Қазақстан • 08 Тамыз, 2018

«Астана-Париж» велошеруінің қатысушылары Қостанайға жетті

349 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанадан шыққан «Шекарасыз спорт» велошабандоздар командасы Қостанай қаласына бір тыныстап алып, сапарын жалғастырды.

«Астана-Париж» велошеруінің қатысушылары Қостанайға жетті

Зағип және нашар көретін спортшылар бұл жолы 5 мың шақырымды бағындырмақ. Олар Қазақстан, Ресей, Белорусь, Польша, Германия және Францияның 30 қаласын басып өтетін болады. Марафонға қатысушылар саламатты өмір салты мен паралимпиядалық спорт түрлерін насихаттауды мақсат тұтыпты.

«Біз өз мысалымызбен, ісімізбен мүгедек жандарға велосипед тебуге, бұл спортпен айналысуға әбден болады деген ойды қалыптастыру еді. Мүгедектердің спортпен айналысып, чемпион болғанына, білім алып, жұмысқа тұрып, тіпті бизнеспен айналысып, жұмыс орнын ашып отырғанына барлығымыз да куәміз» деді журналистермен кездескенде команда капитаны Бахтияр Базарбеков. 2016 жылы 5 адам осы велоспорт командасының негізін салған екен, қазір олардың қатары 16 спортшыға жетіпті.

Велошабандоз жігіттер осыған дейін Алматы – Астана, Алматы – Ыстықкөл бағыттарын игеріп үлгеріпті.

«Шекарасыз спорт» командасының мына бастамасы маған өте ұнады. Олар қоғамдық сананы өзгерту үшін осындай әрекетке барып отыр.Қазір мүмкіндігі шектеулі жандар көптеген іс тындырып жүргені белгілі. Бірақ жалпы қоғамдық сана өзгере қойған жоқ. Мүгедектер мен қоғам арасында әлі де кедергілер бар» дейді Қостанайдағы «Үміт-Надежда» мүгедектерге арналған қоғамдық бірлестік төрағасының орынбасары Аруна Жақсығұлова.

Бүгін велошабандоздар Қостанайдан Уфа қаласына жүріп кетті. Оларды құрамында дәрігерлер, видеоператорлар, механиктер мен аспаздар бар 4 машина бастап жүреді. Спортшылар атақты "Тур де Франс" велошеруінің отаны болған Парижге дейін әлі 4 мың шақырымды артқа тастайтын болады.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай