Қазақстан • 19 Шілде, 2018

«Altyn Kargaly» кохлеарлы имплант жүйесі орнатылған балаларды әлеуметтік ортаға бейімдейді

583 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жуырда «Altyn Kargaly» қонақүй-шипажайында кохлеарлы имплант жүйесі орнатылған балаларды тәулік бойғы әлеуметтік бейімдеу жұмыстарының ашылуы өтті. Шараға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты «Әлеуметтік оңалтуды дамытудың ғылыми-тәжірибелік орталығының» бас директоры Талғат Нұғұманов пен оның орынбасары Салтанат Смайлова, ғылыми-ұйымдастыру бөлімінің басшысы Анжела Саякова және әлеуметтік оңалту орталығының ел аумағында орналасқан бөлімшелерінен сурдопедагог, логопед, психолог мамандармен қатар кохлеарлы имплант жүйесі орнатылған балалар және олардың ата-аналары қатысты.

«Altyn Kargaly» кохлеарлы имплант жүйесі орнатылған балаларды әлеуметтік ортаға бейімдейді

Бұл шараның мақсаты – кохлеарлы имплант жүйесі орна­тылған балаларды әлеуметтік ортаға бейімдеп, есту және сөйлеу қабілеттерін жетілдіре отырып, сөздердің мағынасын еркін түсініп, сөздік қорларын да­мыту. 15 тәулік бойы өтетін оңалту шарасында орталық бөлім­шелерінен арнайы шақыр­тылған сурдопедагог, логопед, психолог мамандар 10 және 15 жас аралығындағы 31 бала­ға қажетті көмек жасамақ. Есту қабілеті зақымданған бала­лардың сөйлеу процессорларын баптау, қарым-қатынастық дағ­дыларын қалыптастыру, кохлеарлы имплант аппаратымен қоршаған ортаның дыбыстарын есту арқылы қабылдау қасиеттерін жетілдіру, тілдік қабілеттерін дамыту, ауызша сөйлеу қабілеттерін, бейвербалды ой-өрістерін дамыту, оңалту бағдарламасына кіретін зерделі ойындар және ата-аналарға психологиялық көмек беру қыз­меттері атқарылатын болады.

Мамандардың пайымдауынша, кохлеарлы имплант жүйесі орнатылған балалардың есту және сөйлеу қабілеттерін дамыту жұмыстары айтарлықтай нәтиже беруі үшін сала маман­дары және ата-аналардың тығыз қарым-қатынасы қажет. Ал Әлеу­меттік оңалту орталығы балаларды оңалтуда жоғары нәти­жеге жетелейтін өзіндік «үміт ошағы» рөлін атқаруда.

Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігінің қол­­­да­уымен жүзеге асып отыр­­ған бұл шара, ерекше қажет­тілікке мұқтаж балаларға ком­муникативтік дағдыларын дамытумен қатар, олардың қоғам­дық өмірге біртіндеп ену­лерін тездетіп, ата-аналарына да же­ңілдік әкеліп отыр.