Әлем • 27 Шілде, 2018

Астанада мұнай саласының маңызы талқыланды

797 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанада «Инвестициялық мүмкіндіктер: орнықты даму үшін жаңа шешімдер» атты дипломатиялық корпус өкілдеріне арналған брифинг өтті.  

Астанада мұнай саласының маңызы талқыланды

Жиынды Сыртқы істер министрлігі мен «KAZ­ENER­GY» Қазақстан мұнай-газ және энергетика кешені ұйым­дары­ның қауымдастығы» ұйым­дастырды. Іс-шараға сала ма­ман­дары, халықаралық бизнес қауым­дастық өкілдері мен дип­ло­матиялық корпус қа­тысты.

Брифингте баяндама жасаған «KAZENERGY» бас директоры Әсет Мағауов елде атқарылып жатқан шараларға тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі таңда мұнай және энергетика саласында маңызды жұмыстар атқарылуда.

«KAZENERGY» заңнамалық жұмыстарға белсенді қатысады. Біздің мақсат – мұнай және энергетика саласындағы инвестиция климатын жақсарту. Энергетика ми­нистрлігімен бірлесе жер қой­науы туралы кодексті рефор­малауға атсалыстық. Былтыр осы заң жобасы қабылданды», деді Ә.Мағауов.

Биыл еліміздегі үш мұнай өңдеу зауыты толығымен іске қосылғаннан кейін мұнай өнім­дері­нің көлемі артпақ. Сондай-ақ бензин және дизельді отынның экс­порты бойынша кедендік баж салығына өзгертулер енгізі­леді. Спикердің айтуына қара­ғанда, ауыл шаруашылығына арнал­ған жанармай жеткізу мен ком­муналдық кәсіпорындарға арналған жылытатын мазут жеңіл­діктері алынып тасталған.

«Былтыр экспорт доллар эквивалентінде 25%-ті құраса, біздің зауыттарға жеткізілетін мұнай бағасы 47%-ке өскен. Биыл үш зауытты жаңғырту аяқ­талды. Қазір бензин мен дизель отынына қатысты экспорт­тың кедендік бажын реформалау бо­­йынша жұмыстарға қаты­су­дамыз. Келесі жылдың 1 қаң­та­ры­нан бастап бензин мен дизель­ді отынды экспортқа шы­ғар­­май­мыз. Бірақ елдегі мұнай өң­­деу кө­лемі айтарлықтай кө­бейеді. Сон­дықтан жақын жә­не алыс шет елдерге мұнай өнім­­­дерін тасымалдау жолдары ашыл­са құба-құп», деді Ә.Ма­ғауов.

Сонымен қатар мұнай өнім­дерінің акциздері саласындағы бірқатар мәселеге тоқталды. Баян­дамашының сөзіне сүйен­сек, отандық өндірушілер осы ба­ғыт­­та көп қаражат жұмсайды екен. Салыстырмалы түрде қара­­сақ, Ресейде акциздердің құ­ны еліміздегі бағадан екі есе төмен.

«Акциздің мөлшері бірдей болғаны жөн. Мәселен ресей­­ліктер өз бензинін импорт­та­ған­да 4 500 теңге төлесе, отан­дық зауыттар 10 500 теңге жұмсайды. Сол секілді дизельді отынды импорттық жеткізу тоннасына 540 теңгені құрайды. Ал қа­зақ­стандық өнімге 9 300 теңге төлеуге тура келіп отыр», деді Ә.Мағауов.

Бұдан бөлек, жиын барысында мұнай және энергетика саласындағы жоспарлар да айтылды. Мәселен мұнай және газ өндіру бойынша Қазақстандағы ең үлкен үш мекен – Теңіз, Қа­ра­шығанақ және Қашаған ел эко­номикасын дамытуға елеу­лі үлес қосады. Ал 2025 жы­лы мұ­най өндіру көлемі 104 мил­лион тоннаға дейін жетпек.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»