Аймақтар • 15 Шілде, 2018

Жетісуда егін жинау науқаны басталды

1207 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жетісудың жер емген диқандары алқаптардан өнім жинауға кірісті. Аймақта алғашқы болып егінге орақ салған Кербұлақ ауданының шаруалары бітік өскен бидай алқаптарынан жиналған биылғы дән қамбаны еселеп толтырады деп үміттеніп отыр.

Жетісуда егін жинау науқаны басталды

Биыл Алматы облысында 500 мың гектарға жуық алқапқа дәнді дақылдар себілген екен. Оның 84,8 мың гектары егінге орақ салған кербұлақтық диқандарға тиеслі. Егістік алқаптарына негізінен бидай мен қарабидай егілген. Алғашқы төрт күнгі жиын-теріннің түсіміне қарап жасалған болжам бойынша нәтиже жаман емес сияқты. Шаруалар өткен 4 күн ішінде 1000 гектардың бидайын шауып, жинап үлгерді.

Қазір Кербұлақтан басталған орақ науқанына облыстың Жамбыл, Іле, Қаратал аудандары мен Қапшағай қаласы да бір деммен қосылды. Бастысы, биылғы жиын-терін науқаны мерзімінен кешікпей басталды. Ендігі міндет орылған дәнді қамбаға жинап, игілікке жарату болып тұр.

Айтпақшы, өткен жылы өңірде 1 339,6 мың тонна дәнді дақыл жиналса, биыл жетісулық шаруалар бұл көрсеткішті арттырып, 1345,6 мың тонна дән бастыруды жоспарлап отыр. Бұған толық негіз бар. Өйткені, Алматы облысында пайдаланылмай жатқан алқаптарды ауыл шаруашылығы мақсатына қайта қосу бағдарламасы негізінде айтарлықтай жұмыс жүргізілуде.

Осыдан аз уақыт бұрын ирригациялық жүйелердің ескіруіне байланысты 127 мың гектар егістік алқаптың жарамсыз болып, арамшөпке тұнып жатқаны жайыл жиі сын айтылатын. Биылдан бастап осы алқаптар ретімен игеріліп жатыр. Суармалы алқаптардағы арықтар мен басқа да ирригациялық жүйелер қалпына келтірілуде. Яғни, топырағы құнарлы өңірдегі 127 мың гектар алқап айналымға қайта қосылып, өнім бере бастайды. Бұл өңір диқандары үшін де, аграрлық саланың ілгерлеуі үшін жағымды жаңалық болды. – диқандар үшін жақсы жаңалық. Ирригациялық жүйелерді жаңартуға арналған ауқымды жобаны бірінші болып Ескелді ауданы қолға алған болатын. Жоба толық аяқталғанна кейін аудандағы 4262 гектар суармалы жерден өнім алуға мүмкіндік туады. Аудандағы ирригациялық жүйелерді жаңартуға 1,5 миллиард теңге шамасында қаржы бөлінген екен.

Жалпы, 2020 жылға дейін Алматы облысының аграрлы аймағы деп саналатын Көксу, Ескелді, Ақсу және Алакөл аудандарында 35 мың гектар суармалы жер пайдалауға берілмекші. Бұл Жетісу өңірінің ауыл шаруашылығы саласындағы орынын нықтап, өнім алудағы үлесін арттырмақ. Қазір Алматы облысының ауыл шаруашылығы бойынша үлесі 17 пайызды құрайды.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы

Соңғы жаңалықтар