Ой елегінен өткізсек, әлі біздің қоғамымызда орынды-орынсыз сән-салтанат жетіп-артылады. Ру-руға бөлініп алып, жыл сайын ас беру, ат шаптыру көп аймақта үйреншікті дәстүрге айналды. Ата-бабаларымыздың тарихын зерттеу, ұлт батырларын еске алу, аруақтарға ас беру, өңірдің белгілі тұлғаларына, батырларына ескерткіш пен күмбез-белгі орнату, білгенімізді қағазға түсіру, олардың есімдерін келер ұрпаққа жеткізу керек те шығар. Бірақ бұл тым шегінен шығып, бәсекеге айналып кетпеуін ұмытпауымыз керек сияқты.
Өткен күндердің бірінде Ақтөбе өңірінің діни басқармасы облыс көлеміндегі имамдардың басын қосып, қайтыс болған адамның қонақасы садақасын ықшамдап өткізуге, ысырапқа жол бермей, өлікті соңғы сапарға шығарып салу кезінде төбе басында ақша, шай таратпауға үндеу тастады. Бұл өте құптарлық ұсыныс бүгінде өз нәтижесін беріп, көпшіліктен қолдау тауыпты. Сол үндеу еліміздің бүкіл аймақтарында қаперге алынып, іске асқанын қалар едік. Шындық қой, тек қазақ қандастарымыздың ортасында ғана осындай ысырапшылдық, аста-төк кеңінен етек алып барады. Тіпті, жарысқа түскендей, бірінен-бірі асып түскісі келеді. Кім екенін көпшілікке көрсетіп қалғысы келгендей.
Айтыңызшы, қатар тіршілік етіп жатқан этнотоптарда (өзбек, дүнген, ұйғыр және тағы басқалар) кісісі қаза болған отбасында үш күнге дейін қазан көтеріліп, ас пісірілмейді. Қонақасы деген оларда мүлдем жоқ. Сырттан келген жекжат-жамағаттарға көршілері мен туыстары үйлеріне шақырып, ас-су береді. Ал бізде қаза болған үйдің ауыртпалығын бөлісудің, уайымын көтерудің орнына олардың жақындарын әлек-сарсаңға салып, жылқы сойғызып, қазан-қазан ас пісіртіп, базарға жүгіртіп, үстел қайысқан көлдей-көлдей дастарқан жайдырып, азаннан кешке дейін көңіл айтып келгендерге ас-шай беруге мәжбүр етеміз. Бір бөлмеде қаза болған кісілердің жақындары жаны күйзеліп жылап-сықтап отырса, екінші бөлмеде немесе аулада қойылған шатыр астында әңгімені гөйітіп, ара-арасында әзіл-қалжыңмен қағысып, сылқ-сылқ күліп, ас жеп, ыстық сорпа мен шайға шып-шып терлеп отырған жандарды көріп жүрегің мұздайды. «Біреуге жан қайғы, біреуге мал қайғы» дегендей, соңғы жылдары қалыптаса бастаған осы жағымсыз дәстүр орынды ма? Бізден басқа қай халықта осындай әдет-ғұрып бар?
Енді қаза болған үйдің мүшелері ұйымдастыратын қонақасыға келейік. «Қонақасы» деген сөздің өзі айтып тұрған жоқ па, ол кімге арналғанын. Бұл – алыс жерден, сырттан көңіл айтып, жерлеуге, өмірден өткен жақын адамға топырақ салу үшін келген қонақтарға, жекжат-жамағатқа берілетін ас. Ертеде солай болып қалыптасқан болатын. Ал қазір біз оны үлкен той дәрежесіне көтеріп жібердік. Мейрамханаға орынды-орынсыз 300-500 адам қаза болған үйдің есебінен мол дастарқан басына жиылып, тойғанымызша ас ішіп, ет жеп, қымыз-шұбат ішіп, алма-өрік жеп, шаймен сусынымызды қандырамыз. Сонда кім болғанымыз? Мұны қандай қасиет деп қабылдауымыз керек?
Қазақ дәстүрінде жоқ бейсенбілік беру, жүздік өткізу соңғы жылдары өмірімізге енгені рас. Бұл да бекершілік, Құранда және басқа да діни кітаптарда жоқ жаңа дәстүр. Өмірден озған адамға Құран оқыту кез келген уақытта бола береді емес пе? Неге апта сайын мал сойып, қазан көтеруді жалпы халыққа міндеттеуіміз керек?
Әр аймақта діни басқармалар, бас имамдар, жергілікті мешіт қызметкерлері бар. Олар неге осы мәселелерге көңіл аудармайды? Олардың әрқайсысы жергілікті халыққа талап-тілектерді жеткізіп, теріс, керексіз дәстүрлерден тазартып отырса несі артық? Бұл көптен бері біразымызды толғандырып жүрген ой болатын. Дер кезінде көтерілген ойласуды барымызша қолдаймыз.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық ойлы мақаласында да «Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгертпейінше, біздің толыққанды жаңғыруымыз мүмкін емес», деп көрсетілген емес пе. Ендеше, еліміздің жаңа тарихи кезеңге аяқ басқанын ұғып, оны алға алып бару үшін рухани болмысты барынша мықты етіп қалыптастырып, ұлттық сана мен рухты әр ойлы азаматтың бойына сіңірсек қана іске асатынына қосыласың. Аяқтан шалатын кереғар пиғылдан, керексіз салт-дәстүрден арылғаны жөн.
* * *
Қысқасы, мына беймаза дүниеде ой талқыға салатын көлеңкелі тұстарымыз жоқ емес. Бұл күндері көпшілік арасында «Рухани жаңғыру» мәселесі қызу талқыланып, көп мәселе қайта қаралып, қолдау табуда. Жоғарыда айтылған жайттар да елдің қаперінде болып, орынды шешімін тапса артық болмас еді. Бұған діни қызметкерлеріміз де өз пікірлерін қосқаны жөн. Ендігі әңгіме соларда!..
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының докторы, профессор
ТАРАЗ