Қазақстан • 30 Шілде, 2018

Тары өндірісі тасада қалмасын десек...

3101 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бүгінде Ақтөбе өңірін­де өнімі көл-көсір стра­те­гиялық дақыл ақ тарыны өндіру мен өңдеу ісін өндірістік жолға қою мәселесі өте өзекті. Өйт­кені ақ тарының атасы саналатын Ақтөбе облысында тары шаруашылығы кенжелеп қалды. Бұл кемшін дүниені еш сылтаумен ақтай да, түсіндіре де алмаспыз, сірә...

Тары өндірісі тасада қалмасын десек...

Әйгілі ақтөбелік тары өсіруші, даңқты диқан Шығанақ Берсиев әлемдік рекорд жасаған кеңестік кезеңнен бері сексен жылға таяу уақыт өтіпті.  Отызыншы жылдардың соңында оның звеносы гектарына 25 центнерден өнім алса, арада аз жыл өтпей 1943 жылы қыс бойы тары тұқымын әзірлеп, баптап, мұқият іріктеудің және егістік кезіндегі егінді күту, ысырапсыз ору іспетті ерен еңбектерінің арқасында гектарына 205 центнерге дейін өнім алғаны кешегі тарих парақтарында қаттаулы. Соғыс жылдарында Ақтөбе облысынан шыққан берсиевшілер қозғалысы сексенінші жылдарға дейін тары өндірудің туын биігінде желбіретті. Дүниежүзілік рекордтарымен өңірдің де, өздерінің де абыройы асты.

Олардың арасында Ойыл ауданынан Зәуре Баймолдина, Ақбала Берсиева, Қашқын Соқыров, Таған Ұзақбаев, Балмұқан Ақабаев, Қобда ауданынан агроном Ивченко, Әзима Бектенова, Ырғыз ауданынан Өксікбай Ашамбаев, Қойлыбай Белесов, Мәртөк ауданынан агроном Неженцева сияқты елеулі еңбеккерлер шықты. Ендеше Шығанақ атамыз шыңына шы­ғар­ған шаруашылықта қазір қан­дай өзгеріс бар? Озық заманауи технология қолға тиген кезде ең­бекқор ерлер қос қолымен аялап, мәпелеп өсірген тары өнімінің ширегіне де қол жеткізе алмай жүргеніміз қалай? Осы түйткілге ой жүгірткенді жөн санадық.

Әрине, тары өндірісінің өрі­сін өсіруге, өнімін көбейтуге кө­бірек көңіл бөлінсе, белгілі бір нәтижеге қол жеткізуге бола­ды. Қазіргі кезде Ақтөбе облысында тары егістігінің көлемі 9 мың гектарды құрайды. Оның басым бөлігі Ойыл ауданында ор­наласқан. Одан кейінгі тары тана­бының үлесі өңірдегі Қобда, Қарғалы және Мәртөк аудандарына тиесілі. Шынтуайтына кел­генде, басты мәселе тары егіс­тігінің қанша гектар жерге егіл­генінде емес, керісінше белгілі бір аумақтан жиналатын тары егістігінің түсімі мен сапа­сын молайтуда. Бұл бағытта ақ тарының атасынан қалған ең­бек дәстүрі айқын жол көрсетіп тұрғаны анық. Осы сабақтастық үзілмесе, яғни аумағы аз алқаптан айтарлықтай мол өнім жинаудағы жетпіс-сексен жыл бұрынғы жетістіктермен бүгінгі ауыл шаруашылығындағы соны технологиялар ұштастырылса, ұтыла қоймасымыз кәміл.

Ақ тарының атасы шыққан Ақтөбе өңіріндегі тары алқап­тары­нан көңілдегі мол өнімнің алы­на қоймауының сыры неде? Сала мамандары мен сарап­шы­лардың айтуынша, бұл кем­шіліктің басты себебі – тары өсіру шаруашылығының қазіргі за­манғы тактикасы мен стра­тегиясының нақтыланбауында әрі тары өсіру технологиясының жа­ңа талаптарға сай тиімді тәсіл­дері мен жолдарының жасақ­талмауында жатыр. Ең бастысы тұқым мәселесі. Мол өнім алу­ға негіз болатын сапалы тары тұқымының аздығы тары өсіруші шаруашылық құрылымдарының адымын аштырмай отыр. Яғни тұқым тозса, өнім де азаяды. Дәннің көлемі кішірейеді. Соның салдарынан отандастарымыз табиғи тарыны тұтынудың орнына шикі сөктен қайнатылған өнжеусіз өнімді ауызға салуға мәжбүр.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан­ Назарбаев халыққа арна­ған Жолдау­ларында отандық ғылымның өндіріс пен ауыл шаруашылығы секторының дамуына қызмет етуі керектігін ұдайы айтып келеді. Міне, ғы­лыми ізденістер мен озық тә­­жірибелердің қат жері де, қа­жет жері де дәл осы тары та­нап­тарының түсіміне байланыс­ты болуы тиіс еді. Бірақ ға­лымдар бұл бағытта жұмыс жүр­гізе алмай отыр. Ғылымның көмегі арқылы тары тұқымының сапасын жақ­сартудың жолдарын жүйелеу ісі кемшін. Бұл ретте өсімдік ша­руашылығы бойынша ғылыми зерт­теу институттары мен ауыл шаруашылығының тәжірибелік алқаптары үлес қосуы тиіс. Мә­се­лен, Ұлттық аграрлық ғы­лы­ми оқу орталығы тары өн­ді­рісін өндірістік тұрғыдан жолға қою мәселелеріне байланысты ғылыми тұжырымдары мен дә­лелдерін алға тартуы қа­жет. Әрине бұл бағытта өңірдегі ғы­­­лым өкілдерінің әлеуеті мен кәсіби біліктілігіне күмән кел­тір­мейміз.

Соңғы жылдары Ақ­төбе облысында өңір брендіне ай­налған Мұғалжар жылқысы және цигай асыл тұқымды қойы өсірілуде. Тары тұқымын жақсарту мәселелерінде де осын­дай пайдалы ғылыми ізде­ністер өмірге келсе, осы күнгі олқылықтың орны толар ма деген ой келеді. Әйтсе де, Ауыл ша­руашылығы министрлігінің құзырына қарайтын өңірлік ор­талықтардың материалдық-техникалық базасының төмендігі бұл іске әжептәуір қолбайлау туғызып отыр. Айталық, Ақтөбе ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасында ғылыми жұмыс­тар жүргізуге қажетті техникалық қон­­дырғылар мен жабдықтардың ес­кіруі жұмысты жаңа бағытта өрбітуге мүмкіндік бермейді. Өйт­кені тозығы жеткен техникалар заманауи талаптар мен стандарттар деңгейіне жауап бере алмайды.

Бүгінде облыста тары танаптарынан мол түсім алып жүрген ша­руа қожалықтары аз болса да бар. Сондай шаруашылықтардың бірінің ілкімді ісін Жұмабай Жақып есімді диқан жүргізіп отыр. Ол өз сөзінде Ақтөбе се­­кіл­ді тары өсіру тәжірибесі мен дәстүрі қалыптасқан өңір­де­гі тары алқаптарында агро­тех­никалық шаралардың өз дең­гейінде жүргізілмейтінін айтады. Бұл өнім көлемінің тө­мендеуіне кері әсерін тигізбей қоймайды, дейді диқан. Яғни «жаяудың шаңы шықпас, жал­ғыздың үні шықпас» деген ха­лық нақылы осындайда ойға орала береді. Тары өсіру мен өңдеудің білікті маманы таяуда тары өңдейтін цех ашуға белін бекем буып отыр. Десе де Ойыл аумағында бұл іспен айналысатын ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері әзірге құ­рылмаған. Бұл жағдайда дәс­түр­лі саланың жаппай өсіп-өр­кендей қоюы екіталай болып қала бермек.

Облыстық ауыл шаруашы­лығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсенбайдың айтуынша, өндірістік коо­перация құ­ру өнімді одан әрі молайтуға әрі шығындарды біршама тө­мендетуге мүмкіндік береді. «Сон­­­­дай-ақ кооперация мүшелері өз өнім­дерін өңірлік әлеуметтік-кә­сіп­керлік корпорацияның кө­мегімен облыс орталығындағы «Табыс» коммуналдық базары ар­қылы емін-еркін әрі ұтымды ба­ғаға өткізе алады. Сонымен бір­ге агроөнеркәсіптік шаралар шең­берінде әлдеқашан қат­қан көңге айналған тары ал­қап­тарын құнарландырудың пайдасы мол. Бұл сүдігер жырту, тыңайтқыштар себу және егіс айналымы жүйесін оң жолға қою секілді кешенді шаралардан тұ­рады. Қазіргі кезде тыңайтқыш пен гербицид алушыларға мемлекет тарапынан 50 процент көлемінде және сапалы тұқым сатып алушыларға 30-70 процент ара­лығында субсидия беріледі. Бұл тары өсірушілер үшін үлкен жеңілдік, дейді Қ.Сәрсенбай.

Тарының стратегиялық дақыл атануының себебі бар. Бұл дәнді дақыл ұзақ жылдар бойы сақтауға шыдамды. Сонымен қатар адам денсаулығын жақсартуға әсер ететін басты фак­тор­лардың бірі – отыз екі тістің түспеуі болса, үнемі тары тұтынған адамның тісі берік болмақ, дейді дәрігерлер. Ел ішінде тары жөнінде айтылған афоризмдер де жеткілікті. Айта­лық, Ақтөбе өңіріне кеңінен танымал тарытанушы-қаламгер, Ойыл ауданының құрметті азаматы Аманқос Орынғалиұлының «бидайдан бір тамғанда, тарыдан екі тамады» деген нақылға бергісіз сөзі халықтың аузында жүр. Осы бір ауыз сөзде тарының бүкіл қасиеті көрінеді.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше