Қазақстан • 18 Шілде, 2018

Әлемнің 20-дан астам елінің үздік сәулетшілері Қазақстанның елордасында бас қосты

507 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әлемнің жетекші сәулетшілері Астанаға Халықаралық сәулетшілер конгресіне қатысу үшін жиналды. Халықаралық деңгейдегі шара Астананың 20 жылдығына арналған және кәсіби тәжірибемен алмасу мен жаһандық тұрғыда жергілікті сәйкестік мәселелерінің шешімін табу арқылы заманауи отандық сәулет өнерін дамыту мақсатында ұйымдастырылған.

Әлемнің 20-дан астам елінің үздік сәулетшілері Қазақстанның елордасында бас қосты

Конгреске әлемнің 20-дан астам елінен жетекші сәулетшілер, урбанистер мен зерттеушілер қатысты.

Конгрестің ашылуында ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова сөз сөйледі.

«Біз бүкіл әлем сәулетшілерінің шығармашылығына зор құрмет білдіре отырып, әрдайым жаңа жобаларды қуана күтеміз, еліміз ең әдемі елдердің бірі болуы үшін жұмыс істеуге әрдайым әзірміз. Конгресс әлем сәулетшілері жиналып, өзекті проблемаларды талқылай алатын алаңға айналады деп үміттенеміз», — деді А. Райымқұлова.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Малика Бектұрова өз сөзінде қаладағы «ақылды» жүйе тұрғындар үшін қалай қолайлы болуы керектігі туралы айтып берді.

«Біз алғаш рет сәулетшілер конгресі мен «ақылды» қала бойынша бөлігін Астананың дамудың келесі кезеңіне өткенін көрсету үшін біріктірдік. Бұл жай ғана құрылыстар емес, үй «ақылды» болуы үшін енді біз энергиялық тиімді ғимараттар салып, материалдарды, озық технологияларды пайдаланғымыз келеді. Қала өсіп келе жатыр, оның тиімділігі де арта түсуі тиіс. ТКШ қарастырсақ, көптеген мәселелер бар. Әрине, бірінші мәселе үйдің тозуына қатысты. Бәрі жөнделіп бітпей, смарт шешімдер тиімсіз болып қала бермек», — деді әкімнің орынбасары.

Сонымен қатар, бүгін Конгресс аясында осы жылдың 14–16 шілдесі аралығында жас сәулетшілер мен студенттер арасында стартап уикенд форматында өткен «Қалалық орта: «ақылды» аудан» байқауының нәтижелері жарияланды.

Үш күн бойы, таңертеңнен кешке дейін байқау қатысушылары үш бағыт – қалалық орта үшін инновациялар, урбанистика және жергілікті қоғамдық кеңістікті дамыту, «жасыл» технологиялар енгізу бойынша шешімдер ойлап шығарды. «Ақылды» ауданның орналасқан жері ретінде Астана қаласындағы Жастар шағын ауданы таңдалды.  

Тұрғындар үшін қысқы жылыжай кешендерін жасауды ұсынған «Sredalab» командасы гран-при иеленді. Бұл жобаның ерекшелігі, жылыжайлардың ғимараттардың шатырлары мен қасбеттерінде шыны үйшіктер түрінде салынып, жылу трассалары, күн батареяларын қосу, жел энергиясы арқылы жылытыла алатындығында. Жылыжайдың іске қосылуынан түсетін кірісті идея авторларының ойынша, аудан тұрғындары аула территориясын абаттандыруға немесе балаларға қажетті құралдары сатып алуға бағыттай алады.

Бірінші орынды «Nurcelona» командасы иеленді. Олар қаладағы көлік тұрақтары үшін AirBnB баламасын жасауды ұсынған.

Қалалық дренаж жүйелерін ұсынған «RainTech» командасы екінші орынға ие болды.

Үшінші орынды «АТ мектебі» командасы алды. Олардың шешімі — мүмкіндігі шектеулі жандар үшін АТ-мектеп құру.

Астана әкімінің арнайы сыйлығымен «King Wins» командасы марапатталды.

Astana Innovations басқарма төрағасы Олжас Сартаев жеңімпаздардың өз идеяларын «ақылды» аудан жобасы аясында іске асыруға мүмкіндіктері болатынын айтты.

«Ол «Жастар» шағын ауданында. Бүгінде онда осы үш бағыт бойынша бірнеше технология енгізілген. Жұмыстар жалғасуда. Жылыжай кешендері туралы айтсақ. Оларды іске асыру үшін үш-төрт ай уақыт керек. Біз өз тарапымыздан бағалап, биыл ең болмаса бір жылыжайды шағын ауданға шығаруға тырысамыз. Көлік тұрақтары бойынша жобаларға қатысты. Оны Жастар шағын ауданында басымдықпен іске асырамыз. Бірақ біз бұл ауданмен ғана шектеліп қалмаймыз», — деді О. Сартаев.

2018 жылы сәуір айында Байқоңыр ауданының А. Бараев, А. Кравцов, Ж. Тәшенов және Т. Хусейн көшелерінің қиылысындағы «Жастар» шағын ауданында орналасатын «ақылды» аудан жобасы таныстырылды. Жоба 60 млн теңге жеке инвестициялар тартты. Инвестициялар «ақылды» есептеуіштерді орнатуға, жаяу жүргінші жолдарына, аялдамаларды, сонымен қатар фин компаниясының жылуды автоматты реттеуішін қоюға жұмсалды.

Халықаралық сәулетшілер конгресінің бірінші күні «Astana Innovations» АҚ мен Денсаулық сақтау министрлігі, Білім және ғылым министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, сонымен қатар «Ұлттық технологиялық даму агенттігі» АҚ арасында ынтымақтастық туралы 4 меморандумға қол қойылды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен олардың цифрлық кеңістікке енгізуге болатын сервистері бар. Бұл сервистер тізімі айқындалды. Сонымен қатар, біз мобильді қосымшаға шығара алатын қызметтер тізімі нақтыланды. Қазіргі таңда дәрігерді үйге шақыру мен дәрігердің қабылдауына жазылу мобильді қосымшада бар.

Конгресс аясында «Қалалық орта: дәстүрі және болашағы» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Шара пленарлық отырыс және 2 панельдік сессия форматында өтті:

Жаңа қалалар. Жаңадан бастау;

Әлеуметтік жобалау. Ауладан қалаға дейін.

Сонымен қатар Конгресс өткен күндері «Құндылықтарды саралау. Жаһандық мәнмәтіндегі жергілікті сәйкестік» тақырыбына «дөңгелек үстел» отырысы өтті. Конгресс жұмысы барысында сондай-ақ шеберлік сыныптары ұйымдастырылды, табысты шетелдік сәулетшілердің дәрістері оқылды, «Ортаны кім құрады?» тақырыбында диалог болды.