Қазақстан • 16 Шілде, 2018

Ұлы Дала Еліне саяхат: Алтайдан Жібек жолына дейін

536 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз маслихатында Астана қаласының 20 жылдығына орай  Мәдениет және Спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитетінің тапсырысы бойынша «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы Қазақстанның ең маңызды табиғи нысандары бойынша экспедиция ұйымдастырылатыны белгілі болды.

Ұлы Дала Еліне саяхат: Алтайдан Жібек жолына дейін

Шара мақсаты – жаңа туристік бағыттарды жасау үшін табиғи, тарихи, киелі мекендері зерттеу, ішкі туризм мен инфрақұрылымды дамыту, сонымен қатар туған елді зерттеу.

Экспедиция 2018 жылғы 18 шілде мен 29 қыркүйек аралығында 6 бағыт бойынша 6 туристік кластерді қамти отырып, маңызды табиғи нысандарға бару арқылы өткізіледі.

Бағыттар туризмді дамыту үшін қызықты деп табылатын барынша көп табиғи және киелі мекендерді қамти отырып жоспарланған:

  • «Тянь-Шань маржаны» - Алматы облысы;
  • «Алтай – өркениет бесігі» - Шығыс Қазақстан облысы;
  • «Жоңғар Алатауы» - Алматы облысы;
  • «Сарыарқа» - Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Қостанай облыстары;
  • «Теңізден теңізге дейін» - Қызылорда, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары;
  • «Жаңа Жібек жолы» - Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстары.

«Біз қазақстандықтардың өзіміздің туған жерді, ата-бабамыз мұрасын тануға қызығушылығы артып келе жатқанын байқап жүрміз. Еліміздің табиғаты ерекше – мұнда тау да, жазық та, көл де, өзен де бар! Сондықтан біз Алтайдан Жібек жолына дейінгі аралықты қамтитын экспедицияны ұйымдасытырып жатқанымызды мақтаныш етеміз. 3 ай ішінде кәсіби мамандардан құралған топ еліміздің ең қызықты жерлерін аралап, олар туралы қазақстандық және шетелдік туристерге баяндайтын болады. Экспедиция сонымен қатар сол жерлердегі туризмді ары қарай дамыту үшін қажетті инфрақұрылымдық шешімдерді табуға мүмкіндік береді», - деп атап өтті «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы  Рашид Күзембаев.

Экспедицияға 140-қа жуық адам қатысады деп күтілуде, олардың қатарына кәсіби гидтер мен тәжірибелі саяхатшылар, журналистер, тревел-блогерлер, сондай-ақ депуттар мен медиа тұлғалар кіреді. «Жаңа Жібек жолы» бағыты бойынша National Geographic Ресей тобы қатысады.

«Біз Қазақстанды зерттеу мақсатында ұйымдастырылған осындай үлкен де маңызды жобаның бөлшегі болатынымызға өте қуаныштымыз. Экспедиция осы сәрсенбіде басталады, әркімнің осы жолдан дәмесі барына сенімдімін. Басты міндет – алдымызда 6 аймақты туристерге жаңа қырынан таныстыру. Біз жаңа әсерге бөленіп, жаңалықтарды ашу үшін шетелге шығудың қажеті жоқ екенін көрсеткіміз келеді, себебі еліміздің тарихына қатысты ең маңызды да қызықты жерлер барлығы өз елімізде орналасқан», - дейді Kazakh TV телеарнасының директоры Сандуғаш Рахымжанова.

Экспедиция нәтижесінде еліміздің табиғи нысандары туралы жаңа туристік бағыттар, сапалы фото- және видеобанктер құрылады, олардың қазіргі күйі туралы өзекті ақпарат алынады. Сонымен қатар экспедиция барысында қамтылған табиғи нысандар бойынша иллюстрацияланған жолнұсқа жасалатын болады. Экспедиция барысы БАҚ беттері мен әлеуметтік желілерде кеңінен көрсетіліп отырады. Экспедиция құрамына туристік нысандарға бару нәтижесі бойынша арнайы телевизиялық бағдарлама жасауды жоспарлап отырған «Kazakh TV» телеарнасының түсірілім тобы кірді. Эксепдицияның кейбір бағыттарына «Хабар-24» арнасындағы «Жерұйық» бағдарламасының  түсірілім тобы қосылатын болады.

Экспедицияның ресми медиа-серіктестігі «Хабар» агенттігі болып табылады

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше