Әлем • 16 Шілде, 2018

«5-нөмірлі қасапхана»

587 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

2007 жылы 11 сәуірде Нью-Йорктің Манхеттэн өңіріндегі бір емханада 84-ке қараған жасында АҚШ жазушысы Курт Воннегут қайтыс болды. Бірнеше апта бұрын әлем әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар қарт қаламгер өз үйінің баспалдағында сүрініп кетіп, басынан жараланып емханаға түскен екен, сол талықсыған бетінде өмірден өтіпті.  

«5-нөмірлі қасапхана»

К.Воннегут – өткен ғасыр­дың соңғы жартысындағы АҚШ əдебиетінде ерекше орны бар санаулы тұлғалардың бірі. Сын­шылар оны Марк Твеннен бері жалғасқан АҚШ əдебиетінің юмор дəстүрін жалғастырушы, тіпті оның юморлары Марк Твеннен де асып түскен деп қарайды. Дегенмен К.Воннегут əдебиетке 1950 жылдардың басында алғаш фантастикалық шығар­маларымен келген. Сол тұста фантастика жөні тү­зу əде­биет саналмайтын еді. 1969 жылы жазушының «5-нө­мір­лі қасапхана» романы жа­рық көргеннен кейін ғана, жазушының басындағы «фантаст жазушы» деген қалпақ көрін­бей кетіпті. Жоғарыдағы роман өткен ғасыр əдебиетінде жоғары бағаланады. 1999 жылы «Нью-Йорк Таймс» газеті өткен бір ғасырда ағылшын тілінде жарық көрген ең таңдаулы деген жүз романның тізімін жа­риялағанда осы «5-нөмірлі қа­сап­хана» 18-орынды иеленген. Жазушы бұл романды екінші дүниежүзілік соғыс тұ­сында өз басынан өткізген нақты оқи­ғалар негізінде жазған.

К.Воннегут АҚШ-тың Ин­диа­на штатында дүниеге кел­ген, шешесі кісілікті, бай отба­сынан еді. Бірақ бұл отбасы өткен ғасырдың 1930 жыл­да­рындағы экономикалық дағ­дарыс кесірінен күйрейді. К.Воннегуттың шешесі тұр­мыстың өзгерісінен 1944 жылы өзіне-өзі қол жұмсаған. Бұл жа­зушының өміріне елеулі әсер етіпті. 1984 жылы өзі де сон­дай бір күйзеліске ұрынған жа­зушы ұйқы дəрісін көп ішіп қойып, қасындағылардың дер кезінде байқап қалуымен ғана аман қалған. Кейін жазушы бұл туралы: «Өзіне-өзі қол сал­ғандардың бала-шағасы өлім­нің елесінен өмір бойы құ­тыла алмайды, олар бұлай істеуді түптің тү­бінде бəрін шешетін жол деп қарайды», – деген екен.

Зерттеушілер К.Воннегут шы­ғар­маларындағы тіршілік, өлім турасында қасіретке емес, ащы күлкіге саятын па­йымдауларға көптеп назар ауда­рады. Оның «5-нөмірлі қа­сап­хана» ро­ма­нының өзі осы жағынан көзге түседі. Романда Илум деген біреу екінші дү­ниежүзілік соғыс тұсында не­містердің қоршауында қалады, əу баста ол өзінен басқа үш адам­мен серіктеседі. Олардың ор­тасындағы қайшылық өр­ши келе бірін-бірі өлтіруге сұқ­танады. Сөйтіп жүргенде олар немістердің қолына түсіп қа­лады. Немістер тұтқынға түс­кендерді Дрезден қаласына айдап әкеледі. Бұған тұтқындар қатты қуанады. Өйткені Дрезден ашық қала есептелетін, онда əскери зауыт та, құрылғылар да жоқ еді. Оның үстіне əсем сарайлары бар болатын. Бұндай мəдениеттік мәністегі бейтарап орынды одақтастар армиясы бомбылай қоймайтын еді. Тұтқындар бұл арада балалар мен ауыраяқ əйелдерге қажетті азықтар шығаратын кәсіпорында жұмыс істейді. Бұл орын соғыстан бұрын «5-нөмірлі қасапхана» деп аталатын еді. Дегенмен бəрі басқаша болады, тұтқындар Дрезденге келіп, төрт күн өткенде, одақтастар армиясы əуе күштерін жіберіп, қаланың түгін қалдырмай жермен-жексен етеді. Илум жəне бір­неше тұтқын мен тағы бір­неше неміс «5-нөмірлі қасапхананың» жертөлесінде жұмыс істеп жат­қандықтан ғана аман қалады. Олар жұмыстан босап далаға шыққанда, кешегі жайнап тұрған қаланың қирап қалған, тіршіліксіз қирандысын ғана көреді. Романда бұл кө­рініс: «Жердің бетін ыс-түтек басқан, дүние қап-қара, еш­темені көруге болмайды, тө­бедегі күн қараңғыда жыл­тыраған ноқат тәрізді. Дрез­ден айдың беті сияқты, мұнда күй­ген топырақтан өзге ештеңе көз­­ге түспейді. Таудай болып үйі­ліп, жемтік болып адам­ның мəйіттері жатыр...» деп суреттеледі.

«5-нөмірлі қасапхана» романы АҚШ-та жарық көрісімен бірден елдегі қасқалар мен жай­саңдардың шамына тиген. Зерттеуге қарағанда өткен ши­рек ғасырда АҚШ-та шектеуге ұшыраған кітаптардың бірінші орнын осы «5-нөмірлі қасапхана» романы иелеген. Романға қарсы тұрушылар бұл кітап жастарды отаншылдықтан бездіреді, АҚШ армиясының абыройын төгеді т.б. деген айыптар тағады. К. Воннегут 1997 жылы өзінің жазуды тоқ­та­татынын жариялаған бола­тын. Бірақ 2005 жылы жазу­шының «Отаны жоқ біреу» деген жаңа эссе-сын кітабы жа­­рыққа шықты. Кітаптағы ма­қалалардың көбі жазушының соңғы жылдары «Осы заман» журналында жарық көрген туындылары еді. Кітаптың мұқабасы К. Воннегуттың өзі салған суреттен тұрады (жазушының «Жүл­дегерге арналған таңғы ас» деген романы осындай суреттерге толы екенін ескерте кеткен жөн шығар). Кітаптан сексеннің сеңгіріне шыққан қаламгердің неге алаңдайтынын байқаймыз. Онда жазушы былай дейді: «Меніңше, адамдар өздері жасап жатқан мынау жер шарының болашағын ойлауды біржола қойған сияқты. Жұрт­тың мына тірлігі ұзақ қамауда отырған маскүнемнің тірлігіне ұқсайды, көздері əбден қарауытып кеткен. Мен енді келешек ұрпақтарымда жөні түзу мекен болады дегенге сене алатын емеспін».

К.Воннегут кезінде өз шы­ғар­маларына баға беріп, оларды қатарға тұрғызған екен. Соңғы кітабын жазушы «басым ағарған шақта сыйға тартылған керемет бір шампан болды ғой» депті. Жазушы осылай деп өз шығармашылығының соңғы нүктесін қойған.

 

Ардақ НҰРҒАЗЫ,

ақын, әдебиет сыншысы

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше