07 Тамыз, 2018

Елімізде білім бәйгесінің жүйріктері белгілі болды

624 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кеше еліміздің білім гранттарын тағайындау жөніндегі республикалық комиссия жұмысы қортындыланып, грант иегерлері анықталды. Биылғы ерекшелік, конкурс нәтижесі Астана уақыты бойынша 10.00-де электронды нұсқада жарияланды. Жұрт грант иегерлерінің есімімен еліміздің бас басылымдары «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттерінің, сондай-ақ Ұлттық тестілеу орталығының сайты арқылы танысты.

Елімізде білім бәйгесінің жүйріктері белгілі болды

Білім бәйгесінің қоры­тын­дысына келер болсақ, биылғы түлектердің 98 мыңы ҰБТ тапсырып, олардың шекті 50 балдан асқан 84 мыңы мемлекеттік грантты тағайындайтын кон­курсқа қатысты. Білім және ғы­лым вице-министрі Асхат Аймағамбетов айтып өткендей, 16-26 шілде аралығында кон­курсқа қатысуға өтініштер қа­­­былданып, білім грантына барлығы 75,5 мың үміткердің өті­ніші келіп түскен. Нәтижесі елді елең еткізгендей, биылғы үміт­керлердің арасынан 25 балмен грантқа түскен түлектердің де бары белгілі болды. Осыған байланысты Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді.

Вице-министрдің айтуынша, 25 балмен колледжден кейін оқу­ға түсуге құжат тапсырғандар ие болған. «Кейбірі қысқа мерзімде колледжді бітіргеннен кейін оқуға түскісі келеді. Оларға 3 жыл қысқа мерзімге оқитындар жатады. Мысалы, мектепті тәмамдаған түлектер ҰБТ тапсырғанда жоғары балл 140 болса, олардың ең төменгі шекті балы 50-ге тең. Ал колледжден кейінгі түлектер тек екі пәнді ғана таңдап, 70 сұраққа жауап береді, яғни олардың шекті балы 25-ке тең. Биыл «Атамекен» ҰКП және колледждердің ұсынысымен біраз грант санын колледжден кейінгі түлектерге бердік. Бірақ колледжден кейінгі гранттарға көп сұраныс болған жоқ, сондықтан осы мамандықтар бойынша олар шекті балды ала отырып, грантты иеленіп жатты. Бұл көбінесе техникалық бағыттағы мамандықтарға тиесілі болды», деді вице-министр. Ал биыл ҰБТ-да ең жоғары балл жинаған Шиара Құдайбергенованың Алматыдағы Сүлейман Демирел атындағы университетке оқуға түсіп, «Қаржы» мамандығы бойын­ша білім алатындығын айта кеткеніміз жөн.

Сонымен қатар вице-министр гранттар бөлінісіндегі тиісті квоталар мен қалдық гранттар жайлы да айтып өтті. «Мысалы балабақша мамандығында қазақ тілінде орындар қалып қойды делік. Біз оны ереже бойынша сол мамандықтың ішінде орыс тіліне беруіміз керек. Егер ол орын орыс тілінде сұранысқа ие болмаса, онда біз қысқартылған мерзімге өткіземіз. Ол жерде де өтініш болмаса грантты сол педагогикалық саланың басқа мамандықтарына ұсынамыз. Жеңілдіктер мәселесіне келер болсақ, биыл ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар, Қазақстанның азаматы емес ұлты қазақ адамдар үшін бөлінген, сондай-ақ ауыл жастарына ескерілген квоталар болды», деді А.Аймағамбетов.

Сонымен қатар ол өзінің жеке парақшасында ҰБТ-ның биылғы және алдағы уақытта жүзеге асырылатын бірқатар ерекшелігін ашып жазды. Биылғы гранттарды бөлудегі ерекшелік сол, «Алтын белгі» және басқа да жеңілдік санаттары талапкерлердің балы тең түскен жағдайда ғана басымдыққа ие болғандығын атап өтуге болады. Қалған жағдайда бұрынғыдан еш өзгешелік болмаған сыңайлы. Алайда вице-министр келесі жылы ЖОО-ға түсуге өтініштерді қабылдау және мемлекеттік гранттарды алу үшін конкурсқа қатысу үдерістерін оңтайландыру жос­парланып отырғандығын айтады. Оның сөзінше, қазір бұл қаншама құжат жинаудан тұратын үлкен жүйе болып табылады. Сонымен қатар өтініш берушілер ұзын-сонар кезекке тұрып, келеңсіздіктерге де кездесіп жатады. Одан бөлек, аталған жүйеде құжаттарды қабылдап алатын техникалық хатшылардың ұқыпсыздығынан да келеңсіздіктер болып қалады. «Болашақта бұл жүйе толығымен цифрландырылып, өтініш беруші туралы барлық мәлімет «Жеке тұлғалар» мемлекеттік мәліметтер базасынан бастап, Зейнетақы беру бойынша мемлекеттік орталыққа дейінгі мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алынады. Талапкерлер өз өтініштерін ғаламтор арқылы қашықтықтан жібере алады. ҰБТ мен КТ өтуге өтініш қалдыру да осы жолмен жүзеге асырылады. ҰБТ-ға қашықтықтан жазылу – мектептің беделін түсірмес үшін тестілеуге жіберілмей отырған үлгерімі төмен оқушылардың мәселесін шешеді. Өкінішке қарай, қазіргі кезде жоғары көрсеткіштерге ие болу үшін кейбір мектептер осындай әдістерді қолдануда», дейді вице-министр.

Бұдан бөлек ҰБТ-ға қашық­тықтан жазылу мен мемлекеттік гранттарды алу университет пен мамандықтарды таңдау кезіндегі нақтылық мәселесін шешетіні айтылған. «Министрліктің ҰБТ қо­ры­тындысы бойынша аймақ­тард­ың рейтингісін жасауға шек­теу қойғаны қала мен аудан әкімде­рі­нің статистикаға салғырт қарауы­­на алып келді. Аталған мәселе бо­йынша қарастырылатын тағы бір­­қатар идеялар бар, біз оны тамыз конференциясында талқылай­тын боламыз», дейді Асхат Қанат­ұлы.

Білім саласына қатысты ағым­дағы жылдың басты ерекшелігі, Елбасының бастамасы аясында мемлекеттік грант саны тағы 20 мыңға артқаны болатын. Осы орайда бакалавриат деңгейінде гранттардың жалпы саны 53,5 мың орынды құрап отыр. Министрлік пен Ұлттық тестілеу орталығының алдын ала берген мәліметтеріне сүйенсек, аталған 20 мың гранттың 11 мыңы техникалық мамандықтарға, оның ішінде ақпараттық технология­лар, робот-техника және нано-технологиялар саласындағы мамандарды даярлауға, 5 мыңы – еңбек нарығына қажет басқа да мамандықтарға, 3 мыңы – магистрлерді, 1 мыңы PhD докторларын даярлауға бағытталды. Осылайша жоғары білім алу үшін білім гранттарының саны нақты 53 594 грантқа дейін жетті. Оның ішінде, 50 944 грант 1-курс­қа қабылдау үшін, 2650 орын – жо­ғары оқу орындарының дайындық бөлімдері үшін бөлінген.

Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»