Аймақтар • 20 Шілде, 2018

Бердібек Сапарбаев мәжіліс депутаттарымен кездесті

357 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Парламент Мәжілісінің өңірде жұмыс сапарымен жүрген бір топ депутаттарымен кездесті. Кездесуге Глеб Щегельский, Сергей Симонов, Дания Еспаева, Магеррам Магеррамов, Наринэ Микаелян, сонымен қатар, облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова қатысты.

Бердібек Сапарбаев мәжіліс депутаттарымен кездесті

Өңір басшысы мәжіліс депутаттарына облыстың ағымдағы жылдың бірінші жарты жылдығындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы мен мемлекет басшысы тапсырмасын орындау аясындағы жетістіктері туралы мәлімдеді.

– Мұнай өндіру көлемінің төмендеуіне қарамастан біздің облыстағы экономика өсімі 5,1 пайызды құрады, барлық негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер былтырғыдан жоғары. Бұл бізде белгілі бір резервтер бар деген сөз. Біз шикізаттық емес салаларды әртараптандыруға және дамытуға баса назар аударамыз. Осы жылдың қорытындысы бойынша мемлекет басшысының экономика өсімін 4-5 пайызға жеткізу тапсырмасын қамтамасыз етеміз деп сенемін, – деді Бердібек Сапарбаев.

Сондай-ақ, облыс әкімі депутаттарға денсаулық сақтау, білім беру, спорт, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы салаларының дамуы жайлы жете айтып берді.

Өз кезегінде Мәжіліс депутаттары Ақтөбе облысының даму қарқынына жоғары баға беріп, тұрғындарға көптеген жаңа әлеуметтік нысандардың салынғанын және ашылғанын атап өтті.

Бұдан басқа, сұхбаттастар Президенттің бес әлеуметтік бастамасының, мемлекеттік және салалық бағдарламалардың Ақтөбе облысында  жүзеге асырылуына қатысты бірқатар сұрақтарды талқылады.

Темір Құсайын

«Егемен Қазақстан»

Ақтөбе