Әлем • 18 Шілде, 2018

«Эйр Астана» Skytrax World Airline Awards сыйлығының жеті дүркін лауреаты атанды

304 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстандағы азаматтық авиацияның флагманы және Skytrax халықаралық сыйлығының 4 жұлдызды рейтингісінің иегері «Эйр Астана» жетінші рет Орталық Азиядағы және Үндістандағы үздік әуекомпания атанды. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 2018 жылғы 17 шілдеде Лондонда өтті.

«Эйр Астана» Skytrax World Airline Awards сыйлығының жеті дүркін лауреаты атанды

Skytrax әлемдегі әуе компаниялары мен әуежайлары көрсететін қызметтердің сапасын зерделейді. Skytrax зерттеуі – жолаушылардың пікірлеріне негізделген және әлем бойынша мойындалған қызмет көрсету сапасын бағалау. Биыл оған жер-жаһандағы 19 миллионнан астам адам қатысқан. Әуе компанияларының қызмет көрсету сапасы мынадай талаптар бойынша бағаланған: жолаушыларды тіркеу, оларды бортқа отырғызу, салон тазалығы мен ыңғайлылығы, тағамдар мен сусындар сапасы, борттағы ойын-сауық жүйесі, борттық қызмет көрсету деңгейі. Зерттеу 200 ірі халықаралық және шағын жергілікті әуе тасымалдаушыларын қамтыған.

«Біз үшін осы марапатты алу үлкен құрмет. Біздің жұмысымызға мұндай баға беру өте маңызды, бұл жолаушыларымыздың дербес таңдауына негізделеді. Осындай марапатқа лайық деп танығаны үшін шын жүректен алғысымызды білдіреміз. Сондай-ақ, әуекомпания қызметкерлеріне алғыс айтқым келеді. Олар әрдайым жоғары сапалы қызмет көрсету үшін күнделікті жұмыстарында барын салады. Қызмет көрсетудің одан да жоғарғы стандарттарына жету үшін жетілдіру жұмыстарын жалғастырамыз», деді «Эйр Астана» әуекомпаниясының президенті Питер Фостер. 

Естеріңізге салайық, биыл «Эйр Астана» әуекомпаниясы IPO-ға шығу жоспарланып отыр, бұл елдегі акционерлік капиталдың ішкі нарығын дамытуға жол ашады.