Қазақстан • 16 Шілде, 2018

Сағындырған сал Біржан – ақын Сара

682 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Өткен сенбі күні Бурабай баурайындағы Абылай хан алаңында тұңғыш рет ашық аспан астында Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы құрметіне әйгілі композитор Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсы Open Air форматында қойылды. Қойылымды ұлы өнерге іңкәр көңіл көрерменмен бірге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та тамашалады.

Сағындырған сал Біржан – ақын Сара

Жиналған қауымда таңырқау мен таңдану бар. Құштар көңіл­дің ынтызарлығы да басым. Абылай хан атамыз алты Алаш­қа қырық жылдан астам билі­гін жүргізген Бурабайдың бау­райы бір сәт демін ішіне тар­тып, тына қалғандай. Абылай хан­ның арманын орындаған Елба­сын ашық алаңда ыст­ық ықыласпен қарсы алған көп­ші­лік қошеметінен соң рухани шәрбәтін шөліркей тосқан қой­ылым да басталып кетті. Көз алдымызда атақты Қоянды жәр­меңкесі. Бағзы заманның жәр­меңкесі – сауда-саттық қана емес, ұлы өнердің ошағы. Дыр­ду думан, сән мен салтанат, қарба­лас­қан қауым. Бәрі бір сәт тына қал­ды. Біржан келе жатыр, алты Алашқа аты шыққан атақты Бір­жан сал! Ел назары соған ауған. Төрт аяғын тең басқан боз жор­ға­сын тайпалтып Біржан сал қау­ма­лаған қауымның құшағына енді. Күміспен көмкерілген әсем пәу­ес­кесімен атағы жер жарған, ай нұр­лы, ару сипатты ақын Сара да жетті. Қоянды жәр­меңкесінің буырқанған бар қы­зы­ғы енді басталғандай. 

Асылында, аса көрнекті ком­по­­зитор Мұқан Төлебаевтың шы­ғар­машылық жолында осы опера маңызды орын алады. Ол – қазақ өнерінің биік шыңы. Міне, сондықтан ашық дала төсінде тұңғыш рет өткен дала операсы көрермен көңілін бірден баурап алды. Сезім күші алабұртқан, алаңдатқан, аспандатқан мол екен. Ал лиризм, музыка тілінің дәстүрлі әуені, қойылымның есіңді шығаратын динамикасы еріксіз жетелейді. Қос дарынның жеке бастарындағы трагедияны әлеуметтік-тарихи құбылыспен тартыс деңгейіне көтере білген сюжетімен сүйсіндірді. Ұлы даланың үлкен симфониялық көрінісі барлық айшықты бояумен көз алдыңа келген сәтте мол шеберліктің биік деңгейін жан дүниеңмен ұғасың. Бурабайдың би­ші қайыңдарындай ырғалған ыр­ғақ желісінің шымырлай шымыр өрлеуі көрермен көңілін өзі­не тарта түседі. Композитор Бір­жан сал музыкаларына шы­ғар­­­машылық тұрғыдан айрықша үңілген екен. 

Сахнада күн мен түннің ал­мас­­қаны тәрізді жақсылық пен жамандық, мөлдір махаббат пен пасықтық мәңгілік бітіспес ұлы майдан ашып жатты. Пенденің пешенесіне жазылған алуан түрлі мінез-құлықтың бәрі бар. Сан тарапқа соқпақ салған тағдыр шіркіннің соқталы ізі де. Сол пенделік мінезден сал Біржан мен ақын Сара ада. Өмір­дің өкпек желіне тоңса да тұла бойлары ғана емес, Жөкей­дің ай­дынындай толқып жатқан жан дүние­леріне де қылаудай кіршік жұқ­тырмақ емес. Олардың бір-біріне деген қоламтаның шоғын­дай ыстық, жоқ одан да қызулы ла­пыл­даған жан сезімін ешкім «Көк­шетаудың боқтығына» көме алмақ емес. Іңкәр көңілдер жан дүниелеріндегі таңғы шықтай мөлдіреген таза, адал сезімдері үшін күресті. Жаратқан ие сый­ла­ған толайым таланттарын тәрк етіп. 

Қос ғашықтың табысып қуанғанына, зұлымдықпен алысып күйрей құлаға­нына куә болған көрерменнің де біресе көңілдегі қуаныш лебі атойлап, енді бірде көкіректері өкініштен қарс айырылып отырды. 

– Осы бір ғажайып туындыны Бурабай баурайында көрермен назарына ұсынудың айрықша мәні бар, – деді Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, – киелі топырақта Алаштың асып туған саңлағы Біржан сал мен ақын Сара халқымен табысып, әр көкірекке асыл сезімдердің дәнін егеді. Өмірге, өнерге ынтызарлық арта түседі. Ел рухы көтеріліп, өткеннің қадірін ұғып, кемел келешектің кестеленген кеңістігіне ұмтылыс артады. 

Айтса айтқандай, Мәдениет және спорт министрлігінің осы бір тәмам елді тәнті еткен жаңашылдық реңі жалпақ жұрттың жан дүниесін шуақты нұрға бөледі. 

– Туған жердің топырағында өнер көрсету жауапкершілік жүгін еселей түседі екен, – деді тілшілермен тілдескен сәтінде Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Майра Мұхамедқызы, – көңіліміз алабұртып алаңдап, тыңғылықты дайындалдық. Алла аруағы қолдаса, діттеген жерден табыламыз деп ойлаймыз. Бұл қойылымның жөні бөлек, жолы басқа. Күні кеше сал Біржанның сұлу, сырбаз әндері қалықтап, өнері өріс жайған өлке – қасиетті Көкшеде талғампаз көрерменнің жан дүниесіне жарасымды олжа салу үшін тынбай еңбектендік.

Операның жаңа музыкалық-сахналық редакциясының авторы – қоюшы режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемировтің, қоюшы дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиновтердің орынды шешімдеріне көрермен дән разы. Басты партияларды сомда­ған­дарға да. Біржан – халықаралық конкурстардың лауреаты Мейір Байнеш, Сара – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Майра Мұхамедқызы, Жанбота – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Шыбықбаевтардың жаһұттай жарқыраған жарқын өнері Бурабай баурайындағы көрерменді тәнті етті. Тәнті еткені сол, ақ жауынның астында көдедей көп көрермен тапжылмай отырып көрді. Бурабайдың биігіне ілініп қалған, желіні жер сызған қазбауыр бұлттар да төл табиғатының тамаша перзенттерімен жолыққанына жандары иіп, қуаныштың көз жасын төгіп-төгіп жіберді. 

– Бұл бір естен кетпес күннің бірі болды. Не деген ғажап туынды, – дейді Біржан сал ауданынан келген Сапар Бейсеков ақсақал, – ел ішіндегі аңыз-әңгімеде, көркем әдебиетте, кестеленген бейне, өзгеше өріс жаятын. Бүгінгі туынды мәңгілік бейнеге жаңаша мазмұн үстемелеген, өзгеше өң берген дүние екен.

Сахнадағы қойылымның маз­мұ­ны­мен, мәнімен көрермен көңілі тазарса, ақ жауынның әсерінен Бурабай баурайындағы тіршіліктің дидары жуылды. Сөйтіп тебіренген дархан дала да, төл өнердің төресіне сүйсінген тәмам ел де рухани жаңғырып, жасарып, жайнап қалды. Түн жарымын еңсеріп тараған жұрт қайран Біржан, қайран Сара деп, көздері жасқа шыланып, көкіректерін мөлдір мұң тербеп қайтты. Бірақ дәтке қуаты сол асылдардың мәңгі өлмес ұлы мұрасы мәңгілік елмен бірге жараспақ. Өнердің де, өнер иесінің де өміршең болатындығы осы ғой, шіркін!

Байқал БАЙӘДІЛ,
«Егемен Қазақстан» 

Ақмола облысы

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше