Қазақстан • 03 Тамыз, 2018

«Самұрық-Қазына» холдингінің негізгі қызметінен түскен кіріс 3,339 трлн теңгеге жетті

1242 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биылғы алғашқы жарты жылдықтың қорытындысында «Самұрық-Қазына» холдингінің негізгі қызметінен түскен кіріс 3,339 трлн теңгені құрады, бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 27 процентке артық. Сонымен қатар операциялық қызмет бойынша жоспар 78 процентке орындалып, табыс көлемі 428 млрд теңгеге жеткен. Бұл туралы Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

«Самұрық-Қазына» холдингінің негізгі қызметінен түскен кіріс 3,339 трлн теңгеге жетті

Баспасөз жиынында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның 2018 жылдың бірінші жартыжылдығындағы қорытынды нәтижелері жарияланды. Мәлім болғандай «Самұрық-Қазына» Қорында барлық негізгі қаржылық көрсеткіштер бойынша өсім тіркелген. «Самұрық-Қазына» АҚ Экономика және қаржы жөніндегі тең басқарушы директоры Е.Жанәділдің мәлімдеуінше, оған бірнеше фактор арқасында қол жеткізілген. Мысалы, аталған кезеңде мұнай өңдеу көлемі 13 процентке, электр энергиясының өндірісі 28 процентке, теміржол жүк тасымалының көлемі 9 процентке артты, сонымен қатар, көмірсутектер бағасы көтерілді.

Қор мен оның жетекші портфельдік компанияларының қаржылық тұрақтылығын нығайту бағытындағы жұмыс нәтижелері де сөз болды. Айталық, 2018 жылдың І жарты жылдығында Қор сыртқы қарыз көлемін $900 миллионға азайтты, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның $1,6 млрд халықаралық облигациялары өтелген, «Самұрық-Энерго» АҚ 39 млрд теңгеге жуық қарызын мерзімінен бұрын төленген. Е.Жанәділ сонымен қатар қор бұған дейін Қазкоммерцбанкінде жатқан көлемі 117 млрд теңгені құрайтын бұғатталған депозиттегі қаржысын мерзімінен бұрын алғанын, сондай-ақ кезекті екінші деңгейлі банкпен 220 млрд теңге көлеміндегі депозитті қайтару туралы келісімге қол қойылғанын атап өтті.

«Босатылған қаражат нарықтағы көрсеткіштерден төмен мөлшермен «Самұрық-Қазына» Қорының портфельдік компанияларына қарызға беріледі. Атап айтқанда, «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ – 75 млрд теңге, «Қазақтелеком» АҚ – 75 млрд теңге және «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ – $200 млн алады. Орташа мерзімде бұл шара 50 млрд теңге көлемінде Қорға оң нәтижесін береді»,  деді Е. Жанәділ.

Сонымен қатар, баспасөз мәслихатында «Самұрық-Қазына» АҚ Стратегиялық даму жөніндегі басқарушы директоры Балжит Гревал бірінші жартыжылдықта аталған нәтижелерге жаңа Даму стратегиясының аясында Қорда жүзеге асырылған құрылымдық өзгерістердің арқасында қол жеткізілгенін атап өтті. Нақтырақ айтқанда, Холдингтің еншілес компанияларының саны 359-дан 312-ге дейін қысқартылған. Құны 28,5 млрд теңге болатын 15 актив сатылған. Бұл бағытта «Самұрық-Қазына» қоры тағы 51 активті сатып, 102 стратегиялық маңызы жоқ активтен шығуды жоспарлауда. Аталған жұмыс жекешелендіру бағдарламасы аясында жүзеге асырылмақ.

«Стратегиямыздың 2018 жылдың І жартысында іске асырылуы оң қаржылық нәтижелерге әкелді. Осы жылдың ІІ жартысында біз үш ұлттық компанияның IPO-сын, біздің негізгі емес активтеріміздің сатылымын, басқару деңгейлерін төмендетуді, сондай-ақ біздің портфельдік компанияларға стратегиялық инвесторларды тартуды қамтитын стратегиялық бастамаларға баса назар аударатын боламыз», деп нақтылады Қордың басқарушы директоры.Сонымен қатар, Б. Гревал жаңа стратегия аясында құру жоспарланған келешек буын Қорының тұжырымдамасын түсіндіріп өтті. Оның айтуынша, егер бұған дейін қордың мандаты тек әл-ауқатты жасау болса, жаңа стратегия аясында ол қос рөл атқарады. «Бұл – келер ұрпақ үшін Қазақстанның әл-ауқатын нығайту және сақтау. Біз теңгерімді әртараптандырамыз, одан кейін Қазақстанға қаржы ресурстарының ағынын қамтамасыз етеміз. Бұдан өзге, компанияның акционерлеріне төленетін дивидендтер көлемін ұлғайтуды, келер ұрпақтың әл-ауқатын сақтауды көздейміз. Келер ұрпақ қорының бұл мандаты басқа да әлемдік ұлттық әл-ауқат қорларының мандаттарына ұқсас», деді Б. Гревал.

Аталған брифингке сондай-ақ «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ стратегиялық даму департаментінің директоры Ләззат Боранқұлова, қоғаммен байланыс және маркетингтік коммуникациялар департаментінің директоры Сергей Куянов та қатысты.

Динара БІТІК,

«Егемен Қазақстан»