Үш күнге созылған айтулы музыкалық оқиға «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының «Қазақстанның киелі жерлері» жобасы және «Туған жер» арнайы бағдарламасын іске асыру аясында өткізілді. Сондай-ақ фестивальдің Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасын сақтау, қазақ фольклорын дамыту және классикалық музыканы насихаттау, туристік кластерді дамыту, халық мәдениетін жан-жақты танымал ету мақсатында жүзеге асырылып отырғандығын да айта кеткеніміз жөн.
Ашықаспан аясында шымылдығын түрген фестивальдің бірінші күні, яғни 12 шілдеде туроператорлар форумы ұйымдастырылды. Ол Ұлытау ауылының маңында орналасқан Этноауыл аумағында өтті. Оған туристік бизнес, қауымдастықтар, мемлекеттік органдар, «Kazakh Tourizm» ұлттық компаниясы, қоғамдық ұйымдар өкілдері қатысты. Ақпараттық турға Ресей, Қытай, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінің шетелдік әріптестерімен серіктес Астана, Алматы қалалары, Ақмола, Жамбыл және Қарағанды облыстарынан 60-қа жуық туристік операторлар мен туризм қауымдастықтары қатысты. Ақпараттық турдың бағдарламасы тарихи-мәдени, киелі және туристік нысандарға баруды көздейді. Сонымен қатар фестивальдің беташар шарасы ретінде мәртебелі меймандар БАҚ өкілдерімен жүздесіп, баспасөз мәслихатын өткізді.
Ал, 14 шілде күні «Жезкиік» шеңберінде Ұлытау ауданының Болатсай мекенінде фольклорлық музыка фестивалі өтті. Фестивальға Мексика, Перу, Польша, Ресей, Түркия, Тәжікстан, Франция, Шотландия, Жапония және Қазақстаннан жиналған 11 кәсіби ұжым қатысты. Тура сол күні Жезқазғанда Кеңгір су қоймасы жағалауының бойымен этномузыка фестивалі қатысушыларының шеруі, қатысушылар гала-концерті мен марапаттау рәсімі, солистердің қызыл кілем үстімен өткен дефилесі болды. Сонан соң отандық және шетелдік әртістердің қатысуымен классикалық музыка концерті өтті. Онда 10 елден (Қазақстан, Түркия, Ресей, Әзербайжан, Аустрия, Армения, Қырғызстан, Өзбекстан, Молдова, Италия) келген 17 солист өнер көрсетті.
Үш құрлықтың өкілдерін жинаған фестивальда зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары сөз алды. «Жезкиік» фестивалінің қатысушыларын құттықтау үшін Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов, мемлекет және қоғам қайраткері Мұхтар Алтынбаев, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров, Қазақстанның халық әртістері Бибігүл Төлегенова мен Нұржамал Үсенбаева және тағы да басқа танымал тұлғалар келді.
Бірінші болып сөз алған Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын оқып берді.
«Құрметті, ханымдар мен мырзалар! Сіздерді «Жезкиік» І халықаралық музыка фестивалінің ашылуымен құттықтаймын. Мемлекеттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтіп жатқан аталмыш шара еліміздің мәдени өміріндегі ең маңызды оқиға болып қалатынына сенімдімін. Сондай-ақ бұл фестиваль қазақ ұлттық өнерін күллі әлемде насихаттауға септігін тигізеді деп сенемін», делінген хатта.
Облыс әкімі Ерлан Қошанов та ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа өнерді құрметтеп, фестивальға қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіретіндігін жеткізе келе, жүздеген жылдар бұрын осы қасиетті жерде Жошы хан әскері аттарының дабысы, Кетбұға домбырасының әуені естілгендігін тілге тиек етті. «Ал бүгін біз бұл жерден әлемнің түрлі елдерінен келген фольклорлық ұжымдар музыкасын естіп отырмыз. Бүгін ғасырлар бойы қазақтың ұлттық әуендерін естіген қасиетті Ұлытау жерінде түрлі ел тарихынан сыр шертетін этномузыка ойналуда. Және де қасиетті жезкиік – дала киігі туралы аңыз. Бұл жерде бұрын Үш жүздің билері жиналған, ал бүгін Ұлытауға үш құрлықтың өкілдері жиналып отыр», деді аймақ басшысы.
Сонымен қатар халықаралық фестивальға қатысушыларды «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев құттықтады.
– Бұл фестиваль «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында өтіп жатыр. Оның басты мақсаты – еліміздің мәдени және рухани құндылықтарын қайта жаңғырту, дамыту және насихаттау. Сондықтан осындай шаралар ұйымдастырылуда. Біз «Жезкиік» халықаралық фестивалі өзге ұлт өкілдерін қазақ ұлтының мәдениеті және өнерімен таныстырады деп сенеміз, – деді Мәулен Әшімбаев.
Фестиваль аясында Жезкиік феномені жайлы да қадау-қадау ойлар айтылды. «Ежелгі ғасырлардан бері қазақ даласында ерекше жануар – киік мекен етеді. Қазақтар оны бөкен деп те атайды. Бұрынғы аңыздарға сай оның қорғаушысы – Жезкиік. Бұл ерекше киік, оның жүні қызғылт түсті және күнге шағылысқанда жылтырайды, оның бүйірлері қанат іспетті. Жезкиік киіктер үйірін қорғайды, оларды аштықтан, жануарлар мен аңшылардан қорғаған. Жезкиік Ұлы Дала адамдарын да қорғаштаған», деді Ұлытау ауданының әкімі Ә.Омар.
Қасиетті Ұлытау жерінің рухын сезіну үшін фестивальға қатысушылар Жошы хан мен Алаша хан мазарларын, тарихи және мәдени ескерткіштерді аралап, «Хан ордасы» тарихи кешенінде болды. Фестиваль соңында Қарағанды облысының түрлі хореографиялық ұжымдарының бишілері «Қара жорға» биін орындады. Музыкалық кеш «Ұлытау» тобының концертімен аяқталды.
Ал «Жезкиік» І халықаралық музыка фестивалінің үшінші, қорытынды күнінде классикалық музыка кеші өтті.
Көрермендер алдында бірінші болып КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенова өнер көрсетті. Қазақ классикалық музыкасының бұлбұлы Үкілі Ыбырайдың «Гәкку» әнін орындап берді.
– Соңғы кездері мен сапарларға көп шыға қоймаймын, алайда соған қарамастан, мен осында келмей, сіздермен осы тамаша күнді бөліспей жата алмадым, – дейді Бибігүл Төлегенова.
Сондай-ақ фестиваль көрермендері Қазақстан және Татарстан халық әртісі Нұржамал Үсенбаеваны қарсы алды.
– Біз барлықтарыңызды «Жезкиік» музыка фестивалімен құттықтаймыз. Бұл өте тамаша шара, кешегі Этноауылда өткен гала-концерт ерекше болды. Ал бүгінгі концерт бізді тыңдармандарымызбен жақындастырады. Опера мен классикалық музыканы сүйетін қауым барлық жерде бар, – деді Нұржамал Үсенбаева.
Көрермендер үшін Жезқазған қаласында фестивальға арнайы салынған амфитеатрда дүние жүзінің 10 мемлекетінен (Қазақстан, Түркия, Ресей, Әзербайжан, Аустрия, Армения, Қырғызстан, Өзбекстан, Молдова, Италия) 17 солист өнер көрсетті. Бибігүл Төлегенова (Алматы, Қазақстан), Шенол и Гюльчохра Талынлы (Түркия), Нұржамал Үсенбаева (Астана, Қазақстан), Владимир Мороз (Ресей), Ильхам Назаров (Әзербайжан), Амантай Ыбыраев (Қарағанды, Қазақстан), Талғат Мұсабаев (Астана, Қазақстан), Оксана Давыденко (Алматы, Қазақстан), Талғат Ыдырысов (Қарағанды, Қазақстан), Жан Тапин (Астана, Қазақстан), Анна Риан (Аустрия), Асмик Леолян (Армения), Ельнура Жанабергенова (Қырғызстан), Жеңісбек Пиязов (Өзбекстан), Игорь Подгориану (Молдова), Марко Боэни (Италия).
Классикалық музыка кешінде «Біржан-Сара» операсы, «Абай» операсынан ария, Латиф Хамидидің «Қазақ вальсі» секілді қазақ классикалық музыкасымен қатар, дүние жүзіне әйгілі Джузеппе Верди, Жорж Бизе, Джакомо Пуччини, Джеймс Ласт, Иоганн Штраустың және тағы да көптеген композиторлардың туындылары орындалды. Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының директоры Амантай Ыбыраев атап өткендей, «Жезкиік» фестиваліне жергілікті театрдың ең үздік өкілдері – алдыңғы қатарлы солистері, еңбек сіңірген қайраткерлері, xалықаралық байқаулардың лауреаттары қатысқан. Ол аталмыш фестивальға қатысу көпке дейін есте қалып, алдағы уақытта шығармашылық тұрғыда жетілуге түрткі болатындығын жеткізді.
Классикалық музыка кешінің солистері осындай орасан зор шараның ұйымдастырылуына қатысты ризашылықтарын білдірді. Көбі осындай мереке ұйымдастырылғаны үшін сезімге толы жүрекжарды алғыстарын айтып жатты.
«Бірінші кезекте сіздерді осындай тамаша фестивальмен құттықтаймын. Мен Жезқазғанға алғаш рет келіп отырмын, бірақ Қазақстанда, Астанада осыған дейін болғанмын. Мен осы классикалық музыка фестиваліне қатысып отырғаныма өте қуаныштымын. Қазақстанда менің достарым көп. Жезқазған тұрғындарын осы тамаша және әсем мерекемен құттықтаймын!», дейді молдовалық Игорь Подгоряну.
Ал Санкт-Петербургтегі Мария театрынан келген Владимир Феляуэр болса, Кеңес өкіметінен кейінгі аумақта жылдар бойы иық тіресе өнер көрсетіп, таныс болған осыншама достарын жиі кездестіре бермегендігін айтады. «Олардың барлығымен осында бас қосып отырғанымызға қуаныштымын», дейді ол.
Жезқазған қаласының тұрғындары да фольклорлық музыкадан алған ерекше әсерлерін жасыра алмады. Бізге, Жезқазған мен Ұлытауға алғаш рет 11 елдің әртістері келіп отыр, бұл бір үлкен жетістік. Енді көптеген елдер мен адамдар Ұлытау мен Жезқазған туралы білетін болады, дейді көбі.
«Жезкиік» І халықаралық музыка фестивалі атаулы солистердің өнер көрсетуімен түйінделіп, жарқын отшашумен мәресіне жетті.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»