Қазақстан • 16 Шілде, 2018

Жаңа мемлекеттік жәрдемақы

434 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанда 2018 жылғы 1 шілдеден бастап 18 жастан асқан бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтімді жүзеге асыратын адамдарға жаңа мемлекеттік жәрдемақы енгізілді.

Жаңа мемлекеттік жәрдемақы

Жәрдемақының мөлшері ағымдағы жылы ең төмен күнкөріс деңгейінен 1,05 немесе 29 699 теңгені құрайды. Жәрдемақы 18 жастан асқан, бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтімді жүзеге асыратын адамдарға төленеді.

Атап өткен жөн, барлық тиісті әлеуметтік төлемдер мүгедектер үшін сақталады. Жәрдемақы бала кезінен бірінші топтағы мү­ге­дек немесе оның заңды өкілі жү­гінген күннен бастап бала кезі­нен бірінші топтағы мүгедектік бел­гіленген барлық кезеңге тағай­ындалады.

Бұл ретте бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтім көрсету бойынша жәрдемақы мы­на адамдарға: кәмелет жасқа толмаған, сот әрекетке қабілетсіз не қабілеттігі шектеулі деп таны­ған, психиатриялық және нарко­ло­гиялық диспансерде есепте тұрғандарға тағайындалмайды.

Отбасында екі немесе одан көп бала кезінен бірінші топтағы мү­гедек болған жағдайда жәрдем­ақы олардың әрқайсысына тағай­ындалады және төленеді.

Осылайша, жәрдемақыны
14 мыңға жуық отбасы алатын болады.

«Егемен-ақпарат»