Аймақтар • 16 Шілде, 2018

Өскеменде «Ізгі жүрек» сыйлығы тапсырылды

942 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Металлургтер күні биыл Өскеменде өзгеше атап өтілді. Атаулы датаға орай облыс орталығында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды.


Өскеменде «Ізгі жүрек» сыйлығы тапсырылды

13 шілде күні «Қазцинк» компаниясына қарасты Өскемен металлургиялық кешенінің өндірістік алаңында Даңқ аллеясы салтанатты түрде ашылды. Өңірдегі ірі өндіріс орнының әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев Даңқ аллеясының ашылуы қарапайым жұмысшыларға көрсетілген құрмет екендігін, мұнда осында ерен еңбегімен көзге түскен жүздеген қызметкерлердің суреттері ілінгенін айтады. «Даңқ аллеясына менің де суретім қойылған екен. Енді менің суретімді мекеменің барлық еңбеккерлері мен қонақтары көретін болады. Жұмысымды марапат алу үшін емес, өз ісімді жақсы көргендіктен істеймін. Дегенмен компания басшылығына аз-кем еңбегімізді елеп-ескергендері үшін алғыс айтамын», - дейді Өскемен металлургиялық кешенінің сараптау және жоспарлау қызметінің басшысы Амангелді Тыныбаев.

Сонымен қатар осы күні «Қазцинк» компаниясы ұйымдастырған «Ізгі жүрек» сыйлығы Өскемендегі «Восток» стадионында салтанатты түрде табыс етілді. Бұл сыйлық өз өмірін қатерге тігіп, қарапайым адамдарды құтқарған қарапайым шығысқазақстандық қайсар азаматтарды анықтау мақсатында қолға алынған-ды. Сонымен, халықтың дауыс беруі нәтижесінде Ертістің мұзды суынан екі жастағы баласын құтқару үшін суға секірген анасына жәрдемдескен Өскемендегі Төтенше жағдай бөлімінің өрт машинасының жүргізушісі Виталий Бақтыбаев, өртке оранған үйге балкон арқылы кіріп зейнеткерге көмек қолын созған электромонтер Павел Качесов, қақаған қаңтар айында су басқан үйден екі бала мен зейнеткерді қауіпсіз жерге жеткізген Глубокое ауданының Прапорщикова ауылының учаскелік инспекторы Руслан Оразаметов, өрт шалған үйден кішкене баланы алып шыққан «Қазцинк» қызметкері Александр Попов 500 мың теңгенің ақшалай сыйлығына ие болды. «Маған «сыйлыққа үміткерлердің қатарында сіз де барсыз» деп хабарласқанда сенбегенім рас. Басына қауіп төнген тұрғындарға көмектескен азаматтардың барлығы қандай марапатқа да лайық деп есептеймін. Осындай тағылымды шараны ұйымдастырған жандарға ризашылығымды білдіремін», - дейді  «Ізгі жүрек» сыйлығының жеңімпаздарының бірі Виталий Бақтыбаев.

Облыс орталығында кең көлемде тойланған Метталургтер күні мерекесі «Восток» стадионында танымал тележүргізуші Мая Бекбаева мен актер Мүсілім Тәуекелдің жүргізушілігімен, әнші Әлішер Кәрімов, ресейлік «Високосный год» тобы және Шарип Умхановтың қатысуымен өткен концертпен түйінделді.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше