасы плезиозаврлар 20 метрге дейін барған. Олжаны экспедиция мүшесі биолог Андрей Андрющенко танып тапқан.

«Көктемде Әйет өзенінің жағалауын су шайып, жарды құлатқанда ежелгі жануарлардың тасқа айналған қаңқалары жағаға шығып қалады. Біз осындай олжаға кездестік. Негізі 200-145 миллион жылдар бұрынғы Юра кезеңіне жататын телеозаврлар қаңқасы көбіне Еуропадан, анығырақ айтқанда Франциядан табылған. Біздің тапқанымыз Бор дәуіріне (145-66 миллион жылдар бұрын) жататын тұнбаларда қалған болуы керек. Телеозавр латын тілінен аударғанда «нағыз кесіртке» дегенді білдіреді» дейді биолог Андрей Андрющенко.

Музейдің ғылыми қызметкерлері Әйет өзені жағасынан мұнан бұрын да тасқа айналған палеонтологиялық қалдықтарды тауып жүр. Бұл кесірткелер немесе қолтырауындардың ежелгі туысына бірінші рет кездесуі болып отыр.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай   ​​​​​​