Аймақтар • 13 Шілде, 2018

«7-20-25»: оралдықтар жаңа бағдарламамен пәтер ала бастады

943 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Егемен Қазақстан» газеті «7-20-25» бағдарламасының шеңберінде еліміз бойынша 63 кредит мақұлданып, Алматы, Астана, Ақтау, Өскемен және Орал қалаларында ипотекалық қарыз берілгенін хабарлаған болатын. Жаңа бағдарлама бойынша Орал қаласында баспаналы болған тұрғын несиені «Центркредит» банкінен рәсімдеген.

«7-20-25»: оралдықтар жаңа бағдарламамен пәтер ала бастады

– Бұл бағдарлама елімізде 4 шілдеден бастап жүзеге асырыла бастады. Алғашқы күннен-ақ Астана, Алматы, Ақтау, Өскемен және Орал қалаларындағы «Центркредит» банкі филиалдары арқылы бірнеше адам тұрғын үйге қол жеткізді. Біздің банкке алғашқы болып келген тұрғын аталған бағдарлама бойынша көлемі 62 шаршы метрді құрайтын, екі бөлмелі пәтерді рәсімдеді. Ол «Каз-Хол» ЖШС құрылыс компаниясы салған тұрғын үйді таңдады. Ол 20 пайызды құрайтын алғашқы жарнаны төлеп, несиені 15 жылға рәсімдеді. Ай сайынғы төлем 70 мың теңге шамасын құрады. Жалпы, бағдарлама іске қосылғалы бері қызығушылық танытқан 25 адамға бағдарлама туралы кеңес берілді. Үш тұрғын несие алуға тапсырыс берген болса, олардың екеуі бүгінде мақұлданды, – деді «Центркредит» банкі филиалының өкілі Аида Ипатова.

Орал қаласында Батыс Қазақстан облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаевтың төрағалығымен өткен жиында еліміздегі «7-20-25» бағдарламасын өңірде іске асырудың жай-күйі талқыланды.

Басқосуда ҚР Ұлттық банкінің Батыс Қазақстан облыстық филиалы директоры Қозыбақ Құлбарақов бағдарлама талаптарына тоқталып, меншігінде баспанасы және басқа да ипотекалық қарыздары жоқ Қазақстанның әрбір азаматы қатыса бұл бағдарламаға қатыса алатынын айтты. Бағдарлама қатысушысының кәсіпкерлік немесе еңбек қызметінен тұрақты расталған кірісі болуға тиіс. Қазіргі таңда «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бастамасын іске асыру шеңберінде «7-20-25» жаңа ипотекалық бағдарламасының операторы болып табылатын «Баспана» арнайы ұйымы «Центр кредит» банкімен, «Халық», «Еуразия», «Цесна», «АТФ», «РБК» банктерімен және «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен» келісімге қол қойған. Енді «Сбербанк» пен «Форте банк» те бағдарламаға қызығушылық танытып, техникалық жұмыстарды аяқталған соң «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы жөніндегі келісімге қол қоюға дайын көрінеді.

«7-20-25» ипотекалық бағдарламасы бойынша пәтер алу үшін мынадай құжаттар керек: еңбек немесе кәсіпкерлік қызметтен кірісі бар екенін растайтын құжат, ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша өтелмеген берешегі жоқтығын дәлелдейтін анықтама, тұрғын үйі жоқтығы туралы анықтама, сатып алатын тұрғын үй құжаттары және тәуелсіз бағалаушының бағасы ұсынылуы тиіс.

– Аталған бағдарламаны іске асыру мақсатында ҚР Ұлттық банкі БҚО филиалы шілде айының басынан бері екінші деңгейдегі банк филиалдары өкілдерімен мәжіліс өткізді. Облыс тұрғындарына жаңа бағдарлама жөнінде ақпарат беру мақсатында жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына ақпарат таратылып, түрлі мекемелерде лекциялар оқылып, түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Халықты ақпаратпен қамту көлемін кеңейту үшін Ұлттық банк филиалы тарапынан бағдарлама туралы мәліметтерді облыстық ішкі саясат басқармасының жергілікті телеарна, радио және баспа құралдарына орналастыруды мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыруын сұраймыз, – дейді Қозыбақ Әбуұлы.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан

Суретті түсірген Айбатыр НҰРАШ