Медицина • 16 Шілде, 2018

Асықтан өрілген арғымақ

1595 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыдағы жұрт көп жиналатын ғимараттардың бірінде тұрған мына бір асықтан өрілген арғы­мақтың жанынан өткен жан елең етпей кетпейді. Ары-бері ағылған халықтың осынау таңғажайып өнер туын­дысына телміре көз тастағанын, болмаса қа­сына тұра қалып суретке түсіп жатқанын жиі бай­қайсыз. 

Асықтан өрілген арғымақ

Белгілі қолөнер шеберлері Нұрлан Әділхан мен Нұрлан Әбішевтің қолтаңбасынан туған бірегей туынды әлемдегі теңдесі жоқ өнер мұраларының санатына кірген. Жіптіктей әрі нақышты жасалған әсем мүсін бірден көз баурайды. Кәдімгі асықтан да мұндай керемет мүсін сомдауға болады екен ғой деп таңырқайсыз. Таңырқап қана қоймай, шеберлік асқан төзімділік пен ептілікті қажет ететін айрықша өнер екенін мойындауыңызға тура келеді.

Еліміздің әр аймағынан әке­лінген сегіз мың асықтан жа­сал­ған жылқы мүсіні тәуел­сіздікті, бірлікті, сәттілікті бейнелейді. Алға қарай атырынған жас тұлпардың сұлу тұлғасы мол қуат­тың, жігер жалынның, еркін­діктің бейнесін көз алдыңызға әкеледі.

«Қазақта асығың алшысынан түссін деген ақ тілек бар. Осыны ескеріп, асықты алшысынан тұрғызып, оңқайын сол қапталға, солақайын оң қапталға орналастырдық. «Алшы тұру» – үлкен сәттіліктің белгісі. Бұл туын­дымызды егемен еліміздің әрбір жасы еркіндікті сезініп өссе деген ниетпен жасадық», дейді авторлар.

Халқымыз Қамбар ата баласы саналған жылқы малын қашаннан да қадір тұтқан. Ал асық болса баланы ұтқырлыққа, дәлдікке баулитын ұлттық өнер. Соңғы жылдары отандық қолөнер шеберлерінің ұлт мұрасынан сыр шертетін түрлі деңгейдегі бұйымдар жасауға ден қойғаны көңіл қуантады. Біз сөз етіп отырған тұлпар тұрпатын танытатын тамаша мүсін мен қоршаған орта арасындағы байланыс өзара жарасым тауып тұрғандай көрінеді.

Асықтан өрілген арғымақ мүсін...

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше