Қазақстан • 08 Тамыз, 2018

Жамбылда орман өртінен қорықшы опат болды

480 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жаз мезгілінде абайсызда тұтанатын қызыл жалынның қаупі арта түседі. Әсіресе орман-тоғайларды өрт алып, қарапайым халықты да, тиісті сала мамандарын да әбігерге салып жатады. 

Жамбылда орман өртінен қорықшы опат болды

Айтып келмейтін апат халықтың алаңдаушылығын тудырумен қатар, мемлекетке де орасан зиян келтіреді. Жамбыл облысының Қырғызстан Республикасымен шекаралас аймағының таулы бөктерінде өрт шығып, екі күн бойы жергілікті төтенше жағдай қызметкерлерін әбігерге салды. Тілсіз жауды ауыздықтауға 80-ге тарта адам мен 10 техника жұмылдырылған. Алайда адам мен техника күшіне бой бермеген алапат апат таулы аймақты біраз жайлады. Болжам бойынша құрғақ шөптің тұтануынан болған өрт 200 гектар жерді шарпыған.

Апат атып келмейді. Алапат өртті сөндіру кезінде Т.Рысқұлов ауданы, Ақыртөбе орман шаруашылығы мекемесінің орманшы-қорықшысы, Қайыңды ауылының 46 жастағы тұрғыны Асылбек Алтаев қаза тапты. Қызыл жалынмен айқас кезінде тау шыңынан аяғы тайып кетіп ажал құшқан азаматтың артында бес баласы қалды. Ал Ақыртөбе ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекеме басшысы Жандар Мұздыбаев та бұл оқиғаның жұмыс барысында болғанын айтып, қайғылы оқиғаның шынымен орын алғанын растап отыр. Ал асыраушысынан айырылған отбасының жағдайы айтпаса да түсінікті.

Биыл Жамбыл өңірінде ешқашан болмаған жаз болды. Күннің қызуы қырық градустан асып кетіп, тіпті тұрғындардың таңданысымен қатар, үрейін де туғызды. Алайда табиғаттың тосын мінезіне төтеп беру мүмкін емес. Сондықтан да әрбір азамат табиғатқа жанашырлықпен қарап, өрт қауіпсіздігіне жіті мән берсе екен дейсің. Ай мен күннің аманында арыстай азаматынан айырылып қалған Алтаевтар отбасының басындағы қайғылы жағдай енді қайталанбаса екен.

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы