Қазақстан • 16 Шілде, 2018

Төртінші мегаполистің жай-күйі Ақтөбеде талқыланды

284 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев өткен жұмада Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен барып, Президенттің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік», «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» жолдауларының, Бес әлеуметтік бастамасының, сондай-ақ мемлекеттік және салалық бағдарламалардың өңірде іске асырылу барысымен танысты. Сондай-ақ Қазақстанның Үшінші жаңғыруын жобалық басқару мәселелері бойынша өңір активімен және бизнес өкілдерімен кездесу өткізді.

Төртінші мегаполистің жай-күйі Ақтөбеде талқыланды

Кездесу барысында өңір экономикасын жаңғырту мәселелері қаралды, сондай-ақ облыс активінің жаңа жаһандық шынайылық жағдайында экономиканың сапалы әрі тұрақты өсуін қамтамасыз ету үшін қажетті жағдайларды жасау жұ­мыс­та­ры талқыланды. Атап айтқанда  ин­вес­тициялар тарту, экономиканың негіз­гі салаларын, жаппай кәсіпкерлікті дамыту, технологиялық қайта жарақтандыру және Индустрия 4.0 элементтерін енгізу, цифрландыру, кадрларды даярлау және жаңа жұмыс орындарын құру, сондай-ақ экономиканы одан әрі әртараптандыру тәрізді салалар қаралды.

Кеңесті аша отырып, Премьер-Министр Б.Сағынтаев әлемнің дамыған озық 30 елінің қатарына қосылу үшін Қазақстан жыл сайынғы экономикалық өсімді 5-6% деңгейінде қамтамасыз етуі тиіс екенін атап өтті.

«Бүгінде алты айдың қорытындысы бойынша ел экономикасы 4,1% өсті. 2017 жыл 4% экономика өсімімен аяқталды. Бұл жағдайда жарты жылды 5,1% экономикалық өсіммен аяқтап отырған Ақтөбе облысының үлесі елеулі», деді Премьер-Министр облыс әкімдігінің мәліметтеріне сәйкес жыл соңына дейін көрсеткіштер 5%-тен төмен болмайтынын айта отырып.

Б.Сағынтаев атап өткендей, аталған бағытта жұмысты жалғастыру үшін Үкімет өз тарапынан барлық қажетті шараларды жүзеге асыруда. Жобалық басқару ісі инвесторлардың тиімді де оңтайлы ұсыныс-пікірлерімен ұштас­ты­рылса, көздеген мақсатқа жету біршама жа­қындай түседі. Әрі бұл – әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына тезірек теңелудің басты бір тұтқасы деп атап көрсетті Үкімет басшысы.

Елімізде жобалық басқаруды жүзеге асыруды талқылауға арналған Үкімет мәжілісі үшін неліктен Ақтөбе облысы таңдалған? Өйткені өңірде бүгінде өз жұмысын бастап кеткен жобалық кеңсенің қызметінде өзге аймақтар да тағылым мен тәжірибе аларлықтай тұстар бар. Бұл жөнінде мәжіліске қатысушыларға Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев баяндап берді. Облыста экономикалық өсім биылғы жарты жылдықта республикалық орташа көрсеткіштен асып түсіп, бес пайыздық өсімді құрады. Мұнда 12 бағыт бо-
йынша белгіленген басты индикаторлар жобалық басқарудың тиімділігін одан әрі көтеруге және экономиканың даму қарқынын бірқалыпты, тұрақты түрде ұстауға септігін тигізуде. Сондай-ақ табыстың қосымша көздерін іздестіру жөніндегі іс-шаралар кешені де оң нәтижелер беріп келеді.

Аймақта жобалық басқару жүйесін одан әрі тереңдету үшін қосымша шаралар алынған. Бұл бірінші кезекте жұмыссыздық деңгейін азайту мен еңбек өнімділігін көтеру мақсатын көздейді. Мәжілісте салалық министрлік өкілі тарапынан айтылғандай, облыста еңбек етуге қабілетті 43 5 мың жұмыс күші тіркелген. Оның 415 мыңы тиісті қызметтер мен жұмыс орындарына тартылған. Яғни есептеулер мен талдаулар тек 20 мың адамның ғана өндірістен тыс қалғанын көрсетеді. Салыстырмалы түрде алғанда мұның өзі республика өңірлері арасындағы төменгі көрсеткіш, яғни оң тұрғыдағы жоғарғы көрсеткіш болып табылады.

Өңірде өндірістік кәсіпорындарды жаңғыртуға арналған жобалар да мәжіліс кезінде Үкімет басшысы тарапынан қолдау тапты. Мұндағы түпкі мақсат – бұған 500 миллиард теңге қаражат бөлу болмақ. Биыл бұл іске 55 миллиард теңге қаражат тартылған. Соған сәйкес 35 кәсіпорынды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Негізінен республикамыздағы кез келген өңір басшысы қызметінің рейтингісі өңірге тартылған инвестиция мөлшеріне байланысты болатынын ескерсек, бұл ретте Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың жүзі жарқын дей аламыз. Айталық өткен жылы өңір экономикасына тартылған шетелдік және ішкі инвестицияның мөлшері 480 миллиард теңгені құраған болса, биыл оның көлемі 510 миллиардтан кем болмайды деп күтілуде.

Үкіметтің көшпелі мәжілісі үстінде Ақтөбе агломерациясын одан әрі дамыту мәселесі де жан-жақты талқыланды. Қазіргі кезде бұл іс 8 бағыт бойынша жүр­гізілуде. Соның ішінде Ақтөбеде ин­дус­триялық аймақтың құрылғаны агло­мерацияның өндірістік базасын дамытуға айтарлықтай әсер еткен. Аймақта оңтайлы туристік-ло­гис­тикалық орталықтың болуы және ме­ди­циналық кластердің құрылуы агло­ме­рацияның қалыптасу үдерісін тездете алады.

Мәжіліс үстінде Ақтөбенің еліміздегі төртінші мегаполис ретінде таңдалып отырғаны бірнеше дүркін аталып өтті. Қаланың бұрынғы жай-күйі мен бүгінгі және келешектегі даму бағдары Үкімет басшысы Б.Сағынтаевтың төрағалығымен өткізілген мәжілістің басты арқауына айналуы – бұл мәселеге айрықша назар аударылып отырғанын көрсетеді.

Жиын барысында өңірде кейбір салаларға қатысты күрделі мәселелер бар екені де айтылды. Атап айтқанда өңірдегі білім беру жүйесіне инвестиция тарту мәселесінде кемшін түсіп жатқан тұстар жоқ емес. Білім саласында мемлекет-жекеменшік әріптестігін қолданысқа енгізу деңгейінің төмен екендігі де белгілі болып отыр. Сондай-ақ
денсаулық сақтау мен туризм салаларында да түбегейлі түрде қолға алатын мәселелер бар. Мұның алғашқысы өкпе ауруларын емдеу диспансері құрылысын аяқтауға және жоғары медициналық оқу орындарын бітірген жас мамандарға көрсетілетін әлеуметтік қолдау деңгейін көтеруге қатысты айтылса, екіншісі өңірде туристік-ақпараттық орталықты құру ісі кешеуілдеп жатқаны жөнінде және облыста туризм саласын дамытуға тек екі қызметкер тартылғанына қатысты қозғалды.

Мәжіліс үстінде Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев тарапынан Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың назарына бірнеше ұсыныс-пікірлер айтылды. Оның біріншісі облыста төртінші мұнай өңдеу зауытын салу мәселесіне қатысты қозғалса, екіншісі елу жылдан астам уақыт бойы газ тасымалдаумен айналысып келе жатқан Бұқара – Орал магис-
тралды газ айдау құбырының мүмкіндігі мен әлеуеті шектеліп бара жатқанына байланысты болды. Ал үшіншісі алтын өндіретін тау-кен байыту өндірістік комбинатына қосымша қаражат қарастыру тұрғысынан көрініс тапты. Премьер-Министр алғашқы мәселенің жауабы  алдағы күзде белгілі болатынын жет­кіз­ді. Екінші мәселеге қатысты сала­лық мем­лекеттік құрылымдар тиісті талдау-са­рап­тау жұмыстарын жүргізуді қолға алмақ. Ал алтын өндірісіне қатысты мә­се­леге орай қаражатты өңірдің өз ішінен қарастыру қажет.

Мәжіліс соңында Бақытжан Сағын­таев тұтастай республикада және өңір­лерде цифрландыру деңгейін одан әрі тереңдету қажеттігі туралы ой түйді. Яғни Үкімет басшысының тұжырым­дауынша цифрландыру тек өндіріс саласын ғана емес, сонымен бірге экономика мен әлеуметтік ортаның барлық салаларын қамтуға тиіс. Сондай-ақ сапалы өнім өндіру арқылы бәсекелестікке төтеп берудің де орны айрықша. «Мемлекеттік қолдау сапалы экспорттық өнімдер шығаруды игерген тауар өндірушілерге ғана жасалады» деп атап көрсетті Үкімет басшысы.

Ақтөбе облысына сапары кезінде Б.Сағынтаев өндіріс, мәдениет, спорт және денсаулық сақтау саласында жаңадан пайдалануға берілген нысандармен танысты.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ