Тәрбие • 27 Шілде, 2018

Безбүйрек ананың жазасы қандай?

1821 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Безбүйрек ана», «дәретханадан табылған тастанды бала»... Мұндай сөздерді есітуге құлағымыз үйренді, етіміз де өлді...

Безбүйрек ананың жазасы қандай?

Қылмыстық кодекс­тің 100-бабы – «Жаңа туған сәбиді анасының өлтіруі» деп аталады. Онда «...есінің дұрыстығын жоққа шығармайтын психикасы бұзылуы жағдайында өлтіруі – төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге немесе сол мерзімге бас бостандығынан айы­руға жазаланады» делінген.

Баласын тастап кеткен аналар «Қауіпті жағдайда қалдыру» деп аталған 119-бап бо­йынша жауапкершілікке тартылады. Онда кісі өлімі болған жағ­дайда қылмыскер үш, бес жыл­ға дейінгі мерзімге бас бос­тандығынан айы­рылатыны жа­зылған. Бірақ бұл баппен баласын туып тастап кеткен ана­лар жазалануы мүмкін. Ал баласын тумай артынша, яғни, тууға жеткізбей өлтіргендердің мәселесі ел заңнамасында қа­рас­тырылмапты. Бұл әлбетте өкінішті жағдай. Іште тоғыз ай толып, айы-күні жеткен бала – бала да, алты-жеті ай болып, енді бір екі-үш айдан соң сап-сау, шекесі торсықтай болып туылғалы тұрған бала – бала болмағаны ма?

Еліміздің Қылмыстық кодек­сін­де «Заңсыз түсік жасау» деген бап бар. Бірақ бұл 319-бапта «тиісті бейіндегі жоғары ме­ди­­ци­налық білімі жоқ адам» және «тиісті бейіндегі жоғары ме­дициналық білімі бар адам» заң­сыз түсік жасағанда берілетін жазалар туралы айтылған. Егер заңсыз түсік жасау кезінде адам өлімі болса, абортты жасаған адам үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Аталған 319- баптың мақсаты түсік жасататын әйелдің денсаулығын сақтау мен медициналық қызмет­кердің жауапкершілігін арттыруға ба­ғытталғаны көрініп тұр.

Енді «заңсыз» түсік пен «заң­ды» түсіктің ара жігін айыру үшін «Халық денсаулығы және ден­саулық сақтау жүйесі туралы» кодекске жүгінеміз. Аталған кодекстің 104-бабында әйелдің қалауымен он екі аптаға дейін, әлеуметтік айғақтар болған жағ­дай­да жиырма екі аптаға дейін, ме­дициналық айғақтар болса кез келген мерзімде жасанды түсік жасауға рұқсат бе­рілген. Бірақ жиырма екі аптадан асқан баланы медициналық көр­сетілімсіз алдырған әйел қай бап бойынша қандай жауапкершілікке тартылатыны еліміздің Қылмыстық кодексінде көрсетілмепті.

Алматы облысы Еңбекшіқазақ аудандық ауруханасының бас дәрігері Болат Бала­қойшиев баланың денсаулы­ғындағы ақау ерте мерзімде бел­гілі бола бер­­мейтіндігін айтады. «Егер ден­саулығындағы кінә­раты соңғы мерзімде анық­талса, ол баланы өмірге әкел­меуге анасының толық құқы бар. Ал әлеуметтік жағдайға бай­­ланысты баланы дүниеге әкел­­гісі келмеген аналарға барын­ша түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. 22 аптадан асқан бала өмір сүруге қабілетті. Сондықтан ана мен баланың дені сау болған жағдайда 22 аптадан кейінгі мерзімде біз аборт жасамаймыз. Бірақ нарық заманы болған­дықтан қоғамда аборт жасаудың түрлі жолы бар. Бұған тыйым салу қиын. Бұл мәселенің шешімі – халықтың осы саладағы сауаттылығын арт­тырып, әлеумет­тік жағдайды жақ­сарту дер едім», дейді ол.

Аборт жасауға мүлде тыйым­ салған мемлекеттер әлем­де бар­шы­лық.  Елімізде «Заңмен ты­йым салсақ, заңсыз аборт өр­шиді, әйелдер көр­ші елдерге ба­рып жасататын болады», «халық­тың денсаулығына зиян Қы­тай дәрілеріне сұраныс күрт арта түседі», «біз зайырлы­ мем­лекетпіз, баланы туу-тумау­ әркім­нің өз еркінде» деген мың-сан сылтау айтылады. Бірақ қай­ заманда да қоғам, мемлекет үшін аса маңызды заң­­дар болған. Ондай заңдар мейлінше жіті ойластырылған. Мәселен, Тәуке ханның «Жеті жар­­ғы­сында» «Өреде тұрған, тұ­сау­­лы жүрген сәйгүлік атты ұр­лаған кісіге өлім жазасы бұйы­рылсын» деген заң болыпты. Мұ­ның мәнісі, жаугершілік заманда халықтың негізгі қаруы, көлігі – ат. Тұтқиылдан жау шап­қанда ел ішіндегі ерлер мен батырлар қор­ғанысқа шұғыл аттану үшін аттары әрдайым даяр тұруы тиіс еді. Аттары алда-жалда орнынан табылмай қалса бұл елдің соғыста жеңілуіне де әкеп соғуы мүм­кін. Сондықтан да өреде тұр­ған атты ұрлаған адамға өлім жа­­засы тағайындалған. Мұндай жаза барын біле тұра ол атты ұр­лауға ешкімнің дәті бармасы анық. Тіпті әйелін өлтірген адам­ға да құн төлетіп, айыбын жууға мүмкіндік берген баяғының билері өреде тұрған жалғыз атты ұр­лаған адамға өлім жазасын неге кесті?

Өйткені мемлекеттің қауіпсіздігін адамдардың ар-ұя­тының енші­сіне қалдырып, тәуекелге баруға болмайтын еді. Ал қазір еліміздің басына үлкен қауіп әйелдің арсыздығынан, еркек­тің бетсіздігінен келіп тұрған жоқ па? Елімізде жаңа ұрпақ – тас­танды балалар ұрпағы өсіп келеді. Баладан іште құтылудың еш сәті түспеген соң әйелдер олардан перзентханада бас тартып жатады. Оның да реті келмегендері көшеде туып, лақтырып кетеді. Сондықтан да «Заңсыз түсік жасау» бабына өзге­рістер енгізіліп, дәрігер­лердің ғана емес, заңсыз аборт жа­сатқан әйелдердің жазасы да нақты көрсетілуі тиіс. Әлеуметтік көрсетілімдердің ішіне «Некеде тұр­майтын әйел» деген сөзді кір­гізіп, әйелдердің некесіз бала көтеріп, алдырып тас­тап емін-еркін жүре беруі­не жол ашып бергеннен гөрі, керісінше, оларға қомақты айып­пұл салу, бас бостандығын шектеу тәрізді жазаларды енгізу керек.

Ауруын жасырғанды өлім әшкерелейді. Заңсыз абортты азайтамыз деп, бәрін заңдас­тырып бергеннен халыққа да, билікке де еш пайда жоқ. Бұл мәселені жан-жақты зерттеп, заңды қатайтып, арсыздық пен жауыздыққа тосқауыл қоятын уақыт болды.

Нұрбану КАМАЛ,

журналист