Әлем • 14 Шілде, 2018

Казунори Намура: «Ваби-саби» әдісі - шынайылықтың шыңы

527 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жақында Назарбаев университетінің аумағында жапон елінің сәулеті негізінде салынған шығыс мәдени орталығы ашылды. Нысан кең зал мен жапондық тас бағының үлгісінде жасалған бақтан тұрады. Осы орайда Астанадағы жапон бағын салған Нара префектурасының Кашихара қаласынан келген танымал бағбаны Казунори Намурамен сұхбаттасқан едік. Сонымен қатар Кашихара қаласында 2020 жылы Токио қаласында болатын Олимпиадалық ойындар кезінде Қазақстан спортшыларын қабылдайтын «Host Town» орналасқан.

Казунори Намура: «Ваби-саби» әдісі - шынайылықтың шыңы

- Астанаға келудегі басты мақсатыңызбен бөліссеңіз?

- Назарбаев университетінде Жапонияның мәдениет орталығымен қатар, жапон бағы «枯山水(karesansui - құрғақ ландшафт)» да ашылды. Біз осы бақты жапон халқының мәдениеті мен бағының стилін сақтай отырып салып шықтық.

- «Host Town» жобасы туралы қысқаша айтып өтсеңіз?

- «Host Town» жобасы 2020 жылы Токиода болатын Олимпиадалық және Параолимпиадалық ойындарға байланысты жүзеге асырылатын жоба. Бұл жобаның басты мақсаты – осы ойындарға қатысушы елдерді Жапонияның өңірлерімен адами, экономикалық және мәдени салаларда байланыстыру. 2017 жылдың қараша айында 2020 жылы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасын қабылдау үшін Кашихара қаласы тіркелді. Бұл қаланың таңдалуы да тегін емес. Тарихи кезеңдерде Қазақстан Жібек жолының орталығында орналасқан қала болса, осы бағыттың соңғы нүктесі Кашихара қаласы болған. Сондықтан Қазақстан мен Кашихара арасындағы тарихи байланыс бар десек қателеспейміз.

- Назарбаев университетінде салынған жапон бағы туралы айтсаңыз?

- Жапон елінің символына айналған мәдени нысан Назарбаев университеті ғимаратының жанында салынды. Қасында жапон бағы тағы бар. Жапонияда тас бағы терең философиялық мәні бар ұлттық құндылық саналады. Жапондықтардың түсінігінде, тастың өзіне тән қасиетті күші бар. Тас бағы - беріктік пен тұрақтылықтың нышаны. Мәселен, бұл бақта 15 тас қойылғанымен, адамдар тек 14-ін ғана көре алады. Өйткені бақтың қай тұсынан қарасаңыз да, он бесінші тас көрінбейді. Мұндағы философиялық мәні – адамзатты үнемі шыңдалуға, ізденуге үгіттеу. Енді университет студенттері мен қонақтары осы жерде тынығып, рухани демала алады.

- Жапон бағының басты ерекшелігіне неде?

- Жапон бақ өнері - қайталанбас құбылыс, ол мұқият жинақталған философиялық-эстетикалық құндылықтардың жиынтық көрінісі. «Нива» («бақ») сөзі «Құдайға табынуға арналған бос кеңістік» деген мағынаны білдіреді. Сондай-ақ жапон бақшасы - таулы жерлердің көшірмесі, шынайы табиғаттың әдемі имитациясы. Жапон бағы VIII-XVIII ғасырлар аралығында Жапонияда қалыптасқан, әлемдегі әсем бақтардың үлгісі. Жапон бағы ерекше пішінде безендірілген тастар, жасанды төбелер мен таулар, бұлақтар мен сарқырамалар, құм немесе қиыршық жолдармен безендіріледі. Осы кішігірім бағында жапондықтар керемет табиғатты көрсетуге тырысады.

- Жапониядағы бақша өсірудегі танымал әдістер туралы айтып өтсеңіз? Атақты «Ваби-саби» әдісіне кеңірек тоқталсаңыз?

- Жапон бақшасында жасырынып жатқан эстетикалық дүниетанымның маңызды бөлігі «ваби-саби» әдісімен жасалады. «Ваби-саби» негізінен табиғи сұлулық сөзімен астасып жатады. Онда адам баласы табиғаттың таусылмас әдемілігімен, тылсым құдіретімен таныса алады. Бұл әдіс қарапайым болып көрінгенімен, айтар ойы мен өзіндік ішкі энергиясы бар. «Ваби» қарапайымдылық, жалғыздық, сондай-ақ ішкі энергия сөзімен астасып жатса, «саби» жалғандықтан ада, шынайылық сөзін білдіреді. Бұл әдістің Еуропадағы аналогы ретінде натюрмортты қарастыруға болады. Түптеп келгенде, «ваби-саби» «шынайылықтың шыңы» десек те болады. Ал осы әдіспен жасалған жапон бақтары көбіне «күзгі бақ келбеті» мен «қоңыр мұң» атмосферасын сыйлайды. Осы әдісті кеңінен түсіндіру үшін бірнеше мысал келтірейін:

Бұл - Монa Лизаның күлкісі, бұл  - Джейн Эйрдің сыртқы келбеті, бұл - Стив Джобстың жартылай тістелген алмасы, бұл - Рубенстің картиналары, бұл - Царь-Колоколдың сынығы, бұл - Ника Самофракийскийдің мүсіні.

- Неліктен жапон бақтары асимметрия принципі бойынша жасалады? Мұның құпиясы қандай?

- Иә, жапон бағы асимметрия принципі бойынша құрылады. Мұнда дөңгелектегі гүлзарлар немесе идеалды шаршы жоқ. Асимметрия - табиғатқа жақындықтың белгісі. Жапон бақшасын ұйымдастырудағы басты ереже де: «Табиғатта бәрі табиғи болуы керек» деген сөзге саяды. Егер бақшада жасанды түрде құрылған элементтер болса, жапон бағы өзінің ерекше атмосферасы мен символизмін жоғалтады.

Ал жапон бағындағы басты элементтер қандай?

Олар - су мен тас. Су әйел күшінің белгісі - Инь, ал тастар еркек күшінің белгісі - Янь. Олардың мәңгілік өзара қарсылығы мен айырылмас біртұтастығы ежелгі дуалистік түсінік бойынша өмірдің негізгі символы. Бастысы бақшада тіршілік қуаты судың болуы міндеттеледі. Неге десеңіз, табиғат құбылыстардың ішіндегі көбірек қозғалыста болатын бұл элемент баққа өзіндік сипат пен көңіл-күй сыйлайды.Алайда нағыз судың болуы міндетті емес. Оны құм себілген алаңқайлармен алмастыруға болады. Осындай құмды алаңқай адамға тыныштық сыйлайды.

- Астана бақтары туралы не айтасыз?

- Уақыттың тығыздығына байланысты әлі Астананың бақтарын аралау мүмкін болған жоқ. Алайда Астана өзінің жасыл келбетімен көрген адамды таңқалдырмай қоймайды.

- Сұхбатыңызға көп рахмет!

Сұхбаттасқан Мәдина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ,

Жапон тілінен аударған Ержан Қабиев

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше