Аймақтар • 03 Тамыз, 2018

Ақтөбе облысында бюджет қаржысын игеруде бірқатар кемшілікке жол берілген

815 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің отырысында Ақтөбе облысына бөлінген республикалық бюджет қаражатының пайдаланылуына жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындысы шығарылды.

Ақтөбе облысында бюджет қаржысын игеруде бірқатар кемшілікке жол берілген

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»

Отырысты ашқан комитет төрағасы Наталья Годунова Ақ­төбе облысында өнеркәсіп өн­ді­рісі мен ауыл шаруашылығы жал­пы өнімінің көлемін көбейту, жұ­мыс­сыздықты азайту, халық­ты қолжетімді баспанамен қамта­ма­сыз ету бағытында елеулі жұ­мыс­тар атқарылғандығын атап өтті. 

– Ақтөбе облысы эконо­ми­каның дамуы бойынша жоғары нә­тижелерге қол жеткізіп отыр. Өткен жылы ғана өңір экономикасы 5,6 процентке өсті. Бұл – елі­міздегі екінші көрсеткіш. Об­лысқа инвестиция тарту да бел­сенді жүргізілуде, өткен жылдың қо­рытындысы бойынша өңірге 440 млрд теңге салынса, оның 25 проценті – шетелдік инвес­тиция. Мемлекет басшысының экономиканы әртараптандыруға байланысты тапсырмасы да табысты жүзеге асырылуда. Мен кәсіби маман ретінде Ақтөбе облысы елімізде экономиканы әртараптандыру көрсеткіші бойынша көшбасшы деп есептеймін, – деді Н.Годунова өз сөзінде. 

Есеп комитеті төрағасының айтуынша, Мемлекет басшысының Жолдауындағы тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында об­лыс­тағы 20 кәсіпорын заман талабына сай жаңғыртылған. Оларға 20 млрд теңге көлемінде инвестиция салынған. Биылғы жылы 55 млрд теңге жұмсалып тағы 35 өндіріс орнын жаңғырту көзделген. 

Өңір тұрғын үй құрылысы са­ла­сында да көштен озып тұр. «Нұр­лы жер» бағдарламасын жүзе­ге асыруда алғашқы болып іске кі­ріскен өңірдің нәтижелері де жо­ғары екендігі аталып өтілді. 

Ал осы республикалық бюд­жет­тен бөлінетін қыруар қаржы­ны мақсатымен, тиімді түрде жұм­сауда бірқатар кемшілік жол берілген. Оның үстіне облыс бюджетінің кіріс бөлігі рес­публикалық бюджеттен түсетін түсімдерге тәуелділіктен арыла ал­май келеді. 

Отырыста баяндама жасаған Есеп комитетінің мүшесі Ра­шит Ахметовтің айтуынша, ауди­тор­лар 2016-2017 жылдары рес­пуб­ликалық бюджеттен 37 млрд теңге бөлінген 10 нысанды тек­серген. Олардың қорытын­дысы бойынша жүйелі қайтала­натын кемшіліктер, бюджет әкім­шілері бақылауының жеткізілік­сіздігі салдарынан 468 млн тең­генің қаржылық бұзушылықтары анықталған. Мемлекеттік аудиторлар, сондай-ақ бюджеттің 1 млрд 119 млн теңгесінің тиімсіз пайдаланылғанын, ал 15 млн теңгенің тиімсіз жоспарланғанын және 174 рәсімдік қателіктерді анық­таған. 

– 2017 жылы республикалық бюджеттен Ақтөбе облысына қар­жылық көмектің субвенция тү­рінде ұлғаю үдерісін атап өту керек. Бұл көмек өткен жылы 2016 жылмен салыстырғанда 6 есе өскен. Алайда осы қаржыны жұм­сауда жергілікті бюджеттен қоса қаржыландыру талаптары сақ­тал­маған, – деді Р.Ахметов. 

Оған қоса бірқатар бюджеттік бағдарламаларды есептік кезеңнің соңына таяу қаржыландыру белең алған. Осының нәтижесінде мер­дігер компанияларға іс жүзін­де істемеген жұмысы үшін қар­жы төлеу деректері анықталған. Мә­селен, Хромтау ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі өткен жылдың соңында 119,9 млн теңгені жол салушы мердігерлер есебіне істелмеген жұмыс үшін аудара салған. 

Ал Қобда аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі Талдысай және И.Біл­табанов атындағы елді мекендер­ге ауыз сумен жабдықтау нысандарын салушы «КТП» серіктестігіне де жұмыстар толық істелмей жатып 23,7 млн теңгені заңсыз аударған. 

Сонымен қатар «Шұбарқұдық-Ойыл-Қобда-Соль-Илецк» ав­то­көлік жолының 267-307 ша­қы­рымдарына жөндеу жүргізген осы «КТП» серіктестігі жобалық-сме­талық негіздемеден ауытқыса да, бюджет әкімшілері бұл қателікке көз жұма қарап, шала біткен жұ­мыс қабылданып кеткен. 

Комитет басшылығы 2016 жылдан басталған 300 төсектік ту­беркулезге қарсы күрес дис­пан­серінің құрылысы уақытша тоқ­татылғанымен, құрылыс бас­қар­масы осыны біле тұра мерді­гер есебіне 1 млрд 115,5 млн тең­гені аударып жібергендігін де анық­таған. 

Есеп комитетінің есебіндегі жария етілген басқа да кемшіліктер бойынша Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Олжас Смағұловтың ақталуына тура келіп, комитет мүшелерінің сауалдарына жауап берді. Атап өтерлігі, облыс әкі­мі орынбасарының орын алған кем­шіліктер бойынша жауапты тұл­ғалардың бүгінге дейін қызмет ауыс­тырып кеткендігін айтып ақ­тал­ған жауабы Есеп комитеті төр­ағ­асының көңілінен шыққан жоқ. 

Жалпы облыс әкімінің орын­басарына Республикалық бюд­жеттің атқарылуын бақылау жө­ніндегі есеп комитеті анықтаған кемшіліктерді жоюға уақыт бе­рілді. 

Ал мемлекеттік аудиттің жекелеген материалдары құқық қорғау органдарына жолданбақ.