Таным • 16 Шілде, 2018

Жауһар жырдың алтын арқауы – тәуелсіздік

588 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Табиғи талант табанды еңбек, үздіксіз ізденіспен үзіліссіз өсіп, бір шығармасынан екінші шығармасы асып түскеніне толысқан талант, мәдениет және қоғам қайраткері Өтеген Оралбайұлының Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған «Шуақты шақ» атты жыр жинағын оқып, сүйсінген соң оның мемлекетшіл, елшіл, отаншыл, халықшыл көзқарасының көркем кестеленген жан шуақты жырларына тәнті болып қалам алдым қолға.  

Жауһар жырдың алтын арқауы – тәуелсіздік

Еліміздегі ең жоғары әдеби сыйлықтың жүйріктер жарысына екінің бірі тәуекел етіп түсе бермейді. Қазақ әдеби-мәдени кеңістігіне өзіндік үнін жеткізген, сөз сарасының дәмі мен мәнін терең түсіндіре алатын, көркем сөздің кестесін шынайы шеберлікпен шыңда өрген, осы жолда маңдай тері мен жүрек пейілін адал да әділ аурада таныта алатын талантты ақындардың бірі Өтеген Оралбайұлы екеніне өз басым кәміл сенемін. Сондықтан аламан бәйгеге ат қосқан ақынның қадамына сәттілік пен қазылар алқасының қағілез байқағыштығын, әділ бағасын тілей отырып, «Шуақты шақтың» шуағы мен қуатын қалың оқырманға да жеткізуді өзіме парыз санадым.

 Қаламгер қаламгерге дос қана емес, оның жетістігі мен шыққан биігін әділ ниетте атап өту арқылы туған әдебиетіне қалтқысыз қызмет жасайды. Мен осы орайда көптен әдеби көште бірге келе жатқан дос-інімнің ел алдындағы, қалың оқырмандары алдындағы тапқан табысын, шапқан шабысын тарата айтсам деген ойға бекіндім. Ақын – азамат болуы керек деген ұлы қағида бар. Өтеген – осы сөздің үдесінен шыққан қуатты қаламгер. Оның әдеби ортаға танылуынан бастап, қоғам, мемлекет қайраткеріне дейінгі өсуіне әрқашан куә болып, әр сәтті қадамына қуанып келе жатқан ағаларының бірімін. Ол қайраткер тұлға, қадірлі азамат, қарымды ақын.

Өлең жазып қана, өзімен өзі жүріп, жазған жырына ғана тоқмейілсіп, қоғамда болып жатқан күрделі кезеңдер мен кернеулі шақтар туралы сырттай біліп, сырдаң жүріп, жалқы ғұмыр кешіп келе жатқан ақындар бар. Ақын қай кезде де сындарлы саясаткер, туған елінің бүгіні мен ертеңіне елгезек қарайтын перзент, мемлекетінің мерейі мен мәртебесі үшін қашанда жаны ауыратын және өзінің азаматтық қолтаңбасын қоғам дамуында қапысыз қалдыруға тырысатын жан болмағы ләзім. Бұл жағынан келгенде Өтеген санаулы сөз зергерлерінің бірі деп айтар едім. Ол қоғамшыл, елшіл, мемлекетшіл ақын. Шығармаларының дені осы биіктен табылады. Елбасы Әкімшілігінде жиырма жылдан астам жемісті қызмет атқарып, мемлекеттің мәдени-рухани даму саясатына елеулі үлес қосқан, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясатын қалың бұқараға жеткізуде қаламгерлік қуатын бүкпесіз көрсетіп, ағымдағы баспасөзде тынбай қалам сілтеп келе жатқан санау­лы ақындардың да бірі. Публицистика парасатын терең меңгерген, ақындық сөздің айтылу орбитасын ауыстырмастан келе жатқан азамат. Оның «Шуақты шағы» осы сөзімізге қай жағынан да, қай қырынан да толық дәлел бола алады.

«Шуақты шақ» үш бөлімнен тұрады. Өзінің төгіліп тұратын тілі секілді оның атаулары да өлең болып сөйлеп тұр: «Бақытым, бағым – ел менің», «Өлеңнің тердім өрмегін» және «Сазына салдым терменің» деп аталатын бөлімдері бір-бірімен қисындық жағынан қабысып, көркемдік жағынан табысып, жинақтың мазмұны мен пішіні тұтас талғамның биігін көтереді. Бір қызығы, бірінші бөлім бір ғана өлеңнен тұрады. Бұл да әдемі әдеби әдіс. «Тәуелсіздікке тағзым» аталатын бұл өлеңнің ішкі-сыртқы поэтикалық қуаты бүкіл бір кітаптың алтын арқауын құрап, ақынның азаматтық, қайраткерлік қолтаңбасын жан-жақты жайып салады. Өлеңді тұтас оқып көрелік:

Жаныңды ұқтым, жайыңды ұқтым, қалың ел,

Сына мені, тезге салып, тағы көр.

Бүтін ұста, күтіп ұста іргеңді,

Таныр болсаң дұшпаныңды танып өл.

Қалың елім, көзге түсер беттесің,

Тек намысың қалғып-ұйықтап кетпесін.

Көре алмастың көзі бізге жетпесін,

Тәуелсіздік Бәйтерегі көктесін.

Алып ел мен кіші барын ұмытпа,

Дұшпаныңның іші барын ұмытпа.

 «Үй менікі» деген кезде абай бол,

Үй сыртында кісі барын ұмытпа.

Құлағанда сынағанды ұмытпа,

Күлшең барда ұнағанды ұмытпа.

Тайқазанды тартып алып талтүсте,

Тамам елің жылағанды ұмытпа...

...Жат пейілді ағаладың, ұмытпа,

Тағдырыңды тағаладың, ұмытпа.

Өз жеріңде өгей болып, күн кешіп,

Жетім бұрыш жағаладың, ұмытпа.

Өткен жылдар осыны айтып тұр бүгін,

Тәубе, тағдыр, Азаттығым – нұрлы күн.

Өз қолыңда еркіндік пен билігің,

Өз қолыңда Алла берген тірлігің.

Озған жылдар өнегесін жолдайды,

Отқа жансын, суға батсын сол қайғы.

Тәуелсіздік болу үшін мәңгілік,

Ұмытпасты ұмытуға болмайды!

Көтерілді көк ту болып арымыз,

Қыран болып қалықтады әніміз.

Шұғылаға шым оранды жанымыз,

Тәуелсіздік – ең қымбатты барымыз!

Қалың елім, қадірімді кел, екше,

Ел дегенде елеңдеймін ерекше.

Жалған айтып, неге керек, сертім сол,

Жанымды да берем саған керексе!

Кірдім талай теңдік үшін додаға,

Қалған жоқпын жанға жайлы жағада.

Қалың елім,

Қара орманым, сертім сол,

Менің жаным сендер үшін садаға!

Туған елді, туған жерді сүюдің, оның бүгіні мен болашағы үшін отқа дайын күюдің сертіндей серпінді де сенімді бұл жырды оқығанда кеудеңді мәрттік пен мерей қатар кернейді. Ақын адал сырын ашық айтып қана отырған жоқ, бәріміз жиі айта беретін патриотизмнің пара­дигмасы осы жыр десем, артық айтқандық болмас. Бұл өлең – кітаптың кілті әрі оның идея­лық темірқазығы. «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын көркем тілде кейіп­теудің көрінісін осы жинақтан өте мол ұшыратасың. Жеке бастың қамы емес, елдің жайы мен жанын ойлаған жанашыр пейіл жыр жинағының жалпы түзілімін құрап, оны бас­қалардан ерекше көрсетеді. «Ақын – қайрат­кер» деген қағиданың көрінісі – осы еңбектен анық та қанық аңғарылады.

Жинақтың үшінші бөліміндегі «Ұлт ұраны – Ұлытау», «Нығмет айы – Наурыз» деген толғау-дас­тандары алған тақырыбын терең игерудің, Прези­денттің сара да дана саясатына ақындық алғыр­лықпен үн қосудың, халқымыздың салт-дәстүрін сақтаудың сындарлы да нұрлы жолын көрсетудің озық үлгісін танытып, оқырман жанын рухани сәулеге шомылдырады. Этнографиялық толғау мен Ұлытау дастанының алғашқы 33 шумағының әрбір 4 жолы да бір ғана «Ұ» әрпімен өрнектеліп келуі, ақынның шынайы шеберлігін қапысыз көрсетеді. Аллитерация мен ассонанс әдісімен ұзақ жыр жазу қай ақыннан да ерекше талантты талап етеді. Ақын бұл талаптан сәтті шыға алған.

Патриоттық поэзия, нәзік сыршылдық, сын­шылдық пен шыншылдық, Отан мүддесін жеке бастың қамынан жоғары қою – «Шуақты шақтың» ең басты табысы. Жинақтың екінші бөліміндегі сыршыл лирикалары бүгінгі қазақ өлеңінің жаңа деңгейін – ойшылдық пен сезімталдықтың тұтас тіні болып құйылып, терең астар танытып, философиялық ой толғамдарын, тақырыптық жаңалықтың сан алуан қырларын жарқыратып жайып салады. Өзіне тән көркемдік кестесі бұрыннан оқырманға көптен таныс ақын бұл жаңа жинағына әйгілі «Абай жолындағы» бала Абайдың «осы үш күндік жолға шәкірт бала барын салды» деген сөйлемін еске алып, ақын бұл еңбегіне барын салған екен деген ойға табан тіредік. Және оның осы жолда сапарының сәтті болғанына қуана қол соқтық.

Өтеген Оралбайұлы әдебиетке бүгін ғана кел­ген ақын емес. Оның өнегелі өмірбаянында туған әдебиетке адал қызмет етудің жарқын жолы жатыр. Ол кезінде «Лениншіл жас», «Егемен Қазақстан», «Дала дидары» республикалық газеттерінде жемісті қызмет атқарып, ақындығы мен қоса парасатты публицист, халықшыл қаламгер ретінде кеңінен танылды. Әдеби ортаға жас болса да қапысыз дайындықпен келді. Оның қаламынан туған жырлары алғашқы «Тұңғыш» атты шағын кітабы жақсы бағаға ие болып, үлкен сыншылардың оң лебізіне мысал болды. Ақынның әдеби шығармалары туралы кезінде мәдениетіміздің майталман қайраткерлері Әбділда Тәжібаев, Әбу Сәрсенбаев, Мұхаметжан Қаратаев, Халижан Бекқожин, Зейнолла Қабдолов, Зейнолла Серікқалиев, Сейдахмет Бердіқұловтар ілтипатты баға беріп, КСРО Жазушылар одағына өтуге М.Қаратаев, Х.Бекқожин, З.Қабдолов ағалары кепілдеме бергені есімде. Ол ағаларының асыл пейілін ақтап, 1980 жылғы Бүкілодақтық поэзия фестивалінің, 1978 жылы «Жігер» фестивалінің тұңғыш лауреаты атанды. Өтеген әлемнің 40-тан астам ақындарының өлеңдерін қазақша сөйлеткен қаламгер. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, БАҚ саласындағы Елбасы сыйлығының лауреаты. Жастар газетінде жүргенде оннан астам өлең-очерк дестелерін жасады. Халыққа кең тараған отыздан астам ән мәтіндерін жазды.

Мысалы, қайырмасы:

«Сендерге әрдайым орын бар,

Ақ отау төріне қоныңдар.

Ақ тілек батамыз беретін:

Бақытты болыңдар, болыңдар, – деп үйлену тойларында шырқалып келе жатқан той әнінің өлеңі – Өтегендікі. Осы жыры кітаптан лайықты орнын алған екен. Бұл әнді қазір әлем қазақтары бар елдердің бәрінде орындалып жүр. Хит атанып, құрметке лайық болған ән. Талай ән-өлеңі бас жүл­деге ие болды. 7-ші Қысқы Азиада ойын­дарының, Түркістан, Ақтау, Атырау гимнде­рінің авторы.

Мен осының бәріне көптен куәмін. Содан бергі жыл­дарда Өтеген қазақ жыр көшіне 14 өлеңдер жи­на­ғын берді. Бәрі де өз кезінде жақсы жағынан ата­лып отырды. Бұл үрдісті Өтеген інім әлі бұз­бас­­тан келеді. Мерзімді баспасөзде жарияланып жүр­­ген әр мақаласының өзі ақындық тілмен төгі­ліп, аза­маттық көзқарасы алғаусыз көрініп келе жат­қан Өтеген Оралбайұлының «Шуақты шақ» жыр жи­нағы Мемлекеттік сыйлықты иемдену­ге қай жа­ғы­нан да толық лайықты еңбек деп нық сеніммен ай­­тамын. Мемлекетке адал қызмет жаса­ған ақын мем­­лекет тарапынан бағаланса, бұл әділдік болар еді.

Саналы сөздің салмағын сезіндірген «Шуақты шақтың» шабысы шалқар, көші салқар, асуы асқар болуына мен пікір алмасқан талай таланттар шын жүректен тілекші.

 Көп тілегі қабыл болып, жауһар жырдың бағы жансын!

 Тағы да қайталап қадап айтамыз – қабырғалы қазақ әдебиетінің алтын қорынан ойып тұрып өз орнын алатын «Шуақты шақ» – жауһар жыр, тұнып тұрған тұнық сыр. Н.Ә.Назарбаевтың: «Бізге Тәуел­сіздік көзімен қарайтын әдебиет керек!» сөзі­нің үдесінен шыққан «Шуақты шақ» Мем­лекеттік сыйлыққа әбден лайық!

 

Сәбит ДОСАНОВ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,Шолохов атындағы халықаралық

әдеби сыйлықтың иегері

Алматы