Аймақтар • 19 Шілде, 2018

Баянауылда Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 125 жылдығы аталып өтті

643 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мерейтойға арналған мәдени, спорттық іс-шаралар дәстүрлі әншілердің бірінші республикалық ән байқауымен жалғасты. Еліміздің өңірлерінен келген жас ақындар өлеңдерін арнады. Мерейтойға облыс әкімі Болат Бақауов бастаған  қонақтар, ақын-жазушылар қатысты. Торайғыр ауылы маңындағы ақын кесенесіне барып құран бағыштады. Сұлтанмахмұт музейін аралап көрді.

Баянауылда Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 125 жылдығы аталып өтті

Фото: Еламан ҚАБДІЛӘШІМ

Тойға келген қауым Торайғыр ауылының жанындағы этноауылда жиналды. Әр ауданның үйлері тігілді.  Бұхар жырау, Мәшһүр Жүсіп, Мұса Шормановтың атымен аталған ауылдар және «Қазақ ауылы» қонақтарды құшақ жая қарсы алды.

Ақын Сұлтанмахмұт ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамының шындығын, жаңашыл ой-пікірін жігерлі өлеңдері арқылы айта білді.  Бұған дейін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Баянауыл аудандық әкімдігі мен «Мәдениет порталы» Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 125 жылдығына арналған мәдени іс-шаралар шеңберінде республикалық ақындар мүшәйрасын жариялаған болатын. Онлайн-мүшайраға еліміздің түкпір-түкпірінен 36 ақын қатысты, 108 шығарма ұсынылды. Әр қатысушының өлеңдері «Мәдениет порталында» жарияланып отырды.

Табиғат аясында құрылған сахна төрінде республикалық онлайн-мүшәйраның жеңімпаздары мараптталды. Қазылар алқасының төрағасы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек  Шығыс Қазақстан облысынан келген Рауан Қабидолдинға Бас жүлде табыс етті. Шымкенттік ақын Батырхан Сәрсенхан бірінші, екінші орынды Қарлығаш Қабай мен Ұмтыл Зарыққанұлы иеленді. Үшінші жүлдені алматылық Айдана Қайсарбекқызын, көкшетаулық Қайрат Сейтқазин, павлодарлық Жарқынбек Амантайұлы алды. «Мәдениет порталы» Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы арнайы жүлде тағайындады. Бұл жүлдеге жерлесіміз Жоламан Әйткен ие болды.

Той соңы мәдени және спорттық шаралармен жалғасты.

Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»

ПАВЛОДАР