Бизнес • 19 Шілде, 2018

Табыс пен мүлік жариялануы тиіс

425 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстандықтар 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жеке мүлкі мен кірісі туралы жылына бір рет есеп беруге міндетті. Бұл туралы кеше Үкіметтің баспасөз орталығында Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Мади Тақиев мәлімдеді.

Табыс пен мүлік жариялануы тиіс

Оның айтуынша, еліміздің әрбір азаматы меншігіндегі мүліктерді, оның ішінде пәтерлер, көліктер, банктегі салымдарын көрсетуі тиіс. Аталған декларацияны алдымен, кәмелет жасқа толған Қазақстанның барлық азаматтары, оның ішінде оралмандар мен Қазақстанда тұруға рұқсат қағазы барлар, екіншіден, мүлкі немесе мүлікте я бағалы қағаздарда үлесі бар кәмелеттік жасқа толмағандар, үшіншіден, ел аумағында мүлкі бар шетелдіктер толтырады.

− Үйіңізде сақтап отырған қолма-қол қаражатыңыздың барлығын көрсетесіз. Егер сома 500 АЕК-тен асып кетсе (шамамен 12 млн теңге) банктен шот ашып, сол жерге ақшаңызды салуға тиіссіз. Яғни банкте осындай көлемде ақшам бар деп көрсетуіңіз қажет. Ал кәмелетке толмағандар үшін олардың ата-аналары, болмаса қамқоршылары ЖСН арқылы декларация көрсете алады. Ал қаржыны қайдан алғаныңызды растау керек емес. Алдағы уақытта өзіміз мониторинг жүргіземіз, – деді Тақиев.

Алдын ала болжам бойынша, 2020 жылы Қазақстанда шамамен 12 млн 900 мың адам декларация толтыратын болады. Оның ішінде 7,4 млн адам − қала тұрғындары және 5,5 адам − ауыл тұрғындары болады деп күтілуде. Декларацияны толтырудың екі мерзімі бекітілген, яғни қағаз жүзінде есеп бергісі келгендер 15 шілдеге дейін, ал электронды түрде декларация толтыратындарға 15 қыркүйекке дейін уақыт берілмек. Әрі қарай жыл сайын «№260 формадағы» қысқаша декларацияны еңбекақы алатын студенттер, зейнеткерлер мен азаматтар толтырады.

Айта кетерлігі, елімізде бұған дейін де мемлекеттік қызметкерлер жыл сайын тапқан табысы мен мал-мүлкі жайында есеп беруді дағдыға айналдырған. Өткен жылы мемлекеттік қызметкерлер толтырған декларацияда 1000-нан аса кемшілік есепке алынып, оның ішінде сотқа жіберілгендері де бар.

Жаппай декларациялау алдымен елдегі жемқорлықтың алдын алса, екінші кезекте көлеңкелі экономикадағы қаржы айналымының тамырына балта шаппақ. Бұл ретте офшорлы аймақтағы шетел асқан қаражаттардың да елге қайтарылуына нақты қадамдар жасалады.

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»