Әдебиет • 03 Тамыз, 2018

Ақынның паспорты – азаматтық лирикасы

1423 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Ғалым Жайлыбайдың шығармашылығы

Ақынның паспорты – азаматтық лирикасы

«Жүректің соғысы – физиология, ал, жүректің не қуаныштан, не үрейден барып басталатын лүпілі – эстетика, өнер, өмірге бергісіз қайран сөз» деген аузы дуалы Асқар Сүлейменовтің сөзі осы ақынды оқығанда еске түседі. Мұқағалидың «Өлең деген тумайды жайшылықта, Өлең тулайды қайшылықта...» дейтіні содан. Біздің буын осыны өзіне Темірқазық етіп ұстана білді. Енді, біздің соңымыздан келе жатқан жас өркен сол жұлдыздың жарығынан көз жазып қалмаса болды.

Ақынның паспорты – азаматтық лирикасы. Қазіргі қарақұрттай қаптаған өлеңшілердің бәріне тән осалдық – азамат болмай жатып, ақын болсам деп арамтер болып жүргендігі. Арғы, бергі классикалық әдебиетке жүгірте көз салсаңыз, адамзатты алаң ойға  салып, махаббат пен әділет сезімі төрткүл дүниені тебіренткен небір ірі-ірі тұлғалар алдыңыздан шығады. Гомер, Гете, Пушкин, Абай, Достоевский, Мағжан, Қасым, Габриэль Гарсиа Маркес, Мұқағали... Қу қарақан басының ойы мен мұңын «жырлайтын» ұсақ-түйек пенде Әдебиет-дейтұғын Әлемдік Рентген алдында кеудесін ашып тұруға тиіс емес! Тұрса – күйкілігі көрініп қалады... Қазақтың тағдыр-таланы – Ғалым жырының алтын өзегі, міне, осы: «Айдарынан жел еспей кекілдінің, Еңку шалды еңіске екінді күн. «Протонның» уынан енесі өлген – Көлеңкеде жылайды жетім құлын». 

Поэзия деген – адам рухының  маңдайдағы пешенені тәрк қылып, Алла тағаланы бетке алып, атойлаған бір сәті. Қазақтың қара өлеңі – қазақтың халық әніндей. Әлімсақтан осылай болған, осылай бола береді.Мұқағали дүниеден қайтқан бетте оның жырлары неге әнге айналып кетті?! Бұл оның жырларындағы халықтық, ұлттық қасиеттің молды­ғынан еді. Ең ұлы Ақын – Халық! Мына дүниедегі ұлыс, ұлт, халық атаулы бірі-бірінен қалайша бөлек, ерек, біртуар болса, бір-біріне солайша етене, егіз қозыдай ұқсас келеді. Орыстың ұлы ақындары Пушкин, Есенин, Пастернак, Евтушенко өлеңдері әнге айналып кеткелі қашан? Оларды оқығанда көз алдыңа сыңсыған орыс орманының орасан шексіздігі елес­теп, запыран зар-мұңы, күңіренген күрсінісі құлаққа шалынып, өзекті өртейді. Біздің Ғалым Жайлыбайдың жырлары да осылармен рухтас, одан қазақ даласының дара кескін-келбеті айқұлақтана  көрініп, жусан-жуалы жасыл жайлауының, халық әндерінің исі аңқып тұрады: «Жүйткісін жүйрік жырым Құлагердей, Көнерген көңілім бар құба белдей. Кешеден бүгінгіге жеткен өлең – Қаз мойын қасиетті құрама ердей!».

Қазақ жырының саңқылдаған сұңқары Сәкеннің, Сарыарқасының Жаңаарқасында дүниеге келген Ғалым Жайлыбай қазақ өлеңіндегі «Кел, кедей, басың қос жалшымен, Байларды қойдай қу қамшымен» дейтін қара дүрсін сарынды төрден  қамшылап қуып шыққан қаракөктердің қатарын түзейді. Біз «совет әдебиеті – социа­листік реа­лизм» дейтін елден кел­генбіз... Қазақстан Жазушылар ода­ғының Коммунистер даңғылы, №105 үйдегі ғимаратының есігінен ентігімізді баса алмай кіргенде, осындай өлеңсымақтар төбемізде ойран салып жүрген... Қайран Қасым жалғыз өзі жағасынан алып, кейін Мұқағали, Қадыр, Тұманбай, Өтежан, Фариза біраз сілкілеген бұл сілімтіктің сілікпесін шығарған осы Ғалымдар еді! Маралтай, Жарас, Бақытжан Алдиярларға қанатын қомдап, қияға самғау оңайлау болды. Бізге қиын болған... Қазаққа Тәңірі мына дүниедегі игіліктің бәрін берген. Алтайдан Атырауға дейінгі ұлан-ғайыр аймақтың асты да – алтын, үсті де – алтын. Онда ғұмыр кешкен алтын киімді ханзадалардың атының ер-тұрман, жүгеніне дейін алтынға апталып, күміске күптелген. Бұл – Адам-Ата – Һауа Ана жаралғалы бір-бірімен алтын үшін арбасып, неше түрлі қырғын соғыстар жасаған былайғы адамзат нәсілінің өңі түгілі түсіне де кірмейтін дүние. «Аз сөз – алтын, көп сөз – көмір» деп, ау­­зы­­нан шыққан лебізінің өзін саф таза алтынға балайтын да осы жұрт. «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» (Абай). Содан болар, қазақтың мандайына Алла тағала жазған ырыс-құттың ішіндегі ең кереметі – қара өлеңі. Оның мына жарық жалғанда қай аттың үсті, қай түйенің қомында, қандай дуалы ауыздан қалай түсе салғанын біз әлі білмейміз. Белгілісі – VII-VIII ғ.ғ. тасқа таңбаланған Тоныкөк, Күлтегін, Білге Қағанның қаһармандық жырлары, Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігі». Бұлар біздің елдің жан-жүйесін тебірентіп, ет жүрегін елжіретіп жатқанда бүкіл Еуропада мұндай шаһар (шедевр) туын­дылар мен озық үлгілер болмаған. Бұған халық эпосын қосыңыз. Одан Абай, Мағжан, Қасым, Мұқағали шығады. Осыншама ұлы тұлғалар жайғасқан қазақ жырының төріне шығу түгілі, босағасынан сығалаудың өзі жұмырбасты пендеге қиямет қайыммен пара-пар дүние. Ананың құрсағынан жарық дүниеге келумен сол анаң, әкең, ата-бабаң жүрген ұлттың рухани айнасы Ұлы мәртебелі поэзиясына келу – жер бауырлаған пенде баласының соның тартылыс заңын талқандап бұзып, ғарышқа көтерілгеніне ұқсас құбылыс болады. Әсіресе, дәстүрі берік, тарихы терең, тұлғалары бірінен-бірі өткен ірі, ұлттық бояуы мың құбылып, көзді арбап, көңілді алаң етіп, көкіректі көл-көсір сезімге бөлейтін қазақ жырының қақпасын айқара ашудың азабы, тіпті, бөлек. 

Ғалымның қай өлеңін оқысаң да халық әнін естіп, соның әуеніне елтіп отырғандай күй кешесің. Әр өлеңі халық әніндей қарапайым, табиғи, жатық. Ғалым – Қасым жырымен қанаттанған қазақ поэзиясының ХХ ғасырдың 60-жылдарындағы асқақ буынның дәстүрін мықтап ұстанған ақын. Оның тұла бойына Тұманбайдың сыршыл нәзік лиризмі мен Қадырдың биік интеллектісі, Жұмекеңнің терең философиясы мен Өтежанның кең эпикалық сарыны, Мұқағалидың асқақ пафосы тоқайласа тоғысқан-ды. Қазір қазақ жырында қара жолда туғандар мен тас жолда туғандардың ара-жігі ашылып, ақ пен қарадай, бір-бірінен ажырап, алшақтап барады. Дүниеге жалмауыздай қасқая қарап тұрған жаһандану кезеңі қазақ руханиятына қара пәледей бас салғалы тұр. Кейінгі буында азаматтық лирикадан ат-тонын ала қашып, біздің ұлтқа мүлде жат абстракциялы дүниенің аламанына ат қосып, сөзбен ойнау ойыны басталып кетті. Қазақтың мақсат-мүдесі далада қалды. Қазақ өркениет өріне жетіп, адамзат қауымдастығы ортасынан ойып орын ала ма, жоқ, әлде, абыр-сабыр жұрттары сынды адамзаттың жадынан із-түссіз құрып кете ме деген қатал сауал алдымыздан адырая қарап тұр. Қазақ жыры, қазақ әдебиеті осынау алмағайып заманда осы сұраққа жауап беруге тиіс-ті. Оның тарихи миссиясы – осы. Осы ғана.Ғалым Жайлыбайдың творчествосы сол сауалдың бір жауабы, қазақтың бүгінгі көркем ойлау жүйесінің шоқ­тығы биік бір үлгісі.

Қасиетті кітаптарда адам бала­сының топырақтан жаралғаны һа­қында тектен-текке айтылмаған. Тарихтың небір өткелегінен өтіп, бүгінде homosapiens-ке айналған адамзат қауымдастығының айтулы бір өкілі ақынның да поэтикалық болмыс-бітімі де сол жарық жалғанға шыр етіп түскен топырағынан бас­тау алады. Топырақ – ақынның төркін жұрты. Ұлты – алпыс алты тамыры, жұлын-жүйесі, жан жүрегі. Мына жарық дүниеде ұлт пен ұлысқа ақыннан етене жақын ешкімнің болмайтыны сондықтан. Алысқа ат шалдырмай-ақ, XV ғасырдағы қазақтың жыраулар поэзиясын алыңыз: арада алты ғасыр өтсе де, неге ол осы күнге дейін дүниежүзілік поэзияның шедевр (шаһар) үлгісі қатарында тұр? Одан сол кездегі көшпелілер өркениетінің ешбір елге ұқсай қоймайтын көркем ойлау жүйесі көзге ұрады. Ол сонысымен ерекше, өнердегі қайталанбайтын ғажайып құбылыстардың қатарын түзейді. Оны басқа тілге тәржімалап, одан түпнұсқадан алатын рухани ләззатқа кенелу, мүлде, мүмкін емес.Топырақтың киесі деген – осы!

Поэзия дегеніміз – Рух! Тәңірлік, адамзаттық рухқа, соноу Гомер, Шекспир, Гетелерге барып тоғысатын ұлттық рух – ол! «Бір әнді Біржанша айтып дүркіреген, Бұланды бұлтыменен бір түнеген. Көктемді Көкше қырдан көгертейін, Қонғаның анық болса, шіркін, өлең...»

Поэзия – ұлт рухының шырқау биікке көтеріліп, шиыршық атқан тұсы. Басқа түк те емес. Ақын ту­ған топырақтың адамзат туған то­пырақпен егіле, емірене табысар бір сәті ғана. Ғалым Жайлыбайдың  жыр кітаптары ақынның кіндік қаны тамған топырақтың киесі қандай, иесінің кім екенін дүниеге паш етіп танытатын осы заманғы поэзиясының озық бір дүниесі. Ғалым жырларын  парақтаған сайын ерлікті – айқайға, идеяны – ұранға, жүректің лүпілін – өкпенің алқынысына жеңдірмейтін Ғалымға ғана тән һас шеберлікке тәнті боласың. Туған топырағынан күдерін үзіп, постмодернистік ағымды бетке алған кейінгі толқынның өлең техникасындағы өзгерістер оны миллиметр, сантиметрлеп қана алға оздырса, өлеңдегі адам рухының алай-дүлей аласапыран сәттері оны бірнеше шақырымдарға шырқатып, шығандатып әкететінін осы ақынның шығармаларынан көруге болады.

Ғалым Жайлыбайдың «Тама­көш­кен», «Киікқашқан», «Ақ сиса», «Қара орамал»  атты поэмаларын қайта-қайта оқып шығып, көптен бері құлазыған көңілім орнына түскендей болды. Қалың оқырманын нәзік лирикасымен тәнті еткен ақынның эпикалық қарымы ерен де, ересен бір арнаға түскені көрініп тұр. ХІХ ғасырда Ю.Лермонтовтың өзі «Умчался век эпических поэм...» деген-ді. ХХ-ХХІ ғасырларда да бұл сөз өзінің өзектілігін жоймады. Бірақ біздің көптеген қаламдастарымыз сол сөзге ой көзімен қарамай, әлі күнге дейін хиссалатып келеді... Заман өзгерді. Заманмен қоса өлең де, өре де өзгеруі керек-ті. ХХІ ғасырдағы алапат ақпарат, саяси һәм көркем дүниетаным ағысының жылдамдығы күн сәулесінің шапшаңдығынан бірде кем болып тұрған жоқ; тіпті, олардан да жылдам ба деймін; әрі – қысқа, әрі – нұсқа көркем дүние болмаса, интернеттегі көзіқарақты оқырманды поэзияның сиқырымен арбап, өзіне магнитше тартып алуға екінің бірі, егіздің сыңарының ақындық қарым-қабілеті жете бермейді. Ғалым поэма­ларының болмыс-бітімі мен формасы да бөлек. Күллі поэмасы осы өзіміз өмір сүріп отырған уақыт пен тәуелсіздігіміздің көкейкесті са­уал­дарына жауап іздеуден туған. «Та­ма­көшкенде» аштықта қырылған қазақтың қасіретті көз жасы көлдей боп төгіліп, Сәкендердің өзегінде кеткен өкініш пен өксік көкіректі сыздатады. Ыршыған шумақтарының әр жолынан Сайдалы Сары Тоқаның мұңды сарыны еседі. Автор поэманың біраз жерінде өлеңді жиып қойып, қара сөзге көшіп кетеді. «Қара орамалда» да солай. Неге? Ғалымның қара сөзіне арқау болған дүниені одан басқа шәйір, жамбасына салып жіберсе, 15-20 шумақтай өлеңге айналып кетер ме еді, қайтер еді? Оның түрі өлең болғанмен, түбі тақылдаған тақпақ, құлақты сарсылтқан ескі сарын, көңіл көншітпейтін көбік сөз болар еді...

Ақынның қасиетті өлеңге деген ілтипат-құрметі поэманың күллі жұ­лын-жүйесінен көзге ұрып, көрініп тұрады. Өзінің ақындық, азаматтық тағдыр-таланын Ұлы мәртебелі поэзияның басына байлаған адамға «шөп те – өлең, шөңге де өлең» емес екенін осы жыр тайға-таңба бас­­қан­дай, көзге шұқып көрсетеді; Алек­сандр Блок айтқандай, ақын деген – кілең жылтыр сөзді теріп, жылмағай ұйқаспен елдің миын ашытатын кәнігі кәсіпқой, классиктердің ел-жұртқа мәшһүр өлеңдерінен қайта-қайта вариация жасап, өлеңді тумай, жансыз қуыршақтай қолдан жасайтын, қара басының гөй-гөйін күйіттеген қайдағы бір біреу емес, адамзат тарихында ерекше орны бар, Құдайдың бір құбылысы болса керек-ті. Арғы, бергі дүниеде қызыл тілін безеп, өзеуреген өлеңшінің көп, айтпағы терең, астары мол, жан-дүниесі тылсым хикметке кенелген ақынның саусақпен санарлықтай аз болатыны да содан.

Ғалымның «Түрікменнің төрін­де» атты жырларын тебіренбей, еміренбей оқи алмайсың. Түбі бір түрікменнің Гүлрайхан атты ару қызын көрген ақын парсының Шага­нэсін көрген Сергей Есенинше тол­­ға­нады. Ақын ұлтының ғана емес, адамзаттың ұлылығы мен сұ­лу­­лы­ғының қызғыш құсына айнал­ғанда кемеліне келеді. Қазақ оны басқалардан ерте сезініп, бұрын аң­ғарған. Абай «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген. Ғалымның түрікмен жырларын оқығанда махаббат пен ғадылет сезімге кенелген шайырдың шығармашылықтың шырқау шыңына жеткеніне көзің жетіп, көңілін қанығады: «Ізгіліктің ізіндейсің, Гүлрайхан, Үзілесің... үзілмейсің Гүлрайхан, Сені көрген бағым – ерен, Гүлрайхан, Ташауызға тағы келем Гүлрайхан!».

Қыз Жібек, Құртқа, Баян сұлу­лары бар қазақ жырының галереясына Ғалым Жайлыбай түрікменнің Гүлрайханын алып келді. Қазақ жырының ырғағына ұқсай қой­майтын Мақтымқұлы әуеніне салып келді. Ұлтты да, жұртты да жаратқан – Құдай. Әрбір ұлт өзінің сұлулығымен, ұлылығымен – ерен; бір жұртты екінші бір жұрттың құлдануға қақысы жоқ. Бір-бірін сүю керек. Бір-бірінің қасіретіне күюі керек-ті. Жұмырбасты пенде ғана емес, іргелі мемлекеттер де сол Абай айтқан Алланың хикметін сезінетін заманға келіп тұр. Ғалым Жайлыбай түрікмен жырларында осыны жеріне жеткізе жырлайды. Оның ақындық, азаматтық кредосының мықтылығы, міне, осында! Қазақтың, қайда жүрсе де, өлеңде де, өмірде де адастырмайтын Абай дейтін темірқазығы бар; қазақ жырындағы Абай дәс­түрі – еуропалық өлең мәдениеті қалыптасқалы қашан?! Мағжан, Қасымдармен қанаттанып, Тұманбай, Мұқағали, Қадыр, Өтежан, Жұмекен, Фариза, Төлегендермен кемеліне келген ұлттық жырымызға бүгін тағы бір «Есіл ағады» («Фолиант», 2016) атты тамаша кітап келіп қосылды. Оның тұла бойынан Абайдың иісі аңқып тұр... 

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ