Аймақтар • 20 Шілде, 2018

Оралда жастарға қызмет көрсететін орталық ашылды

863 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Орал қаласында жастарға қызмет көрсететін арнайы орталық ашылды. Ол Батыс Қазақстан облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының жанынан құрылған.

Оралда жастарға қызмет көрсететін орталық ашылды

«Жаңа орталықта жастар жұмысқа орналасу, өз кәсібін ашу сияқты мәселелерде пайдалы кеңес, нақты көмек алады. Арнайы орталық мамандары жастар көп жиналатын жерлерге өздері шығып та қызмет көрсетпек. Қазір мұнда 4 маман бар, болашақта сұранысқа қарай оның саны көбеюі мүмкін», - дейді жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық басшысы Мержан Әбілқас.

Орал қаласында қызметін бастаған осындай орталық енді әрбір ауданда да ашылады. Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов өңірдегі барлық аудан әкімдеріне осындай тапсырма берді.

Айта кетейік, бүгінде Батыс Қазақстан облысы тұрғындарының 21,0%-ы жастар. Яғни 14 пен 29 жас аралығындағы жастардың саны 136 мыңнан асады. Олардың жартысына жуығы ауылда тіркелген.

«2018 жылдың 1 тоқсанында жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі - 4,0% болды. Жалпы Батыс Қазақстан облысында еш жерде оқымайтын, жұмыс істемейтін жастардың үлесі – 2018 жылдың 1 тоқсанында 2,8 пайыз. Қазіргі уақытта бұл республика бойынша ең төменгі көрсеткіш» делінген өңірдегі жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы таратқан мәлімдемеде.

2018 жылдың алғашқы жартысында 3573 жас түрлі қызмет іздеп, жұмыспен қамту органдарына жолыққан екен. Олардың 2889-ы жұмысқа орналасқан. Таратып айтар болсақ, 1425 адам дерекқорда бар тұрақты жұмысқа кірген, 902 адам әлеуметтік жұмыс орындары мен жастар тәжірибесіне жіберілсе, 562 жас қоғамдық жұмысқа тартылған.

Жыл басынан бері Батыс Қазақстан облысында 3 мыңға жуық жас маман мемлекеттік бағдарламалар және жобалардың игілігін көрген екен. Соның ішінде 747 маман «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы аясында қызметке алынса, 383 маман «Дипломмен ауылға» аттанған. Оларға тиісінше 246,7 млн теңге көлемінде көтерме жәрдемақы беріліпті. Ал 236 жас маман өзі барған ауылдарға тамыр жайып, баспаналы болған, оларға берілген жеңіл несие көлемі 802 млн.теңге.

Жастардың жұмысқа орналастыру мүмкіндігін кеңейту, жұмыссыз жастарды жұмысқа орналастыру, жұмыс берушілерге – ашылған бос жұмыс орындарына лайықты жұмысшы іріктеуге жәрдем беру, ықпалдасу мәселелерімен БҚО Жастар саясаты мәселелері басқармасы мен БҚО жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы тікелей айналысып отыр. Мәселен, дәл бүгін, 20 шілде күні «Uralsk job fair-2018» бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтіп жатыр. Оның нәтижесі сәл кейін белгілі болады.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан

Суретті түсірген Айбатыр НҰРАШ