Қазақстан • 15 Шілде, 2018

Астанада Қазақстандық-Швейцариялық Іскерлік кеңесінің 4-ші отырысы өтті

334 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Қанат Алпысбаев Астанада өткен Қазақстандық-Швейцариялық Іскерлік кеңесінің 4-ші отырысына қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Астанада Қазақстандық-Швейцариялық Іскерлік кеңесінің 4-ші отырысы өтті

Отырысқа Швейцария экономика, білім және зерттеулер бойынша Федералдық департаментінің (Министрлік) басшысы Й.Шнайдер-Амманн,Швейцарияның Қазақстандағы және Тәжікстандағы елшісі У. Шмид, Қазақстандағы Ішкі сауда палатасы Басқармасының төрағасы А. Еренов, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен екі елдің бизнес қауымдастығы өкілдері қатысты.

Іскерлік Кеңестің қазақстандық тараптағы теңтөрағасы Қ. Алпысбаев бұл басқосудың Қазақстан мен Швейцария бизнес қауымдастығының өзара тиімді әріптестік мақсатында белсенді диалог жүргізуі үшін маңызды екенін атап өтті.

«Швейцария – Қазақстан мен ЕО-ның стратегиялық экономикалық әріптесі және тауар айналымы көлемі бойынша еуропалық елдер арасында төртінші орынды иемденеді», – деген Қ. Алпысбаев, 2005 жылдан 2017 жылға дейінгі аралықта Швейцариядан Қазақстанға тікелей құйылған жалпы инвестиция көлемі 20,6 млрд АҚШ долларын құрағанын айтып өтті. Ал осы аралықта Қазақстаннан Швейцарияға тікелей инвестиция көлемі – 823 млн АҚШ доллары.

Қ. Алпысбаев Қазақстанда экономиканың «шикізаттық емес» секторы қарқынды дамып жатқанын, цифрландыру бойынша мемлекеттік бағдарламалар сәтті жүзеге асырылып, инвесторлар үшін инфрақұрылымдық және институционалдық жағымды ахуал қалыптасып отырғанын атап өтті.

Соңғы 10 жылдықта Қазақстанның көлік-логистикалық жүйесін дамытуға 30 млрд доллардай қаржы жұмсалған. 2000 км артық жаңа теміржол телімдері салынып, жылжымалы құрам жаңғыртылған, трансшекаралық көліктік-логистикалық тораптардың өткізу қабілеті арттырылып, қазақстандық көлік дәліздерінің бойында көліктік-логистикалық орталықтар мен терминалдардың заманауи желісін қалыптастыру бойынша жұмыстар жүргізілді.

Қабылданған шаралар Қазақстанның позициясын халықаралық рейтингтерде, яғни Дүниежүзілік банк бизнесін жүргізу жеңілдігі индексінде жақсартты, онда Қазақстан әлемнің 190 елінің арасында 36-шы орынды иеленсе, логистика тиімділігі индексінде 77-ші орынға тұрақтап отыр, бұл ТМД елдері арасындағы үздік көрсеткіштің бірі болып табылады.

Қазақстан-Швейцария Іскерлік кеңесінің 4-ші отырысына қатысу барысында швейцариялық делегация Каспий теңізіндегі порттық инфрақұрылымды аралап, Ақтау және Құрық сияқты екі қазақстандық порттардың заманауи логистикалық қуаттылығымен танысты. «Қазақстан мен Швейцария арасындағы Іскерлік кеңестің уақыттылығы мен талап етілуі екі елдің бизнес қауымдастықтары арасында қызығушылықтың өсіп отырғанын айқындайды», – дей келе Қ.Алпысбаев, экономикалық өзара әрекеттесу сияқты кеңейтілген мәселе бойынша байланысты дамыту үшін талқылаулардың қажеттілігіне сенім білдірді.