Аймақтар • 16 Шілде, 2018

Оралда «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқауының өңірлік іріктеу көрмесі өтті

682 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Орал қаласында «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқауының өңірлік іріктеу көрмесі өтті. Көрмеге 32 мекеме қатысқан. Батыс Қазақстан облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Сәкен Карин жыл өткен сайын бұл байқауға қатысушылар көбейіп келе жатқанын айтады.

Оралда «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқауының өңірлік іріктеу көрмесі өтті

Көрме өтіп жатқан қазақ театрының кең фойесі абыр-сабыр, мерекелік қарбаласқа толған. Қаз-қатар орналасқан кабиналарда жұп-жұмыр жұмысы бар жеке кәсіпкер де, болашақта алып зауытқа айналмақ амбициясы бар алпауыт цехтар да байқалады. Жыл сайын өткізіліп келе жатқан «Қазақстанның үздік тауары» байқауының мақсаты да сол: ең басты талап – тұтынушы сұранысына ие болатын, көңілінен шығатын сапалы тауар ұсыну.

- Былтыр осы көрме-жәрмеңкеге қатысушылардың саны 30-ға жетпеген еді. Биыл көбейді. Қатысушылар үш түрлі жолдаманы сарапқа салады. Яғни «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халық тұтынатын үздік тауарлар» және «Үздік азық-түлік тауарларын» анықтаймыз. Жеңімпаздар республикалық сынға жолданады. Ол жақтан үздік атанса, ТМД елдерінің үздік тауарлары көрмесінде Қазақстан атынан қатысады. Мұның бәрі тауар өндіруші үшін өте тиімді, тегін жарнама ғой, - дейді осы шараны ұйымдастырушы, Батыс Қазақстан облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Сәкен Қарин.

Көрмені аралап келеміз. Зеленов ауданынан келген қолөнерші Арман Айтпаевты көптен танимыз. «Ауылдағы Армани» атанған шебер жігіт мүмкіндігі шектеулі болғанына қарамастан түрлі тері бұйымдарын жасайды. Әмиян, әйел сөмкелері, белдіктер, тұмар т.б. ұлттық нақыштағы дүниелерімен танымал Арман жыл өткен сайын кәсібін дамытып, сөресін жаңа тауарлармен толықтырып келеді екен.

«AsArCollection» ЖШС ұйымдастырған көрме алдында бөгеліп қалдық. Сапасы мен әдемілігі шетелдік бұйымдардан кем емес мына аяқкиімдер өзіміздің Қазақстанда, оның үстіне Орал қаласында жасалып жатыр дегенге кейбіреулер сенбеуі де мүмкін.

- Біздің кәсіпорын 2017 жылдың қараша айында ғана іске қосылды. Цехымыз толық қуатына қосылғанда күніне 2400 дана аяқ киім шығара аламыз, - дейді кәсіпорынның коммерциялық директоры Әсет Бектұрғанов.

Әсет Рамазанұлының айтуынша, кәсіпорын жергілікті тұрғындардан тері алып, өңдеуге кіріскен, әзірге қой терісін илеу, өңдеу, бояу кезеңдері жолға қойылған.

- Әзірге жергілікті шикізатты жоғары сапалы аяқ киімдер тігуге лайықтап өңдеуге қол жете қойған жоқ. Текстильді тері өндіру – өте қиын процесс. Бірақ біз бұйырса оған да жетеміз. Өйткені батысқазақстандық қой терісінің табиғи сапасы өте жоғары – қысы суық, жазы ыстық ауа райының өзі бұл жердегі қой терісіне ерекше қасиет берген, - дейді өндіріс құпиясымен бөліскен Әсет Бектұрғанов.

Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Миржан Сатқанов көрмеге қатысушы барлық кәсіпкердің тауарларын асықпай көріп, қолдау білдіріп, мемлекет тарапынан, жергілікті билік тарапынан кәсіпкерлікті дамытуға барынша көмек берілетінін айтты.

Ұлттық нақыштағы сәндік киімдерімен республикаға белгілі «Мария ханым» сән үйі осы көрмеде іскер әйелдерге арналған заманауи киім үлгілерін ұсынған екен. Өткен жылы Біріккен араб әмірліктерінде, Францияда өткен көрмелерде оралдық сән брендтері ерекше қызығушылық тудырыпты.

- Автокөліктің пайдалануға жарамсыз болып қалған резіңке дөңгелектерінен мынадай түрлі-түсті плиталар жасау – бір оқпен екі қоянды атқандай ғой, - дейді қызыл-жасыл түсті әдемі резіңке төсемдер шығаратын «Шины Live» фирмасының жетекшісі Сергей Губер. 2012 жылы тіркелген жеке кәсіпкер соңғы үш жылдан бері «Қазақстанның үздік тауары» көрмесіне тұрақты қатысып келеді екен.

Ерінбей еңбек еткен адамға кәсіптің көзі көп қой. «Дуткина» жеке кәсіпкерлігін құрған Владимир мен Юрий теңіз өнімдерін өңдеп, сатылымға шығарған. «Қиыр Шығыстан мұздатылған балық алдырып, Оралдағы шағын цехта тұздап, өңдеп жатырмыз. Кәсіпорында 8 адам қызмет етеді. Өнімімізді жергілікті сауда үйлеріне, супермаркеттерге тапсырамыз, халықтың сұранысы жақсы» дейді кәсіпкерлер.

Сонымен, Оралда өткен «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауына қатысушы кәсіпкерлер ұсынған тауарларды түгел сараптап шыққан арнайы комиссия мүшелері ең үздік тоғыз кәсіпорынға республикалық байқауға жолдама ұсынды.

Жоғарыда айтылғандай, жолдама «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халық тұтынатын үздік тауарлар» және «Үздік азық-түлік тауарлар» аталымдары бойынша сарапқа түсті.

Арнайы комиссияның шешімі бойынша «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС, «БатысМұнайЖабдықтары» ЖШС және «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» ЖШС ұсынған күрделі техникалық жабдықтар Батыс Қазақстан облысының «өндірістік мақсаттағы үздік тауары» болып танылды.

«Халық тұтынатын үздік тауарлар» аталымына мектеп киім үлгісін ұсынған «Надежда» ЖШС, «Конденсат» ЖШС және «Мария ханым» сән үйі ие болды.

Ал «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымы бойынша кондитерлік тәтті торттарымен әйгілі «Балзия» ЖШС, сүт өнімдерін өңдеуші «Каверина» ЖК және таза су шығаратын «Фирма «Родник» ЖШС үздік деп танылды.

Көрмені қорытындылаған Қазақстан Республикасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілі Мадина Мұқатова мен Батыс Қазақстан облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Сәкен Карин көрмеге қатысқан барлық кәсіпорын иелеріне алғыс хат табыстады.

Айта кету керек, республикалық байқауға еліміздің барлық 17 аймағынан үміткерлер қатысып, солардың ішінен тек 9 ғана жеңімпаз атанады.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ

«Егемен Қазақстан»

Орал қаласы

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше