Елбасы үнемі жастарға қамқорлық көрсетіп, білімді жастарды қолдап келеді. Мемлекет қамқорлығымен осыдан бірнеше жыл бұрын өңірлерден жастар саясаты басқармасы құрылды. Десек те өңірлерде жүрген жастардың жағдайы қалай? Әсіресе ауылды жерлердегі жастар не істеп жүр деген сауал туады.
Бүгінгі таңда Жамбыл облысында 263 мыңнан астам жас бар екен. Ал сол екі жүз мыңнан астам жастың бәрі жұмыспен қамтылған, қоғамнан өз орнын тапқан десек, шындықтың ауылынан алыстайтынымыз анық. Алайда облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының мәліметінше, өңір жастарын жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту бойынша нәтижелі көрсеткіштер орын алған екен. Ағымдағы жылы жастарды ваканттық бос жұмыс орындарына, жастар практикасына, әлеуметтік жұмыс орындарына тарту бойынша 12003 жасты жұмыспен қамту белгіленіпті. Сонымен қатар биыл 29 жасқа дейінгі 5223 жас жұмыспен қамтылған. Оның ішінде 1892 жас ваканттық бос жұмыс орындарына орналасса, 1250 түлек жастар практикасына, 221 азамат әлеуметтік жұмыс орындарына жолданған. «Сондай-ақ 1035 жас қысқа мерзімді, 97 жас кәсіпкерлік негіздеріне оқытылса, 728 жас ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылды. Қазіргі кезеңде 25 мүмкіндігі шектеулі жас тұрақты жұмыспен, 54 мүмкіндігі шектеулі жас уақытша жұмыспен қамтылса, 22 мүмкіндігі шектеулі жас қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жолданды», дейді басқарма басшысы Мәди Мәтен.
Қазіргі кезде қоғамда NEET жастар деген ұғым қалыптасты. Олар еш жерде оқымайтын, еш жерде жұмыс істемейтін жастар санатында. Осы санаттағы жастардың көрсеткіші облыста 10,7 пайызды құрап отыр. Жыл басынан бері өңірде 19 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтіп, 266 жұмыс берушіден 953 бос жұмыс орындарына ұсыныс түсіпті. Нәтижесінде 102 жас тұрақты жұмысқа орналасқан.
Бүгінде жастардың жұмысқа орналасуы өзекті мәселе. Сол сияқты олардың білім алуы да маңызды. Жамбыл облысынан бүгінде «Серпін-2050» жобасы бойынша 820 студент мемлекеттік гранттарды иеленіп, еліміздің Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарында білім алуда. Жалпы, қазіргі кезеңде жастардың өзін-өзі дамытып, қоғамға үлес қосуы үшін мемлекет тарапынан тиісінше мүмкіндіктер қарастырылған. Сондай жобаның бірі Дүниежүзілік қайта құру және даму банкінің қолдауымен жүзеге асқан Білім және ғылым министрлігінің «Жас проект» жобасы. «Өткен жылы аталған жоба Алматы, Павлодар, Түркістан және Қарағанды облыстарында бастау алды. Ал ағымдағы жылы Жамбыл, Қызылорда, Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында жалғасын тапты. Мұнда әрқайсысы 1 миллион теңгеден болатын 1000 жоба бар. Ал жобаға қатысу үшін 3, 4, 5 адамнан команда құрылу керек. Жобаның жалпы мақсаты – жұмыссыз жастарға қолдау көрсетуге және айлық табысы аз адамдарға бағытталған. Мұнда жастарға алты ай бойы әлеуметтік көмек көрсету тегін. Мәселен, жобаға қатысқан орта білімі бар азаматтың айлығы 40 мың теңге болса, жоғары білімі бар жастар үшін – 60 мың теңге. Бұл күнде Жамбыл облысынан 300-ден астам жоба тіркелген», дейді «Жас проект» жастар жобасының оқыту менеджері Абзал Есіркепов.
Егер мұндай жобалар жастардың жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелеп жатса тіпті жақсы. Бұл орайда көп нәрсе жастардың өзіне де байланысты сияқты.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы