Аймақтар • 07 Тамыз, 2018

Шетелдік ғалымдардың қатысуымен лингвистикалық семинар өтті

716 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институты мен Халықаралық Қазақ Тілі Қоғамының ұйымдастыруымен аталған институттың мәжіліс залында қазақ ғалымдары мен шетел ғалымдары қатысқан «Тіл мәселесі – рухани жаңғырудың негізі» атты лингвистикалық семинар өтті.

Шетелдік ғалымдардың қатысуымен лингвистикалық семинар өтті

Семинарға Қытай Халық Республикасы Орталық Ұлттар университеті Қазақ филология факультетінің деканы, профессор Джан Джинжин және оның серіктері Ви Ди, Мэйдуңшя және Гарвард университетінің докторанты Алекс Уаруортон, Ирандағы «Аллам Табатабый» университетіне қарасты тұркология бөлімінің басшысы Бехуруз Бекбабайи және еліміздегі тіл ғалымдарынан А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, профессор Ерден Қажыбек, Халықаралық Қазақ Тілі Қоғамының президенті, профессор, академик Өмірұзақ Айтбайұлы, белгілі тіл ғалымы Әлімхан Жүнісбек және институт қызметкерлері, жас ғалымдар, магистранттар мен докторанттар қатысты.

Кезекті семинарда сөз алған Джан Жинжин мырза  осы уақытқа дейін қазақ тілін зерттеп, зерделеп келе жатқанын, оған қанағаттанбай, бұдан да тереңірек зерттегісі келетінін, әрі Қытай астанасындағы Орталык Ұлттар университетіндегі қазақ тілі мен әдебиеті мамандығында білім алып жатқан студенттердің саны да аз емес екенін айтып, қазақ тіліне деген құрметін жеткізді. Ал, Ирандық ғалым, профессор алдымен өзі қазақ тілін толық меңгеріп алып, содан кейін өз елінде қазақ тілі мен әдебиетін оқытқысы келетінін, түркі тілдерінің ішіндегі қазақ тілінің бүгін де, ертең де өркендей беретінін, екі ел арасындағы достық сезімін тіл үйренуден бастайтынын айтты. Ал қазақ еліне қазақ тілін үйрену үшін құрлық асып келген Гарвард университетінің докторанты Алекс қазақ тілін үйренуді әлде қашан бастап кеткенін, осыған дейін бірнеше тілді меңгерсе де қазақ тілінің құнарлылығы мен байлығына тәнті болғанын, бұдан былай қазақ тілін үйренуге шынайы ынтамен кірісетінін айтып, өз көзқарасымен бөлісті. Әрі аталған ғалымдар «қазақ алфабитін латтын графикасына көшіру жөнінде» әлемдік тәжірибиелерді ортаға салып, ой тастады.

Семинар соңында шетелдік ғалымдарға Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мен Халықаралық Қазақ Тілі Қоғамының атынан сертификаттар мен тіл сөздіктері сыйға тартылды.

 

Дүйсенәлі Әлімақын,

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Грамматика бөлімінің ғылыми қызметкері