Қазақстан • 19 Шілде, 2018

Бірлескен жаттығудың берері көп

302 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елімізге Өзбекстан әскери делегациясының ресми сапары шеңберінде Қорғаныс министрі, генерал-полковник Сәкен Жасұзақов пен Өзбекстан Республикасы қорғаныс ведомствосының басшысы, генерал-майор Абдусалом Азизов «Ерік дала» бірлескен тактикалық арнайы оқу-жаттығуының белсенді фазасына қатысты. 

Бірлескен жаттығудың берері көп

Оқу-жаттығу барысында Қазақстан мен Өзбекстан арнайы операциялар күштерінің бөлімшелері түнгі уақыттағы барлау, жауынгерлік іс-қимылдарды жүргізу бойынша тапсырмаларды орындады.

Іс-шараның шартты жоспары бойынша ұшқышсыз ұшу аппараттары 2500 метр биіктіктен әуе барлауын жүргізуі кезінде Су-30 СМ ұшағы жойған заңсыз қарулы құрылымның жан сақтап үлгерген тобы анықталды. Бұл дабылдан соң жедел түрде қарсыластың қозғалу бағыты бойынша 2000 метр биіктіктен десант түсіріліп, майдандық авиа­цияның атқылауын бағыт­тап отырды. Аталған заңсыз құры­лым елдімекен аумағында оқшауланып, шабуылдау жасақ­тарымен бір уақытта ұшқышсыз ұшу аппараттары және жерүсті электрондық-оптикалық барлау құралдары қолданылды.

 – Қазақстан мен Өзбекстан Қарулы Күштері арнайы операциялар күштерінің бөлімшелеріне қойылған тапсырмалар сәтті орындалды, бірлескен оқу-жат­ты­ғудың бірінші кезеңінің мақсат­тарына қол жеткізілді. Оқу-жат­тығудың екінші кезеңінің өткізілуі Өзбекстан Респуб­ли­касының «Фориш» оқу-жат­тығу орталығының базасын­да жоспарланып отыр. Сапар барысында біз Елбасы – Жоғар­ғы Бас Қолбасшы қойған тап­сырмалар шеңберінде көп­теген мәселелерді шештік деп айт­қым келеді. Біз жедел жауын­гер­лік даярлық және кадрларды даяр­лау мәселелерін шешуде толық­қанды ұғыну мен үйлесім­ділікке қол жеткіздік, – деді Қа­зақ­станның Қорғаныс министрі С.Жасұзақов.

Өз кезегінде, Өзбекстан әс­ке­ри ведомствосының басшысы, генерал-майор А.Азизов бірлескен жаттығулардың, кездесулердің жиі өткізілуі екі армияның өзара қарым-қатынастарына жоғары серпіліс беретінін атап өтті.

– Бірлескен оқу-жаттығулар түнгі жағдайларда жауынгерлік авиа­цияны анағұрлым заманауи техниканы қолдануда ар­найы бөлімшелеріміздің толық үй­лесімділігі мен өзара түсіністігін көрсетті. Менің ойымша, оқу-жат­тығу сәтті өтті деп бағалауға бо­лады, – деді Өзбекстанның қор­ғаныс министрі.

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар