Медицина • 16 Шілде, 2018

Төрт күнде – 430 шақырым

487 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Орал қаласының тұрғыны Амангелді Есенғалиев 430 шақырым жердегі туған жері – Жәнібек ауданының Күйгенкөл ауылына велосипедпен барды. Велошабандоз бұл сапарын Астананың 20 жылдығына арнағанын айтады.  

Төрт күнде – 430 шақырым

Қос дөңгелек көлік мінген 55 жастағы Амангелді Есенғалиев Орал қаласынан шілденің 5-і күні таңғы 5-те аттанған екен.

– Әркім де осы күні «Туған жер­ге тағзым» деп қолынан кел­­­­ген әрекетін жасап жатыр ғой.­ Мен де ойланып, әйе­лі­ме айт­тым да, велосипедке мі­ніп, «Күй­ген­көл ауылым, қай­да­сың?!» деп тар­тып кеттім. Бұл­ жоспа­рымды бөг­де адамға да айт­­па­дым, – дейді Аман­гелді.

Бір қызығы, Амангелдінің мінгені – заманауи жүрдек велосипед емес, кәдімгі қарапайым «Урал» екен. «Бес жыл бұрын ұлым Шерханның 15 жасына өзім алып беріп едім. Қазір балам 20-да, велигі – 5-те» деп күледі велошабандоз. Ол тіпті алыс жолға арнайы дайындалып, қамданбапты. «Шынжырын майлап алдым да жүре бердім» дейді бізге.

Кейіпкеріміз алғашқы күні өндіріп жүріп, 160 шақырымды артқа тастапты. Орал мен Чапаев селосының арасындағы Орал-Атырау күре жолы тақтайдай тегіс болғанымен, көлік көп, өте қиын болыпты. Оның үстіне біздің кейбір жүргізушілерде жол жүру мәдениеті төмен ғой. Велосипед мінген әріптесін өзімен тең құқықты жолау­шы көрмейтіні бар. Көлігін та­қап жүріп, екпінімен жолдан шығарып жіберетін қиям­пұрыс­тарына не дерсің?! Чапаев ауылы тұсынан оңға бұрылып, Жәні­бектің жолына түскен соң да қозғалыс саябырсып, емін-еркін жүруге көшіпті. Сөйтіп алғашқы күні Ақжайық ауданының Қа­быр­шақты ауылына қарасты бір шаруа қожалығына түнеп шық­қан. Екінші күнгі аялдамасы – Жалпақтал ауылы маңында салынып жатқан дәмхана болыпты. Үшінші күн Қазталов ауылын­дағы туысқанының үйі­нен сыбаға бұйырған. Төр­тін­ші күн дегенде түс қайта сағат 4-тер шамасында ауылға жа­қын­даса, күтіп алушы қалың жұрт­ты көріп, Амангелдінің өзі таңғалыпты.

– Ешкімге айтпап едім, шынымды айтсам, мұндай құрметті күткенім жоқ. Ауылдың аты жа­­зыл­ған қақпа алдынан мектеп шәкірттерін, өзімнің сынып жетек­шім, бүгінде ардагер ұстаз Жеміс апай Бисенованы көріп, қайран қалдым. «Астана – 20 жыл» деген жазуды көтерген ауыл­­дастарым бауырсақ пен ақ ұсы­нып, құшақ жая қарсы алды, – дейді Амангелді Есенғалиев.

«Амантай мектепте оқып жүр­ген кезінен елгезек, айналасына үнемі қамқор болып жүретін шәкіртіміз еді. Міне, есейіп, егде тартқан шағында туған ауылына жасаған тартуы назар аударуға тұрарлық. «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасында жастардың бойын­да туған жерге құрмет сезі­мін қалыптастыру туралы айтыл­ған ғой. Амантайдың бұл қадамы да кейінгі жас буынға үлгі-өнеге болады деп сенеміз», дей­ді жігіт ағасы болған шәкір­тінің ерлігіне тәнті болған ұстазы Жеміс Бисенова.

Осы Күйгенкөл ауылында туып-өскен Амангелді туған же­рінен 1987 жылы көшкен екен. Бұрын байланыс торабында қызмет еткен кейіпкеріміз облыс орталығында түрлі қызмет ат­қарған. Соңғы бес жылдан бері Батыс Қазақстан облысы бойын­ша қылмыстық атқару жүйесі депар­таментінде аула сыпырушы болып істейді. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған жігіт ағасы әлі күн­ге дейін туған жері алдындағы пер­зенттік парызын ұмытпай жүреді.

– Шынымды айтсам, велосеруен – күнделікті кәсібім де емес. Жұмысым үйімнің жанын­да. Бірақ туып-өскен жеріме вело­сипедпен барсам деген ой көптен бері мазалап жүр еді. Осы сапарға бел буған соң бір айдай қала ішінде велосипед тептім. Бірақ күніне он шақырымнан асып жүріп көрмеппін. Ең алыс жорығым – осы туған ауылға сапарым болды. Туған жер адамға күш-қуат бере ме деймін, тіпті шаршамай, құстай ұшып жеттім ғой, – дейді бізге кейіпкеріміз телефон арқылы.

Бір қызығы, төрт күндік сапарында Амангелді Есенғалиев ешқандай көлденең бейнет көрмепті. Дөңгелегі жарылмай, көлігі сынбай, еш жерге іркіл­меген. Денсаулығы да сыр бермеген. «Туғалы қолыма темекі ұстап көргенім жоқ, алыс жолда алқынбағаным содан шығар» дей­ді саламатты өмір салтын өзі де ұста­­нып, өзгеге де үлгі етіп жүрген аза­мат.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы