Күрес • 19 Шілде, 2018

Қазақстандық грек-рим шеберлері Нью-Делиде жеті жүлде алды

553 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл күндері Үндістанның астанасы – Нью-Делиде өтіп жатқан жастар арасындағы Азия біріншілігін Қазақстанның грек-рим күресі шеберлері жеті жүлдемен қорытындылады.

Қазақстандық грек-рим шеберлері Нью-Делиде жеті жүлде алды

Жарыстың алғашқы күні бес салмақ дәрежесінің жүлделері сарапқа салынып, боз кілемге шыққан бес өреніміздің төртеуі қола медальді мойнына ілді. Олар – Арслан Әбдірахманов (55 кило), Тілек Әсембаев (63 кило), Санжар Темірбек (87 кило) және Антон Савенко (130 кило).  Екінші күні жерлестеріміз екі алтын және бір қола жүлдені иеленді. 60 кило салмақтағы Ғалым Қабдынасаров қарсылас шақ келтірмей жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілсе, 67 кило салмақта белдескен Мерей Бекенов те ешкімге бет қаратпай, екінші алтынды Қазақстан құрамасының қоржынына салды. Ал 82 кило салмақта күш сынасқан Станислав Рыльский үшінші орынға табан тіреді.  

Қоржынында 2 алтын және 5 қола медалі бар Қазақстанның грек-рим күресі шеберлері Азия біріншілігінің жалпы командалық есебінде екінші орынды олжалады. Бірінші орын Иран құрамасына бұйырса, қырғыздар үшінші сатыға жайғасты.       

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»