Қазақстан • 18 Шілде, 2018

Павлодар облысы жаңару мен жаңғыру жолында

403 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Павлодар облысына жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында Елбасы бірқатар өнеркәсіп кәсіпорындарын аралады, сондай-ақ Павлодар облысының әлеуметтік-экономикалық дмуына, "Рухани жаңғыру" мемлекеттік бағдарламасының және "Президенттің бес әлеуметтік бастамасының" жүзеге асырылу мәселелеріне арналған кеңеске қатысты.

Павлодар облысы жаңару мен жаңғыру жолында

Дайын өнім дамуға серпін береді

Химия өнімдерінің 40 процентін,  металдың 20 процентін, электр энергиясын  ең үлкен көлемде өндіретін еліміздің негізгі индустриялық өңіріндегі жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысы «GiessenHaus» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барып, балқытылған аллюминий және жеңіл қорытылатын автомобиль дискілерін өндірудің технологиялық үдерісімен танысты. Кәсіпорында Мемлекет басшысына «Павлодар» еркін экономикалық ай­ма­ғында жүзеге асырылып жатқан ин­дустриялық жобалар жөнінде баяндалды.

Былтыр Мемлекет басшысы Ин­дус­трияландыру күніне арналған теле­көпір барысында  осы «Павлодар» эко­номикалық аймағында жаңадан құрылған «GiessenHaus» ЖШС құрамында жұмыс жасайтын «К&К» компаниясының қоспалы алюминий өндірісі және осы алюминийден автомобиль дискілерін жасап шығаратын зауытты іске қосқан-ды. Сол кезде Елбасы «Бұл басы ғана. Енді алюминий өндірісін әрі қарай дамыту қажет» деп тапсырма берген болатын. Осыған сай, кәсіпорын жұмысымен танысуға келген  Мемлекет басшысына отандық алюминийден алғашқы өнім шығарылып жатқаны  туралы баяндалды. 

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назар­баев­қа дайын өнім үлгілері, атап айтқан­да, жылыту радиаторлары, автомо­биль­дердің қосалқы бөлшектері, темір жол вагондарының дөңгелектері көрсетілді. Экспортқа өнім шығаратын басқа кәсіп­орындардың жұмысы жайлы айтылды.

– Біз темір жол құрылысына пайдаланылатын анкерлер өндіреміз, – деді компания директоры Евгений Москалев. – Бұл өнім еуропалық темір жол құрылысында қолданылады. Қазіргі уақытта елімізде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатқаны белгілі. Осы орайда бізде жылына 1 миллион аллюминий радиатормен қамтамасыз етуге мүмкіндік бар.

 Кәсіпорынның учаске басшысы, инженер-металлург Мұрат Бейсекеновтің айтуынша, «GiessenHaus» ЖШС жылына шығаратын аллюминий дискілерінің 50 процентке жуығы экспортталмақ. Құны 6,7 млрд теңге тұратын инвестициялық жоба 2020 жылға дейін жүзеге асырылады. Бұдан соң Нұрсұлтан Назарбаевқа «Каз­энергокабель» акционерлік қоға­мында тоқ өткізетін кабель жасау технологиясы, кәсіпорынның даму перспективасы және ішкі және шетелдік нарыққа шығарылатын дайын өнім үлгілері көр­сетілді.

1994 жылы ашылған  «Қазэнер­го­кабель» АҚ тұтынушыларға телефон ка­бельдері, өнеркәсіптік жарылыс жұ­мыс­тарына арналған сымдар, сондай-ақ электр берілісінің әуе желілері сияқты көп­теген өнімдерін ұсынуда. Зауытта өн­дірілетін өнім түрі шамамен 7 мың­нан асады. Мұнда телекоммуникация секторындағы кәсіпорындарда жоға­ры сұранысқа ие болатын талшықты-опти­калық кабель өндірудің жаңа желісі іске қосылған.

– Отандық өндірушілер оны таза мыс­тан жасайды. Жаңа өнімдер отқа төзімді, жоғары сапалы шикізаттан жасалады. Өнім 9000 ISO сапа жүйесіне сай және СТ-КZ сертификаты бар, – дейді компания басшысы Олег Крук.

Төртінші мұнай өңдеу зауыты қажет

Өңірде Елбасы ат басын тіреген келесі нысан Индустрияландыру картасы аясында түбегейлі жаңартылған әрі өндіріс үдерісі цифрландырылған «Павлодар мұнай химиясы зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болды.

Кәсіпорында «ҚазМұнайГаз» АҚ ди­рек­торының орынбасары Данияр Тие­сов Қазақстан Президентіне жаңарту жұмыс­тары зауыттың шикі мұнайды қайта өң­деу өнімділігін арттыруға, өнім сапа­сын К-4 және К-5 стандарттарына дейін жеткізуге мүмкіндік бергені жөнін­де баяндады. Жобаны жүзеге асыру үшін компания 80,5 млрд теңге жұмса­ған. Зауытта изомеризациялаудың жаңа авто­маттандырылған кешендері және орталық басқару пункті арқылы басқарылатын күкірт өндіретін қондырғылар салынған.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда мұнай өндіру көлемінің артуына байла­нысты дайын өнім көлемін молайту үшін әрі оны ішкі және шетелдік нарық­тарға шығару үшін халықаралық стандарт­тарға сай келетін мұнайдың қайта өң­делуін мейлінше жақсартуды қолға алу қажеттігін айтты.

«Цифрландыру барлық мәселелердің шешімін табады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. – Басқару бір ғана пункттен жүзеге асырылатындай автоматты түрде еңбек өнімділігін арттыру үшін цифрландыруды енгізіңіздер».

Елбасы Қазақстандағы мұнай өң­дей­тін үш зауыттың жаңартылғанына қара­мастан, төртінші зауыт салу қажеттігі туын­дап отырғанын атап өтті.

Қазақстан Президенті зауыттың жас жұмысшыларымен әңгімелесу барысын­да Павлодар мұнай химиясы зауыты Кеңес Одағы кезінде салынған зауыттар­дың соңғысы екенін айтып, оның сол уақыттағы ең озық құрал-жабдықтармен жабдықталғанына тоқталды.

– Сіздер ең заманауи зауытта жұмыс істейсіздер. Мұнда өндірісті цифрландыру ісі қолға алынып, жаңа технологиялар ен­гізілуде. Сіздер өндіріп жатқан өнімге деген сұраныс артып келеді, демек, сіз­дер­дің де табыстарыңыз молая түспек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Жас мамандар Мемлекет басшысына «Болашақ» бағдарламасы арқылы әлем­нің үздік жоғары оқу орындарында білім алуға және алған білімдерін өндірісте қол­дануға мүмкіндік туғызғаны үшін алғыс айтты.

Өңірдің  әлеуетіне оң баға берілді

Бұдан соң Елбасы Павлодар облы­сының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Жиынды ашқан Қазақстан Президенті облыс басшылығының нақты жұмыс ат­қарып жатқанын және өңірде оң өз­ге­рістердің байқалып отырғанын айтты.

– Мен бүгін бірнеше кәсіпорында бо­лып, жұртшылықпен әңгімелестім, халықтың жай-күйімен таныстым. Облыс экономикасының шамамен 50 проценті өнеркәсіп саласына тиесілі. Бұл – Қазақстан өңірлері арасындағы жоғары көрсеткіш, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті Павлодар облы­сының географиялық тұрғыдан ұтымды орналасқанын атап өтіп, бұл өңір Ресей Федерациясының өнеркәсібі дамыған об­лыстарымен шектесетініне назар аударды.

– Бұл облыстың өнеркәсіп, энергетика, көлік және ауыл шаруашылығы салаларындағы әлеуеті зор, – деді Елбасы.

Мемлекет басшысы инфрақұрылымды дамыту және тиісті нысандарды салу мәселелеріне ерекше тоқталды.

– Астана мен Павлодарды бірінші санатты автобан жалғап жатыр. Енді, жол жүру уақыты бес-алты сағат емес, үш сағатқа созылады. Облыстың транзиттік әлеуеті кеңейіп келеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Жиын барысында Елбасы өңірде ту­ри­змді дамыту мәселесіне де тоқталып өтті. 

– Жаңа ғана Маралды  демалыс орнын көрдік, – деді Елбасы. – Қонақ үй­лерді былай қойғанда, адамдар отыра­тын жер жоқ. Тіпті, шатыр жоқ. Бұл жерге адамдарды тартуға мүмкіндік бар.  Де­малушылар келсе, ақша төлейді. Соған сай жағдай жасау керек. Жол төселіп, ком­муникация жүйесі тартылған. Бірақ адамдардың толыққанды демалысы үшін әлі де еңбек ету керек. Бизнес не үшін ашылды? Алыстан инвесторларды тартпай-ақ, павлодарлық кәсіпкерлерді кішігірім қос қабатты коттедждер мен қонақ үйлерді салуға шақыру керек.

Қазақстан Президенті өңірдің кәсіп­кер­леріне арналған сөзінде шикі­затты қай­та өңдеуді мейлінше жақсарту және бәсекеге қабілетті өнім шығару мәсе­­ле­леріне назар аударды.

– Мен бүгін алюминий өндіретін, тоқ өткізгіш кабель жасайтын ком­па­ния­лардың және басқа да кәсіпорындардың жұмысымен таныстым. Біз құрылыс материалдарын шығару, терезе жақтауларын, ыдыс-аяқ және алюминийден фольга жасау мүмкіндігін қарастыруымыз қажет. Міне, осы іске инвестиция тартып, күш жұмылдыру керек, – деді Елбасы.

Кеңес барысында Павлодар облы­сы­ның әкімі Болат Бақауов Мемлекет басшысына өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы және «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» аясында іске асырылып жатқан жобалар жөнінде мәлімдеді.

– 2017 жылдың қорытындысы бо­йынша облыстың жалпы өнімі алғаш рет 2 триллион теңгеден асып, 3,6 процентке жетті. Биылғы бірінші жартыжыл­дық­тың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 4,6 процентке артты. Облыс кәсіп­орындарындағы өндіріс үдерістерін цифр­ландыру жөніндегі сіздің тапсырмаңыз орындалуда. Технологиялық тұрғыдан қайта жабдықтау ісіне 200 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалды, – деді облыс әкімі.

Мемлекет басшысы жиын қоры­тындысы бойынша өндіріске халықаралық ЭКСПО-2017 мамандандырылған көр­месінде көрсетілген «жасыл» технология­ларды енгізу, шағын және орта бизнесті, Ресей облыстарымен шекарааралық сау­да-саттықты дамыту, өңірдегі туристік кластердің әлеуетін арттыру, мал шаруа­шы­лығы мен суармалы егіншілікті өркен­дету үшін нақты тапсырмалар берді.

Кеңеске Президент Әкімшілігінің Бас­­шысы Ә.Жақсыбеков, Премьер-Ми­нистр­дің бірінші орынбасары А.Мамин, Энер­гетика министрі Қ.Бозымбаев, мем­лекеттік органдардың өкілдері, ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының жетек­шілері, соның ішінде ERG директорлар кеңесінің төрағасы А.Машкевич, «Пром­машкомплект» ЖШС директорлар ке­ңесінің төрағасы Д.Сыздықов, «Сталь­монтаж» ЖШС-ның бас директоры А.Терентьев, «Казэнергокабель» АҚ-ның бас директоры О.Крук және басқа да азаматтар қатысты.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Сұл­танмахмұт Торайғыров атындағы Пав­лодар облыстық біріккен әмбебап ғылы­ми кітапхананың жұмысымен де таныс­ты. Онда мүмкіндігі шектеулі оқыр­мандарға арналған арнайы жабдықтар, білім беру және денсаулық сақтау салаларын цифрландыру жобалары, сондай-ақ «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің көрме залы көрсетілді.

 

Фарида Бықай,

«Егемен Қазақстан»