Аймақтар • 19 Шілде, 2018

З.Самашев: Табылған жәдігерлер б.з.д 8-7 ғасырға тиесілі заттар болуы мүмкін

1142 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елді елең еткізген бұл жаңалық бүгін облыс әкімі Даниал Ахметовтің Тарбағатай ауданына археологтармен бірге жасаған жұмыс сапары кезінде айтылды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

З.Самашев: Табылған жәдігерлер б.з.д 8-7 ғасырға тиесілі заттар болуы мүмкін

«Бүгінде Елеке сазы аумағындағы 3 нысанда бір ай бойы қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр. Айта кету керек, атқарылып жатқан істің айтулы нәтижесі де бар. Тарих ғылымдарының докторы Зейнолла Самашевтің мәлімдеуінше, Тарбағатай тауларындағы Елеке сазындағы 2 нысаннан алтын заттар табылған. “Бұл – «Алтын адам» деген ұғымға сәйкес келетін ескерткіштердің бірі деп айтуға болады”, - дейді ғалым.

Қазіргі уақытта 3000-ға жуық алтын бұйым табылған. Болжам бойынша Сақ дәуіріндегі, яғни, б.з.д 8-7 ғасырға жататын бекзадалар мен ханшайымдарға тиесілі заттар болуы мүмкін. Әсіресе, әйел азаматтарының алтын әшекейлері, әр формадағы моншақтар және киімдеріне арналған жапсырмалар мен қапсырмалар өте көп. Сонымен қатар алтыннан соғылған ат әбзелдері де бар.

“Сол дәуірдегі шеберлердің алтын бұйымдарды жасау технологиясы таңқалдырады. Зергерлер диагоналы 1 мм болатын алтын моншақтарды тесіп, киімдерді көмкерген. Бұл дегенің сол замандағы жоғары мәдениет пен озық технологияның қолданыста болғандығын, яғни олардың ғажайып дала өркениетінің иесі екендігін айғақтайды”,-дейді археологтар» делінген облыс әкімінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Аталған қазба жұмыстарының жетекшісі Зейнолла Самашев дәл қазіргі уақытта жолда болғандықтан байланысқа шыға алмай отырмыз. Алдағы бірер сағаттар көлемінде Тарбағатайдан табылған алтын бұйымдар туралы тәптіштеп жазатын боламыз.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,

Тарбағатай ауданы

 Суреттерді түсірген Тілеубек Шаяхмет