Аймақтар • 17 Шілде, 2018

Қазақстандық жас әнші «Славян базарынан» сыйлықпен оралды

632 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Беларусь елінің Витебск қаласында балалардың дәстүрлі музыкалық «Славян базары» фестивалі аяқталды. Алыс-жақын 20 елдің жас өнерпаздары қатысқан байқауда жетісулық Әбілқайыр жүлделі 3-орынға ие болды.

Қазақстандық жас әнші «Славян базарынан» сыйлықпен оралды

Әбілқайыр Жұмабайдың жасы жетіде. Ол Алматының іргесіндегі Қаскелең қаласында тұрады. Аяғын апыл-тапыл басқаннан бастап ән шырқауы аңсары ауған екен. Қазір аудандық Мәдениет үйі жанындағы музыка үйірмесінде әншіліктің қыр-сырын меңгеріп жүр. Әбілқайырды әншілікке баулып жүрген ұстазы Қалбүбі Абдоллаева шәкіртінің болашағынан үмітті. Қаршадай ұлды әлемге танымал ән байқауына атандырып тұрғанда сенімі алдамапты.

Әбілқайыр Витебскдегі байқаудың алғашқы күні қазақтың халық әні «Қарағым-айды» нәшіне келтіріп шырқап, қазылардың жоғарғы бағасына ие болды. Үлкен сахнадан шырқаған екінші әні де «құлаққа кіріп, бойды алды». Ол – италиялықтардың «Мелодрама» атты туындысы  екен.

Биылғы «Славян базарында» ән шырқаған жас таланттардың өнерін бағалаушылар арасында Димаш Құдайберген де болды. Дүйім дүниені аузына қаратқан қазақ әншісі Қаскелеңнен шыққан қоңыр үнді балақайға дән риза болыпты. Әбілқайыр да намысқа тырысып, жер-жерден жиналған 20 жеткіншектің арасынан топ жарып, үшінші орыннан көрінді. Ал байқаудың Гран-Прині украин баласы  Александр Балабановқа бұйырды.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»