Жеңіл атлетика • 06 Тамыз, 2018

Чехиядағы құрлықтық кубокта қос жерлесіміз өнер көрсетеді

541 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

8-9 қыркүйек аралығында Чехияның Острава қаласында жеңіл атлетикадан құрлықтық кубок өтеді. Жарыс бағдарламасына енген жаттығу түрлері бойынша әр құрлықтың командасы қос спортшыдан ғана қосуға құқылы.

Чехиядағы құрлықтық кубокта қос жерлесіміз өнер көрсетеді

Азия құрамасы сапында Қазақстанның қос жеңіл атлеті өнер көрсетеді. Олар – 33 жастағы Ольга Рыпакова мен 25 жастағы Виктория Зябкина. Екеуінің де есімі жанкүйерлерге жақсы таныс. Үш қарғып секірудің хас шебері Ольга Рыпакова – Лондон Олимпиадасының жеңімпазы, Бейжің мен Рио Олимпиадсының қола жүлдегері, әлем чемпионатында үш рет жеңіс тұғырына көтеріліп, Азия ойындарының үш мәрте алтыннан алқа тағынған сақа спортшы. Қысқа қашықтыққа жүгіруде сайысқа түсетін Виктория Зябкина Азияның бес дүркін және Дүниежүзілік Универсиаданың үш дүркін чемпионы, Азия ойындарының күміс жүлдегері.

Құрлықтың кубок – төрт жылда бір рет өтетін Халықаралық жеңіл атлетика федерациясының бағдарламасына енген дүбірлі дода. Бұл жарыста Еуропа, Америка, Африка және Азия мен Мұхит жағалауының біріккен қомандасы күш сынасады. Айтулы бәсекеге Виктория Зябкина алғаш рет қатысып отырса, Ольга Рыпакова осыдан сегіз жыл бұрын Хорватяиның Сплит қаласында жалауы желбіреген жарыста бас жүлдені олжалаған болатын.      

 Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ