Футбол • 02 Тамыз, 2018

«Астана» Чемпиондар лигасының үшінші кезеңіне жолдама алды

324 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

УЕФА Чемпиондар лигасында сынға түсіп жатқан елорданың «Астана» командасы аталған турнирдің екінші іріктеу кезеңі аясындағы қарымта кездесуде Дания чемпионы «Мидтьюлланд» клубына қарсы ойнап, тең нәтижеге қол жеткізді. Екі ойын қорытындысы бойынша турнирдің келесі кезеңіне жолдама алды.

«Астана» Чемпиондар лигасының үшінші кезеңіне жолдама алды

Данияның Хернинг қаласында өткен жауап кездесуде ойынның бірінші минутынан бастап шабуыл шебінде Конго ДР шабуылшысы Жуниор Кабананга ойнады. Астанадағы алғашқы мачта Роман Мұртазаев шыққан-ды. «Астана» командасының бас жаттықтырушысы Роман Григорчук қарымта матчқа осындай өзгеріс жасады. Қарсылас команда сапында да өткен ойынмен салыстырғанда бір ойыншы ғана өзгерген екен. Екі команда құрамында аздаған өзгеріс болғанымен, ойын дәл бірінші кездесудегідей өтті.

«Мен бүгінгі ойында тың өзгерістердің болуы мүмкін екендігін білген едім. Егер шындығына келер болсақ, Дания чемпионатындағы қарсыластардың ойынын көріп, жауап кездесуіне шығатын құрамын дәл таптым. Кешегі ойын Астанадағы кездесумен салыстырғанда айтарлықтай ерекше болды дей алмаймын. Мүмкін, жанкүйерлердің қызу қолдауы кездесу барысына басқаша атмосфера берген болар», дейді Роман Григорчук.

Командалар кездесудің алғашқы минуттан-ақ гол соғудың қамына кірісіп, ойынды белсенді бастады. Әсіресе, алаң иелері жылдам гол соғуға тырысып бақты. Дегенмен «Астана» қорғанысы сыр бермей, қауіпті шабуылдардың бетін қайтарып жатты. Орайы келгенде қақпашы Эрич те алыс-жақыннан бағытталған соққыларды дәл аңдап, даниялық команданың шабуылшыларын аттап бастырмады. Григорчук шәкірттері де жиі шабуылдап, Хансеннің әбден мазасын қашырған. Сондай сәттердің бірінде 19 минутта Кабананга гол да соққан. Алайда испаниялық төреші Хуан Мартинес бұл таза голды есептемей тастады.

95 минутқа созылған ойында есеп ашылмай, Астанадағы алғашқы кездесуде 2:1 есебімен жеңіске жеткен елорданың «Астана» командасы Чемпиондар лигасының үшінші кезеңіне жолдама алды. Енді «Астана» командасы келесі кезеңде Хорватияның «Динамо» командасымен «Астана Арена» стадионында 7 тамыз күні кездеседі. Загребтің командасы екінші іріктеу кезеңде Израильдің «Хапоэль» клубын екі матчтың қорытындысы бойынша 7:2 есебімен жеңген.