Қазақстан • 24 Шілде, 2018

Швед жиһанкезі Шымбұлаққа шықты

1040 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Демалыс күндері Алматы қаласының маңындағы Шымбұлақ тау шаңғы курортында өткен International Mountain Sports Festival, яғни III халықаралық тау және спорт фестивалі тау туризмінің өркендеуіне бір кісідей үлес қосып жүрген танымал тұлғаларды тоғыстырған-ды.

Швед жиһанкезі Шымбұлаққа шықты

Үш күндік фестивальдың айта қаларлықтай оқиғаларының бірі – әйгілі швед саяхатшысы, Халықаралық табиғатты қор­ғау одағы және Snow Leopard Foun­dation қорының елшісі Йо­хан Ниль­сонның Алматыға келуі еді.

Жаһан кезгенді, адам аяғы баспаған мекендерді көруді ар­мандайтындар үшін Йохан Нильсонның есімі таныс. Бүкіл өмірінде әлемнің 169 елін ара­лап, 70 бірдей биіктікті бағын­дыр­ған саяхатшы осы күнге дейін 52 экспедицияға қатысып үлгерген.

Қайыққа мініп алып, аспанда қалықтауды армандаған Йоханның бұл қиялы да жү­зеге асқан. Сегіз жылдан ас­там уақытын әлемнің әр шал­ға­йында, шатыр астында өт­кіз­ген жиһанкез былайғы жұртты қор­­шаған ор­таны қорғауға, тау-тастың ара­сын қоқысқа тол­­­­тырмауға шақырып жүрген адам.

Тіпті адам жегіштердің арасынан да дін-аман шыққан сая­хатшы өз өмірі туралы тын­бай әң­гімелеуге даяр. Ол Шым­бұ­лақ­тың келешегі бар деп есептейді. Өйт­кені Шымбұлақ қа­ланың тура түб­інде тұр. Және Алматыға көп­те­ген мемлекеттерден тікелей ұшып келуге болады. Белгілі швед саяхатшысы уақыт өте келе Қа­зақ­стан шынында да табысты ту­рис­­­тік ел бола алады деп болжай­ды.

Талай аң-құсты құтқарып, шипасын іздеп, сауап жинап жүрген саяхатшы қазақстандық БАҚ өкілдерімен өткен басқо­суда, өкінішке қарай әр елде ұшырасатын қоршаған та­биғатқа қатысты мәселелерді қозғады. Үш жыл бойы Нильсон мен оның әріптестері жалпы саны 250 адамның қатысуымен арнайы экспедициялар ұйымдастырған. Экспедиция мүшелері әлемнің ең биік нүктесі Эверестің өзінен 15 тонна қоқысты төменге тү­сір­ген. Йохан Нильсоның айту­ын­ша, осыншама қалдықты лақ­­ты­ратын шетелдік туристер емес, жер­гілікті тұрғындар. «Ме­нің­ше, адамдар өздері тұратын ай­мақ­тың сұлулығын сезбейді, қа­ді­рін білмейді. Сондықтан инфра­құ­рылымды дамытуды ғана қол­ға алмай, жергілікті халыққа ақ­парттық жұмыстарды жүр­гізу аб­зал және тасталған қоқыс үшін айып­пұл салу жүйе­сін енгізуді жү­зеге асыру орынды, тиісінше, тұр­ғындар қоқысты тастау алдында ойланады, бірегей тау жүйесі мен қор­шаған ортаны тазалықта ұс­тауға ниеттенеді», – деді Йохан Нильсон.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар