Әлем • 14 Шілде, 2018

Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне климаттың өзгеруі мәселелеріне қатысты өз көзқарасын ұсынды

445 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Климаттың өзгеруі жоқшылыққа және азық-түлік қауіпсіздігінің болмауына, заңсыз көші-қонға, әлеуметтік тұрақсыздыққа және қиян-кескі қақтығыстарға әкелуі мүмкін «қауіп-қатердің мультипликаторы» болып табылады. Бұл туралы Қазақстанның Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев 11 шілдеде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде «климаттың өзгеруімен байланысты қауіпсіздіктің тәуекелдері» тақырыбында өткен ашық пікірталастың барысында мәлімдеді.

Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне климаттың өзгеруі мәселелеріне қатысты өз көзқарасын ұсынды

Сыртқы істер министрінің орынбасары өз сөзінде климаттың өзгеру проблемасы бүкіл әлем үшін өзекті мәселе болып табылатынын және маңызды экономикалық, әлеуметтік және экологиялық салдарды қамтитынын атап өтті. Қазақстан жаһандық қауіпсіздік үшін әлемдік қауымдастықпен бірігуге дайын.

«Қазақстанның және бүкіл Орталық Азия өңірінің Арал теңізінің құрғауымен байланысты басынан өткізген традегиялық тәжірибесі бар. Бұл экологиялық апат жергілікті тұрғындарға және 60 миллионнан астам адамды қамтыған барлық шекаралас мемлекеттердегі қоршаған ортаға қауіп төндірді», - деді Е. Ашықбаев. Ол Арал теңізі проблемасын шешу үшін қабылданып жатқан шаралар, оның ішінде Халықаралық Аралды құтқару қорының аясында қабылданып жатқан шаралар мен осы жұмыстың оң нәтижелері туралы әңгімеледі.

Климаттың өзгеруіне қарсы күрес ел үкіметінің басым міндеттерінің бірі екенін атай отырып, Е.Ашықбаев Қазақстанның 2050 жылға қарай зиянды қалдықтардың көлемін қысқарту бойынша жасап жатқан қадамдарына және жаңартылатын энергия көздеріне толыққанды көшу жоспарларына баса назар аударды. Бұл үдерісте Астана қаласында құрылған Халықаралық «жасыл» технологиялар орталығының маңызы ерекше зор.

Швецияның Сыртқы істер министрі Маргот Валльстрёмнің төрағалығымен өткен іс-шараға Науру Республикасының Президенті Барон Вака, БҰҰ Бас Хатшысының бірінші орынбасары Амина Мохаммед, Ирак Су ресурстары жөніндегі министрі Хасан Джанаби және басқалар қатысты.

Сонымен қатар, Нью-Йоркте Е. Ашықбаев «Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге Трансшекаралық су ынтымақтастығының қосқан үлесі» форумында сөз сөйледі. Ол Қазақстанның көрші елдермен, оның ішінде Орталық Азия мемлекеттерімен, Ресей және Қытаймен трансшекаралық өзендерді пайдалану мәселесі бойынша өзара іс-қимыл тәжірибесімен бөлісті, сондай-ақ осы мәселеде халықаралық су құқықтарын жан-жақты зерделеуге және оны қолдануға қолдау білдірді.

Сонымен бірге, Қазақстанның СІМ орынбасары ағымдағы жылдың 10-12 қазанында әлемнің барлық елдерінен 400-ден астам үкіметтің, халықаралық үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен су проблемасы жөніндегі сарапшылардың қатысуымен өтетін БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының Су конвенциясына қатысушы тараптардың кездесуіне Астана үлкен мән беретінін мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше