Аймақтар • 24 Шілде, 2018

Қарағандыда мем­ле­­кет­тік тілді оқытуды жетіл­ді­ру жә­­не біріздендіру бойынша семинар өтті

862 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Қарағанды облысының тіл­дер­ді дамыту жөніндегі бас­қармасы» мемлекеттік меке­ме­сінің жуырда ғана құрылған ре­сурстық тіл орталығының ұй­ым­дастыруымен «Ұлттық стан­дарт негізінде мем­ле­­кет­тік тілді оқытуды жетіл­ді­ру жә­­не біріздендіру жолдары» ат­­ты әдістемелік семинар өтті.

Қарағандыда мем­ле­­кет­тік тілді оқытуды жетіл­ді­ру жә­­не біріздендіру бойынша семинар өтті

Аймақта Елбасы Н.Ә.Назар­ба­евтың «Рухани жаң­ғыру» бағ­дар­ламасы өз жемісін беріп келеді. Қа­рағанды облыстық тілдерді да­мыту жөніндегі басқармасына қа­расты жаңа орталықтың ашылуы – осының жарқын дәлелі. Мем­лекеттік тіл саясатын тиімді жү­­зеге асырып, латын графика­сын енгізу барысында әдістемелік көмек көрсету мақ­са­тында ашылған «Ресурстық тіл ор­­талығы» коммуналдық мем­ле­кет­тік мекемесінің екі бөлімі жұ­мыс істейді. Жаңа орталықта латын графикасына көшу бойынша оқы­­ту және әдістемелік жұмыс, сон­­дай-ақ латын графикасына кө­шу бойынша талдау, монитори­нг және ақпараттық технология­лар бө­лімдерінің мамандары алдағы уа­қыт­та ұйымдардың іс-қағаз­дарын, БАҚ-ты және көрнекі ақпараттарды латын графикасына көшіру, латын графикасына көшу үдерісіне жаңа тех­­нологияларды енгізу, үш­тіл­ді­лікті енгізу бағытында жұмыс атқаратын болады.

Таяуда орталық аудан, қала­лар­дағы тілдерді дамыту бөлім­де­­рінің мамандары мен оқыту ор­та­лықтары директорларының ба­сын қосып, Қазақстан Респуб­ли­­касында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жыл­дар­ға арналған мемлекеттік бағ­­дар­­ла­масы мен қазақ тілін мең­ге­ру­дің коммуникативтік тілдік құзы­рет­тіліктерін белгілейтін Ұлттық стандарт талаптарына сәйкес мем­­лекеттік тілді бірізге түсіру мақ­­сатында әдістемелік семинар өт­кіз­ді. Семинарда «Сарыарқа 2» оқу-әдістемелік кешені негізінде мем­­лекеттік тілді оқытудың жүйе­лен­­ген бағдарламасын әзірлеу, курс тың­даушыларына берілетін серти­фи­­каттардың бірыңғай үлгісін бе­кі­ту, тіл оқыту орталықтары мен ку­рстары әдіскерлерінің жә­не оқы­тушыларының кәсіби бі­лік­ті­лігін арттыру мәселелері тал­қы­ланып, орталықтардың әлеуетін көтеріп, қазақ тілін оқытуды бір жүйеге келтіру үшін 2018-2020 жылдар ара­лығында жүзеге асырылуға тиіс­ті іс-шаралар ортаға салынды. Ре­сурстық тіл орталығының дирек­то­ры Гүлназ Мұстағұлова семинар шымылдығын ашып, оқыту орта­лықтарындағы мемлекеттік тіл­ді оқытудың қалай жүзеге асып отыр­ғанына жан-жақты тоқт­ал­ды. Баяндамашы өз сөзінде 2018 жылдың І жартыжылдық қо­рытындысы бойынша облыс ау­ма­ғында мемлекеттік тілді оқы­ту курстарына – 1398, ал ағыл­шын ті­лін оқыту курсына – 974 тың­дау­шы қамтылған, оның ішін­де об­лыстық тілдерді дамыту жө­нін­­дегі басқармасының тапсыр­ма­­сы негізінде мемлекеттік тілге – 365, ағылшын тіліне – 165 адам қам­тылғанын айта келіп, «ҚАЗ­ТЕ­СТ» жүйесі бойынша сер­ти­фи­кат­тық тестілеудің үш­жыл­­дық қо­ры­тындысымен таныс­тырып, тес­тіл­еу бойынша ал­дымызда тұр­ған міндеттерге ба­са назар аудар­ды. Со­нымен қо­са аймақтардағы оқыту орта­лық­та­рының хал-ахуалына тоқталып өтті.

Бүгінде мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру мақсатында Балқаш, Шахтинск, Жезқазған, Теміртау, Саран қалаларында тілдерді оқыту орталықтары ашылып, мемлекеттік және ағылшын тіл­дері оқытылуда. Айта кету керек, бұл күнде жұмысын дөңге­ле­тіп отырған әр орталықтың өзін­дік ерекшелігі бар. Атап айт­қан­да, Жезқазған орталығы өзі­нің орналасқан географиялық жағ­дай­ына байланысты орта және одан жо­ғары деңгей топтарын оқытып, «Ше­шендік өнер» курсын жүргізіп отыр­ған бірден-бір орталық болса, Балқаш орталығы штаттық кесте бойынша маман саны ең көп әрі мемлекеттік тілге оқытқан тыңдаушы саны жағынан да көш бастап тұр. Шахтинск орталығына келе­тін болсақ, «ҚАЗТЕСТ» жүйе­сі бойынша оқыту әдістемесін дұ­рыс қалыптастырып үлгерген орта­лық ретінде жемісті еңбек етіп келе­ді. Ал Теміртау және Саран қа­лалары өзге ұлт өкілдері тығыз қо­ныс­танған қала болғандықтан, қа­зақ тілін оқыту мәселесі әлі бір­неше жыл бойы күн тәртібінен түспеуге тиісті. Семинарда аталған орталық өкілдері жергілікті жерде тіл саясатын жүзеге асыруға өз­де­рі­нің қосқан үлесі туралы, ат­қар­ған жұ­мыстары төңірегінде сөз қоз­ға­ды.

Одан әрі ресурстық тіл орта­лы­ғы­ның латын графикасына көшу бой­ынша оқыту және әдістемелік жұ­­мыс бөлімінің меңгерушісі Жұ­пар Жақанова қордаланып қал­­ған мәселелерге тоқталып, оны шешу жолдарында бірлесіп жұ­мыс істеуге шақырды. Орталық ж­ұ­мыс­тарын жандандыру үшін жүйе­лі жұмыс жасау қажеттігін ба­са айтты.

Елбасымыз: «Халықаралық тә­жі­рибелерге сүйене отырып, қазақ тілін оқытудың қазіргі заманғы озық бағдарламалары мен әдістерін әзір­леп, енгізу қажет. Мемлекеттік тіл­ді тиімді меңгерудің ең үздік, инно­ва­циялық әдістемелік, тәжірибелік оқу-құралдарын, аудио-бейнематериалдарын әзірлеу керек», – деп атап көрсеткен еді. Республика көле­мінде осы бағытта біршама жұ­мыс атқарылды. Сонымен қоса Қарағанды облысының мемлекеттік тілді оқытудың әдістемесін жетіл­ді­ру бағытында үлкен жобаны жүзеге асырғанын атап кету керек. Қарағанды облысы тілдерді да­мыту жөніндегі басқармасының қол­дау көрсетуімен Ұлттық станда­рт талаптарын басшылыққа алған бе­с­деңгейлік «Сарыарқа 2» оқу-әдіс­те­мелік кешені әзірленді. Қазіргі уақытта тілді оқыту жүйесін біріз­ден­діру барысында «Сарыарқа 2» оқу-әдістемелік кешенінің алатын орны ерекше. Кешеннің А1 жә­не А2 деңгейлеріне арналған оқу құралдары республикаға таралды. Оқу құралы сөйлеу әре­к­етінің түрлері бойынша дең­гей­леп оқытудың халықаралық тәжірибелеріне негізделген.

Ресурстық тіл орталығының ла­тын графикасына көшу бойынша оқыту және әдістемелік жұмыс бөлімінің әдіскері Әсия Смықова жаңа әліпбиді оқытып-үйретудің әдістемесін көрсетті.

Семинар жұмысын қорытын­ды­ла­ған ресурстық тіл орталығының дирек­торы Гүлназ Мұстағұлова алда­ғы жоспарлармен бөлісті. Ал­дағы уақытта ресурстық тіл орта­лы­ғы жанынан жұмыс топтары құ­рылатынын, топ мүшелерінің күші­мен мемлекеттік тілді оқыту бары­сында шешімін таппай отырған бі­раз мәселенің басы қайырылып, оң нәтижеге қол жеткізуге болатынына тоқталды.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше