Медицина • 16 Шілде, 2018

Жұмыссыз жастарға жол көрсететін жоба

918 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ресми дерек көздері бо­йынша оңтүстік шаһардың халқы 1 миллион 870 мың адамнан тұрады. Алматыға 280 мыңға тарта студенттен бөлек, жылына 30 мыңдай жас жұмыс іздеп келеді. Оның 80 пайызы ауыл жас­тары. Қала тіршілігі қатал. Олар жұмыс істегісі келеді, бірақ қайдан табарын білмейді. Олар өз құқығын қорғағысы келеді, бірақ жүзеге асырудың жолдарынан бейхабар. Үйлі болғысы келеді, бірақ оның жүйесін білмейді. Кәсіп ашқысы келеді, бірақ оның тетігін ұстай алмайды. Оларға осы сұрақтың жауабын тауып, дұрыс бағыт-бағдар беріп жүрген ұйымдар қоғамда жоқ емес, бар. Жоғарыдағы сауалдың жауабын бұл жолы Алматыдағы «Жастар үні» жастар қоғамдық бірлестігінен іздедік. 

Жұмыссыз жастарға жол көрсететін жоба

Қоғамдық бірлестік төр­а­ғасы Дәурен Бабамұратовтың айтуынша, 2017 жылы ұйым «Бағдаршам» орталығының жұмысын жемісті жүзеге асырды. Мұнда ағылшын тілі мен ті­гін курсы, дизайнерлік өнер тегін оқытылды. Әрі танымал тұл­ғалармен кездесулер өтіп, ше­берлік дәрістері ұдайы ұйым­дас­тырылды. Осылайша жастардың қо­лы босаған сәтте алатын бағ­дары «Бағдаршам» болды.

Бұл мәселемен айна­лыс­пасақ, жастар қоғамнан шеттей береді. Бұл адамның пси­хи­касын өзгертіп, бағыт-бағдары мен ұстаным­дарына, өзін-өзі айқындауы мен өмір салтына қатты ық­пал ететін қатерлі құбы­лыс. Әрқайсысымыз болаша­ғы­мызды осы қаламен байланыстырамыз. Жастар үшін ең басты құндылық – жұмыс! Нақты бір кәсіпте ысылмаған жастарға жұмыс табу оңай емес. Сондықтан «Бағдаршам» орталығында 150-ден астам адам ағылшын тілін үйреніп шықты. Ком­пью­терлік сауаттылық пен тігін курстарында 200-ден астам жан тегін білім алды. Мемлекеттік қызмет­кер­лермен, қаржы және экономика, саясат пен әлеумет саласындағы мамандармен кездесу ұйымдастырылып, түрлі сауалға жауап алынды. Заңгерлік кеңес аясында 50 адам тегін кеңес алды. Мұның бәрін тегін, ең бас­тысы шын көңілмен іске асырдық. Орталық аясында іске асқан шығармашылық сайыстар, интеллектуал­ды ойындар мен фестиваль­дардың өзі бір төбе, – дейді Д. Бабамұратов.

Қазір жастардың өмірін әлеуметтік желілер мен интернеттен бөліп қарауға болмайды. Әлеуметтік желі­лердің өз жұлдыздары мен танымал тұлғалары болады. Олардың өзіндік өмір сүру дағдысы мен трендтері бар. Интернетте блогерлердің танымалдылығы мен әрта­рап­тығы жастарға үлгі болуда. Бірі білім, бірі ғылым, бірі бизнес жайлы жазып, тақырыптарын алға сүй­рейді. Сондай жастардың ба­сын қосу мақсатында, Zhastar Online жобасы өтті. Ұйымның өткен жылы жүзеге асырған жобаларының ішіндегі ең негізгісінің бірі осы. Жоба электронды форматта болғандықтан, мыңдаған адамды қамтиды. Almatyzhastary.kz ресми сайты түбегейлі жаңарып, жас­тарға арналған дербес электронды порталға айналды. Мұнда жұмыс ұсыныстары, білім жобалары, мәдени шаралар туралы өзекті ақпарат тұрақты жарияланады. Бұл жастарға жұмысқа тұруға, білім алуға, бос уақытын ұйым­дастыруға пайдасын ти­гізді. Бұдан бөлек жоба аясында жаңа медиа саласында мамандарды дайындауға бағытталған 15 семинар өтті. Сонымен қатар блогерлер мен жастар арасында кездесулер ұйымдастырылып, Алматының тарихына, мәдениетіне, көрікті жер­леріне байланысты бейнероликтер түсірілді.

Жастар ұйымы ұсынған деректерге қарасақ, Алма­тыда ресми түрде жұмыс істейтін 57 базар бар. Онда мыңдаған жас нәпақа іздеп жүргені аян. Әрқайсысының арманы мен әуес істері бар. Біреуінде мүмкіндік болса да, уақыт жоқ, енді бірінде керісінше. Сондықтан осы мәселені реттеп, базар жас­тары арасында футболдан, волейболдан турнирлер ұйымдастырылды. Мақсат – базар жастарына саламатты өмір салтын насихаттау және мемлекет тарапынан жастарға арналған қолдауды сездіру. «Дүйсенбілік футбол» және «Дүйсенбілік волейбол» атты спорттық шараларға қаладағы барлық базар жастары қатысты.

«Көзқарас» пікірталас клубы білім қуған студент-жастардың арман-мақсатына сәл де болса ықпал етеді. Түрлі тақырыпта апта сайын клуб отырысы мен дөңгелек үстел ұйымдастырып, жас­тар­дың өз ортасын қалыптас­тырды. Сондай-ақ сарапшы ретінде мемлекеттік құры­лым мен Алматы қаласы қоғамдық кеңес өкілдері, мәслихат депутаттары және белгілі саясаттанушылар мен қоғам белсенділері жас­тармен ой бөлісті.

Қоғамдық бірлестік басшысы Қазақстан ажырасу жағынан ТМД елдері арасында үштікке еніп отыр дегенді алға тартады. Шаңырақ кө­тер­ген жастардың үштен бір бө­лігі бес жылдың ішінде айы­ры­лысады. Бұл қауіпті ахуал. Сондықтан отбасы құн­ды­лығын насихаттау аса маңызды.

Осы орайда ажырасу мә­се­лелерін, түрлі отбасы­лық жанжалдарды ше­шуді үйретіп жүрген сарапшылардың қатысуы­мен семинар-тренингтер ұйымдастырылды. Алматы қаласының барлық жоғары оқу орындарында «Отбасы құндылығы» акциясы өтті.

Жас отбасыларға 150 дана ақпараттық-әдістемелік жинақ таратылды.

Жоба аясында «Жас отбасы» байқауы ұйымдас­ты­рылды.

– Қай мекеменің есігін ашсаңыз да ең алдымен жұмыс тәжірибесі мен өтілін талап етеді. «Ал егер ешкім жұмысқа алмаса, онда өтіл де, тәжірибе де қайдан пайда болмақ?» деген заңды сұрақ туындайды. Біз жұмыс өтілі жоқ, тәжірибесі аз, бірақ жұ­мыс істеуге құлшынып тұр­ған жастарға мүмкіндік сый­лау мақсатында еңбек өтілін қажет етпейтін жұмыс жәр­меңкелерін ұйымдастырдық, – дейді қоғамдық ұйым же­текшісі.

Жәрмеңкеге 50-ден ас­там компания қатысты. Оның ішінде «Қазақ Эйр», «Эйр Астана», «Ақсай нан», «Макдональдс», «Яндекс Такси», «Эко ТАКСИ», «Цин-Каз», «Сулпак» сынды ірі ком­паниялар да болды.

– Жәрмеңкеде байқа­ға­ны­мыздай, жұмыс берушілерге ең алдымен жұмыс іздеу­ші­нің жоғары білімі емес, өмір­лік ұстанымы мен көш­бас­шылық қасиеттері маңыз­ды. Сондықтан жастар­ға, ЖОО мен колледж түлек­теріне арнап арнайы оқы­ту тренингтерін ұйымдас­тырдық. Тренингтерде ең алдымен жоғары оқу орындарында оқытылмайтын, алайда жұмыс іздеу барысында маңызды болып табылатын түйіндеме толтыру, көшбасшылық қасиеттерді ояту және дамыту, жұмыс берушімен тіл табысу, жеке кәсіп ашу сынды аса маңызды дәрістер қамтылады, – дейді Д.Бабамұратов.

 

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше