Қазақстан • 18 Шілде, 2018

Қазақстандық суретші «Ядросыз болашақ үшін» сыйлығын жеңіп алды

742 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан суретшісі, АТОМ жобасының Құрметті елшісі Қаріпбек Күйіков 2018 жылы «Ядросыз болашақ үшін» сыйлығының лауреаты атанды. Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлайды.

Қазақстандық суретші «Ядросыз болашақ үшін» сыйлығын жеңіп алды

Халықаралық қазылар алқасы мүшелерінің шешімі 16 шілдеде «Ядросыз болашақ үшін» сыйлығы қорының сайтында жарияланды. Сыйлықты тапсыру рәсімі Зальцбургте (Аустрия) қазанда өтеді.

Қазақстандық белсендімен бірге Аустралиядан Джефри Ли және Ұлыбританиядан Линда Уолкер сыйлыққа лайық деп танылды. Тағы екі құрмет сыйлықтары француз белсенділерінің жұбы Дидье және Полет Ангерге және олардың аустриялық пікірлесі Питер Вейшке берілді.

Суретшінің пікірінше, сыйлықтың табысталуы халықаралық қоғамдастықты ядролық сынақтардың қауіпі мен салдары туралы ақпараттандыру бойынша Қазақстан жүргізіп жатқан жұмыстың танылу белгісі болып табылады.

«Бұл сыйлық - бүкіл Қазақстанның еңбегі! Бұл - еліміздің, АТОМ жобасының бастамашысы - Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен және ауыр жұмысының бағасы. Республикамыз өзінің жеке үлгісімен ядролық таратпау және қарусыздану үшін қалай күресу қажеттігін көрсетті, және ядролық болашақ үшін немесе оған қарсы шешім қабылдау мәселесінде қобалжыған әлемнің басқа мемлекеттері үшін тірек болды», - деп халықаралық сыйлықтың лауреаты Қ. Күйіков баса атап өтті.

АТОМ жобасы (Abolish Testing, Our Mission - Сынақтарды болдырмау - Біздің миссиямыз) жаһандық ядролық қарусыздану мен қоғамдық дипломатия саласында Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың маңызды бастамасы болып табылады. Бұл бастама БҰҰ жариялаған Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы әрекеттер күні 2012 жылғы 29 тамызда Астанада «Ядролық сынақтарға тыйым салудан ядролық қарудан азат әлемге» халықаралық конференциясында жарияланған болатын.

АТОМ жобасының жариялану мезетінен бері алты жылда әлем бойынша бастаманың презентацияларын және өзі Семей полигонындағы ядролық сынақтардың құрбаны болып табылатын Қ. Күйіковтің суреттері көрмелерінің ұйымдастырылуын қоса алғанда ел ішінде және шетелде осы бастаманы ілгерілету бойынша анағұрлым жұмыс атқарылды. Қазіргі уақытта әлемнің 100 едерінен 300 000 аса адам Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың (ДВЗЯИ) өз күшіне жедел енуін қамтамасыз ету жөнінде әлем лидерлеріне деген үндеумен АТОМ жобасының онлайн-петициясына қол қойды.

Ядролық қарудың сынақтарын тоқтатудың және нәтижесінде әлемді ядролық қарудан азат етудің белсенді күресшісі ретінде 2017 жылы АТОМ жобасының Құрметті елшісі Қ. Күйіков Халықаралық ядролық қаруға тыйым салу қозғалысына берілген Ядролық қаруды жоюда күш-жігері үшін бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығының табысталу рәсіміне шақырылған.